Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты «Qamqor-Sharapat» салттық қызмет көрсету орталығының Шығыс Қазақстан облыстық өкілдігінің бөлімі өз жұмысын жоспар аясында іске асырып келеді.
Бұл саладағы ең басты шаруа ол діни рәсімдерді заманға сай оңтайландырып, халыққа насихаттау екені белгілі. Осы бағытта түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында «Qamqor-Sharapat» салттық қызмет көрсету орталығының ШҚО бойынша өкілі Ақзанбек Маушиан іс-шара өткізді.
Насихат жұмысы Глубокое ауданы «Оспан батыр» мешітінде өтіп, жамағатқа Qamqor-Sharapat» салттық қызмет көрсету орталығының іс-қызметі кең көлемде насихатталды. Кездесуде Ақзанбек Маушиан: «Жаназа және жерлеу рәсімдерінде ысырапшылдық болдырмау, халыққа ортақ мәдениет қалыптастыру, салт-дәстүрді ұлықтап, жаңғырту мақсатында салттық қызмет көрсету орталығы іске қосылып жатыр. Мақсатымыз – діни рәсімдерді және салттық шараларды оңтайландырып, ысыраптан аулақ болып, заманға сай әдеп қалыптастыру және осы бағытта халыққа қызмет көрсету» дей келе, өңірде осы бағытта жасалып жатқан шаруалар жайлы айтып өтті.
Жауапты өкіл сонымен қатар «Qamqor-Sharapat» қызметі жайлы және ҚМДБ-ның «Зират және зиярат мәдениеті», «Ас беру мәдениеті» құжатына сай жерлеу, ас беру, басқа да діни рәсімдерді өткізу жолдарын түсіндірді.
Кездесуде шараға қатысқан жамағаттың сауалдарына жауап берілді.