Қызылорда облысының Сексеуіл кентінде «Тілеуқұл ишан» мешітінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді.
Жаңа нысанның ашылу салтанатына генерал-майор Мұхаммеджан Таласов, ҚР Парламент мәжілісінің депутаттары Бақытбек Смағұлов, Геннади Шиповских, облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Сейітқалиұлы, Қызылорда облысының бас имамы Болатбек Ұласқанұлы, Арал ауданының әкімі Серік Сағитжанұлы, айтыскер, «Алтын домбыраның» үш дүркін жеңімпазы Мұхтар Ниязов және өзге де арнайы шақырылған меймандар мен кент халқы қатысты.
Сексеуілдегі дүбірлі тойда сөз алған бас имам Болатбек Ұласқанұлы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ыстық лебізін жеткізіп, демеуші азаматтарды ҚМДБ төрағасының алғыс хатымен марапаттады.
2019 жылы осы өңірдің төл перзенті, белгілі меценат Қадырберген Бедерұлының мұрындық болуымен құрылысы басталған мешіт ғимаратында бір мезетте 1000 адам құлшылық ете алады. Мешітте ерлер мен әйелдер намазханасынан бөлек екі дәрісхана және имамдар бөлмесі қарастырылған.
Айта кетейік, 1998 жылы қолданысқа берілген «Тілеуқұл ишан» мешітінің ескі ғимараты 150-200 адамға шақталған еді.