Сұрақ: Сауда-саттықтың да әдебі бар ма?
Жауап: Расында да Исламда әдеп нормалары өмірдің барлық қырын қамтыған. Себебі әрбір істе өз әдебі мен арнайы ережелері бар. Мысалы, ас ішу әдебі, қонақ күту әдебі, үйге кіру үшін рұқсат сұрау әдебі сол сияқты т.б.
Әдетте сауда-саттық әдебі деген уақытта сатушыға арналған (таразыда жемеу, тауар бергенде алдамау) әдеп нормалары айтылып, тұтынушыға тиіс болған әдептер баян етілмей қалады. Ислам қашанда екі тараптың да (сатушы мен тұтынушы, талапкер мен айыпталушы және т.б.) құқықтарының қорғалғаның көздейді. Сол үшін затты сатып алушыға да қойылатын әдеп ережелері бар. Бұлардың бастысы әрі негізгісі – сатушыны алдап, тауарын нарықтан қатты төмен бағамен сатып алу, бұлай жасауға болмайды. Әрине, сатушы алдындағы өнімін қалаған бағасына сатуға құқылы, алайда, сатып алушы оны алдамауы қажет.
Әбу Һурайра пайғамбардың (с.ғ.с.): «Қала сыртынан тауар әкеле жатқандарды қалаға жетпестен бұрын күтіп алмаңдар. Кім осылайша күтіп алып, онымен арзан бағада сауда жасайтын болса, онда білсін: тауар иесі қалаға келіп, базар нарығын білгеннен кейін сауда келісімін бұзуға немесе оны мақұл көруге құқылы», деп айтқанын жеткізеді (Ибн Мажә, Нәсаи).
Жалғас САНДЫБАЕВ