Сұрақ: Садақаның қанша түрі бар?
Жауап: Ислам адамдарды татулыққа және жақсылық жасауға шықырады. Ол үшін мұсылманның шынайы жасаған әрбір ісі сауаптан саналып, садақа болмақ.
Осылайша ислам адамды ізгілікке жігерлендіреді. Яғни садақа беру тек ақшалай емес, жақсылықпен де іске асады. Мұндай тәрбиемен өскен мұсылман шамасы келсе барлық уақытта жақсылық жасауға дайын.
Осы орайда Әбу Һурайрадан жеткен мынадай хадисы еске оралады:
«Алланың елшісі (с.ғ.с.): Адамдар арасындағы әрбір тату-тәтті өмір – садақа саналады. Күн шығып, екі адамның арасында әділдік орнап шуағын шашқан әрбір тәулік – садақа. Адамға жәрдем беріп, атына міңгізсең немесе көтеріп жүгін алып берсең – садақа. Жақсы сөз айту – садақа. Намаз үшін басқан әрбір қадамың – садақа және жолда (көлденең) жатқан нәрсені алып тастасаң – садақа деп айтты» – деген риуаяты еске оралады (Бұһари, Мүслим).
Демек, исламда жасалған әрбір жақсылыққа садақа жазылады. Бірақ, ескеретін бір ғана жағдай бар, ол – ниеттің тура болуы.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ