Сұхбат

Руслан ҚАМБАРОВ: ИШИМ. Ислам үшін күрес пе, әлде, қантөгiс пе?

– Руслан Миятбекұлы, алдымен ИШИМ-нің қандай құрылым екенін ашып берсеңіз…

– ИШИМ — террористік топ. Бұл содырлық топтың ислам дінімен ара- қатынасы сөз жүзінде ғана. Ал, іс-қимылдары түгел дерлік ислам қағидаттары мен құндылықтарына керағар. Күні бүгінге дейін жиһад ұранымен жазықсыз Сирия мен Ирақ халқын қырып, қос мемлекетті қанға тұншықтырып келуде. Мұсылманды – кəпір, қыз-келіншекті – олжа, бала-шағаны – соғысқа сарбаз, дүние-мүлкін талан-тараж етіп, бейбіт елдің тағдырын талқан етті. Құран Кəрімде: «Кім бір иманды адамды əдейілеп өлтірсе, оның жазасы жаһаннам болып, ол онда түпкілікті қалады. Əрі Алла оған ашуланып, оны лағнеттейді жəне ол үшін өте үлкен азап əзірлейді» (Ниса: 93) деген ескерту бар. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) болса, қоштасу қажылығында: «Ақиқатында сендердің қандарың, мал-мүліктерің бір-бірің үшін қастерлі, қол сұғуға болмайды. Мына, қажылық күніндей – қастерлі, қажылық айындай – қастерлі, Мекке қаласындай – қастерлі» деп өсиет еткен. Бұл топты ИШИМ деп атаудың өзі дұрыс емес. Олар – қылмыскер, қандықол қарақшылар. Бұл тобыр үшін ешбір қастерлі, киелі құндылықтар жоқ. Ұрандары болса, бос сөз. Ислам адам баласы тұрмақ, жануар екеш, жануардың өзін қорлауға тыйым салады. Ал, бұл тобыр періштедей баланы да, ақжаулықты ананы да, қала берді қарт-кемпірді де аяп жатқан жоқ.

– ИШИМ халифат па? Олардың жиһад дегені не?

– Адамды өлтіру Алла тағалаға серік қосу секілді – үлкен күнə. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ең үлкен күнəлар: Аллаға серік қосу, адам өлтіру, ата-ананы ренжіту жəне жалған куəлік беру» деген.

Сонымен бірге, хадисте: «Кімде-кім менің үмбетіме қарсы шығып, жақсысын да, жаманын да өлтірсе, мұсылман деп ажыратып жатпаса, уəделескен тарап үшін уəдесінде тұрмаса, ол менен ал, мен одан емеспін» деп айтылған. Бұл террористік топ өз қылмысын, зорлық-зомбылығын ақтау үшін дін атын жамылуда. Тіпті, «Бұл – діннің əмірі, дініміз осылай бұйыруда» деп жатыр. Олардың əрекеттері ақиқат діні – исламды құбыжық етіп көрсету. ИШИМ мұсылмандарды өлтіруде. Жер бетінде бұзғындық жаюда. Қарулы əскерді де, қарусыз бейбіт адамды да ажыратпай жаппай қыруда. Мұндай топтың Аллаға жəне Елшісіне қарсы шыққандығы Құран Кəрімде: «… Ал кім Аллаға жəне Елшісіне бойұсынбаса, онда анық адасуға түседі» деп айқын айтылған. Ең қорқыныштысы, олар мұсылмандарды өлтіру, азаптау, өртеумен Алланың əмірін орындағандай көңілде. Хадисте: «Кімде-кім мұсылманды өлтіріп, оған қуанатын болса, Алла тағала оның ешбір амалын қабыл етпейді» деп ескерткен. Бұл топқа қатысы бар адам құрдымға кетеді. Оның өлімі шейіттік емес, надақты өлімге телінеді. Əбу Һурайра (р.а.): «Кімде-кім соқыр тудың астында жалған ұранға шақырып, сол ұранды қолдап өлсе, оның өлімі надандық өлім» деген риуаят жеткізген. Міне, ИШИМ-нің жиһады осы. Діни тұрғыдан мақсаты – белгісіз, мұраты – бұлыңғыр, көсемі – өзін-өзі халифа жариялаған біреу. ИШИМ-ның артында тұрған кім, мұндай сұм жоспарды құрушы кім? Біздің көріп тұрғанымыз тек марионеткалар. Тізгін кімнің қолында? Бұл жағы көп ұшты. Көптеген болжамдар айтылуда. Алайда, бір анық жайт – ИШИМ – ислам емес.

– ИШИМ-ге қосылу үшін қазақ жастары сонау Сирия жеріне қалай кетуде?

– Сіз бен біздің білетініміз, ИШИМ-ге тек қазақ жастары емес, көптеген мемлекет жастары барып қосылуда. Тіпті, Еуропа мен Австралиядан да бар. Тұзаққа түсіп жатқан жастардың басым бөлігі санасы дұрыс қалыптаспаған, отбасылық тəрбиесі нашар, ұлттық салт-дəстүрден алыс жəне орыс тілді жастар. Сонымен бірге, Ислам діні жайлы теріс ақпарат алғандар. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Қиямет күні өлтірілген адам өзін өлтіргенді Алланың құзырына басы мен шашынан ұстап алып келіп, мойындағы тамырларынан қан ағып тұрған күйде: «Раббым! Мынадан сұра, мені не үшін өлтірді» деп қайта-қайта Аршының жанына алып келеді» жəне «Егер олар бір нəсілшілдік үшін соғысса, нəсілшілдік себепті ашуланса, нəсіл шіл дікке жақтасып жүріп өлтірілсе, ол надандық өліммен өлгені» деген.

– Соңғы кездері, дінге ден қойған жастардың кейбірінің арасында «тəкфир» деген ұғым бар. «Намаз оқымасаң, кəпірсің» дейді, бұл қалай?

– Мына бір хадиспен жауап берейін. «Бəну Исраилде екі ағайынды жігіт болған екен. Біреуі – ғибадатшыл, екіншісі – күнəһар. Ғибадатшылы бауырына: «Құдайдан қорықсаңшы!» дейтін көрінеді. Ол болса: «Раббым мен менің арамызға кірме, жөнімізге қалдыр. Маған тиіспе. Сен маған бақылаушы боп жіберілдің бе?» дейді екен. Сонда ғибадатшылы: «Уаллаһи, Алла сені кешірмейді, Алла сені жəннатқа кіргізбейді» деген екен. Қысқасын айтқанда, бауырына кəпір деп үкім шығара салған. Өйткені, Құранда: «…Өйткені, кім Аллаға ортақ қосса, расында Алла оған жəннатты харам етеді…» деп баяндалады. Екеуі қайтыс болып, жандары Алланың құзырында кездеседі. Сонда Алла тағала ғибадатшылға: «Сен Мені білуші ме едің? Сен Менің құзырымдағы биліктен хабардар ма едің? Кімді жəннатқа, ал кімді тозаққа кіргізуді Маған сен бұйырып айтасың ба?» дейді. Алла тағала күнəһарға: «Бар, Менің мейіріміммен жəннатқа кір. Ал, сен тозаққа кет» деген екен. Хадисті жеткізуші Əбу Һурайра (р.а.): «Уаллаһи, ол дүниесі мен ақыретін астаң-кестең еткен сөз айтқан еді» деп ғибадатшылдың тозаққа түсуіне себеп болған жағдайды айтады.

– Бəрімізге белгілі, ИШИМ-нің басты бағыты – жиһадты бұрмалап жеткізу. Жиһадқа жалпы түсінік берсеңіз?

– Жиһад – күрес. Жиһад жағдайға байланысты қаламмен да, қылышпен де жүреді. Жиһад – адамның өз нəпсісімен немесе дұшпанымен күресі. Қолға қару алып жиһад жасау шариғатта бар. Ата-бабамыз қазақ жерін жаудан ақ білектің күшімен, көк найзаның ұшымен қорғағаны – жиһад. Бұрын 1941-1945 ж.ж. ата-апаларымыз фашизммен соғысты. Бұл да – жиһад. Қолға қару алып жиһад жасау үшін шариғатта көрсетілген арнайы шарттары бар. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жəне одан кейінгі халифалар жиһад жасаған. Жауға қарсы соғысқан. Алайда, қолында қаруы бар əскермен ғана. Тыныш жатқан елге барып қантөгіс жасамаған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұсылман əскерлеріне: «Алла атымен аттаныңдар, Алланың жəне Елшісінің дінімен жүріңдер. Қарт адамды, баланы, əйелді өлтірмеңдер…» десе, халифа Əбу Бəкір (р.а.): «Əйелді, жас баланы, қарт адамды өлтірмеңдер. Жеміс ағашын кеспеңдер. Ғимаратты қиратпаңдар. Қой мен түйені тек жеу үшін ғана бауыздаңдар…» деген. Фиқһтың бір тарауы жиһад мəселесін қамтиды. Сирия ғұламасы, əлемдік фиқһ академиясының мүшесі, көп жылдар бойы Дамас университетінің «Ислам фиқһы жəне мәзһабтар» кафедра меңгерушісі қызметін атқарып келе жатқан Уаһбат Зухайли – фиқһ бойынша «Ислам фиқһ энциклопедиясы жəне заманауи мəселелер» атты 14 томдық төрт мәзһаб көзқарасын қатар жазған бірегей еңбек авторы. Аталмыш еңбектің 7-томында жиһад жайында былай жазылған: «Бұрынғы жəне қазіргі заманда соғыс – екі мемлекеттің немесе мемлекет негіздерінің бірі саналатын бір халықты білдіретін мемлекеттік сипаттағы екі тұлғаның арасындағы күрес. Мемлекеттің негізі – оның жері немесе отаны, халқы немесе ұлты, билігі немесе жоғарғы саяси басқару құрылымы. Міне, бұл – мемлекет. Екі тараптың соғысы белгілі əскери құрылыммен шектеледі. Соғыстың залалы бейбіт тұрғындарға, атап айтқанда, əйелдерге, балаларға, дін адамдарына, шаруа, саудагер, өнерші мен жұмысшылар жəне т.б. сол сияқты адамдарға тимеуі тиіс. Оларға қарсы қару көтерілмейді. Соғыс жарияланған соң қатер төнеді, жер, су жəне ауадан қауіп келеді. Міне, мұның барлығына да заң бойынша мемлекет жауапты. Мемлекет соғыс талаптарына, жүйелі əскер қимылын толықтай қадағалайды. Мемлекет басшысы өз кезегінде қарулы күштердің бас қолбасшысы болып табылады. Бас қолбасшы ретінде соғысты жариялаушы жəне оның біткенін мəлімдеуші жауапты тұлға – мемлекет басшысы. Сонымен бірге, қарулы қақтығысты реттеу мақсатында екі мемлекет аралық бейбітшілік пен тыныштықты орнату үшін уақытша немесе толықтай келіссөздер жасау бас қолбасшы құзіретінде. Мұның барлығы халықтың мүддесіне қарай жасалады». Міне, қысқаша айтқанда, осы. Ал, ИШИМ-нің «жиһады» жиһад емес. «Сен де бір кірпіш дүниеде, кетігін тап та бар қалан» деп Абай атамыз айтқандай, өмірде өз орныңды тауып, өз арбаңды өзің сүйреп, елге титтей пайдаң тисе, ол – сенің жиһадың.

– Кейбір азаматтар елімізді мұсылман мемлекеті емес, «тағұт» елі деп жер аударып, һижрет жасауда. Неге олар «астынан су шыққандай» бұлай бүлінуде? Қазақстан «тағұт» еліне жата ма?

– Тағұт – күнə жасауда шектен шығушы. Бұл сөзді көп қолданатын ағым – такфир жамағаты. Аталмыш ағым өкілдері «бізбен бірге еместің барлығы бізге қарсы» ұранымен такфирлік идеяны құптамайтындарды тағұтқа табынушы, зайырлы мемлекетті тағұт елі деген қате əрі қауіпті нанымды ұстанады. Əрине, мұсылмандар тағұттың не екенін білгені дұрыс. Оның жауабын Құраннан іздеген жөн. Құран Кəрімде: «…Ал, күпірлік етушілердің достары – тағұт, оларды нұрдан қараңғылыққа шығарады…» деп айтылған. Бұл аяттың түсінігін классик тəпсіршілер еңбегінен көру қажет. Ибн Касир: «Тағұт – адамдардың Алладан басқа табынатын барлық нəрселері жəне шайтан» деп жалпылама айтса, имам Табари нақтылап: «Тағұт жайлы менің ұстанымымдағы ең нақты анықтама: Аллаға қарсы шыққан əрбір жан. Осылайша, Алладан басқаға күштеп немесе өз еркімен құлшылық еткен адам. Құдай деп санағаны мейлің адам, шайтан, пұт жəне не нəрсе болса да» деп түйген. Демек, тағұт – шайтанның жолын ұстану. Ал, ислам қағидаттарын ұрпақтан ұрпаққа тал бесіктен сіңіре білген қазақ елін тағұт жұрты деу – күйе жағу. Қазақ руханиятынан бейхабар арампиғылдылар сөзі. Бұл – сіз бен біздің иманымызға қол сұғушылық. Бұған жол беруге болмайды. Құранның баға жетпес мағыналарын такфирлік призмасымен түсіну адасушылыққа алып барады. Шариғатта дарул-муслимин – мұсылмандар өмір сүретін мемлекет деген ұғым бар. Дарул-муслимин мəртебесіне ие болу үшін негізгі үш шарт талап етіледі. Олар, бірінші, халықтың басым бөлігі мұсылман болуы. Екінші, елді мұсылман басшы басқаруы. Үшінші, ислам парыздарын орындауға жағдай жасалуы. Бірінші жəне екінші шартына келсек, «Біз түбіміз – түрік, дініміз – ислам, кітабымыз – Құран» деген Елбасының сөзінен артық дəлел қажет емес. Ал, 3 мыңға тарта мешіт, 10 шақты медресе, жұмадағы мешіт жамағатының көптігі, Құрбан айттың ресми мереке деп танылуы – халықтың құлшылық етуіне толық жағдай жасалғанының айғағы. Демек, Қазақ елі – мұсылмандар елі.

– Әңгімеңізге рахмет

Сұхбаттасқан Жайық НАҒЫМАШ

Толығырақ

Басқа жаңалықтар

Close