Құдіреті шексіз Алла Тағаланың тылсым сипаттарын біздің шектеулі ақыл санамызбен, түйсігімізбен түсіну мүмкін емес. Негізінде, адам баласы не нәрсені болмасын мына өмірде өз көрген-білгенімен салыстырғанда ғана барып ұғынады. Алайда, ғұламалар: «Ақылға салып қалай пайымдасаң да Алла бәрібір оған ұқсамайды» деп ескерткен. Осы себепті, әһлі сүннет ғұламалары: «Алла тағала кейіннен жаратылғандардан өзгеше, Олардың ешқайсысына ұқсамайды» деп сипаттаған.

Кейбір зертеушілер «Тәңіріңнің әмірімен періштелері сап-түзеп келген сәтте» деген « Әл-Фәжр» сүресінің 22 аятындағы «жәә» – «келді» етістігін Алла Тағаланың өзіне байланыстырып жатады. Әрине бұл дұрыс емес. Дұрысы, «Алланың әмірі келген кезде» деп түсіну қажет.

 Әсілінде бұл аят «муташабиһ» – бірнеше мағына беретін, астарлы сөзге бай аяттардың қатарына жатады. Муташабиһ аяттарды дұрыс түсіну үшін ақида біліміне сүйенгеніміз орынды болады. Сондықтан да, бұндай аяттарды түсіндірген кезде «Әһлі сүннет уал-жамағат» – сүннитердің ұлағатты ұстазы Имам Әбу Мансур әл-Матуридидің тәпсіріне жүгінгеніміз жөн. Ол аталмыш аятты былай түсіндіреді:

– Негізінде, аяттағы «келді» сөзін Алла Тағалаға тіркеп (Алланың өзі келеді деген сияқты), ұшқары пікірден сақтанғанымыз жөн. Өйткені, теология ілімінде «келді» сөзіне бір ғана мағына сиғызбаған. Тәңірді іс-әрекетке қатыстыра қарау бір басқа да, дене мен тұлға ретінде қабылдау бір басқа. Ал, Алла Субхана уа Тағала дене де емес, іс-әрекет сияқты құбылыстың өзі де емес. Сондықтан, бір физикалық дененің келгеніндей Алла Тағалаға дене сипатын және де сол денеден пайда болатын құбылыстық сипатты да байланыстыруға болмайды. Яғни, егер келу сөзі физикалық денеге байланыстырылса, онда, бір орыннан екінші орынға қозғалу деп түсініледі. Бұл физикалық денеден тұратын жаратылыстың сипаты. Ал Алла Тағаланы жаратылысқа ұқсатпау, ислам ақидасының негізгі қағидаты «Ол (Алла) ешнәрсеге ұқсамайды» («Шура» сүресі, 11-аят). Ал егер, келу сөзі белгілі бір құбылысқа тіркелсе, онда, сол құбылыстың үстем болғанын көрсетеді. Мысалы: «Алланың жәрдемі келген кезде» («Наср» сүресі, 1-аят). Мағынасы, Алланың жәрдемі үстем болған кезде дегенді білдіріп тұр. «Жәрдемі келді» дегенде бір орыннан екінші бір орынға қозғалды деген мағына тумайды ғой?! Аятты «Алланың әмірі келді» деп тәпсірлеген дұрыс. Оған «Нахл» сүресінің: «Олар періштелердің немесе Рабыңның әмірінің келуін күтеді ме?»-деген 33-аяты нақты дәлел болады (Құрандағы муташабиһ аяттарды мухкәм аяттармен тәпсірлеу ақида ғалымдарының берік тәсілі). Өйткені бұл аятта «келу» сөзін Алла өзіне емес «Рабыңның әмірінің келуін» деп, әміріне, бұйрығына тіркеген (Әл-Матуриди тәпсірі).

Сондықтан, сіз кезіккен уағыздың бәрі бірдей дұрыс емес! Діни сауатыңызды арттырғыңыз келсе, уағызды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми қызметкерлерінен тыңдап, еліміздегі дәстүрлі дінімізді насихаттайтын www.muftyat.kz, www.e-islam.kz сияқты ресми сайттардан ізденуді ұсынамын.

Пікір жазу