Биыл мемлекетіміз қастерлі тәуелсіздіктің 30-жылдығына қадам басты. Белгілі бір кезең сайын әр мемлекет өзінің өткен тарихына үңіліп, қол жеткізген жетістіктерін саралап, болашағының бағдарын айқындап отыратыны жалпыадамзатқа ортақ заңдылық. Тәуелсіздіктің бірінші күнінен бастап, Елбасының ұлттық саясатты қалыптастырудағы негізгі бағдарлары нақты белгіленіп, алдағы уақытта мемлекеттік саясаттың дұрыс бағытта болуына елеулі ықпал етті.

Қазақстанның халықаралық қатынастар мен әлемдік деңгейдегі бастамаларын саралай келе, олардың басым көпішілігін конфессияаралық және өркениетаралық диалог пен келісім мәселелері құрайды деп тұжырымдауға болады. Өркениетаралық диалог мәселелесінің өзектілігі мен қажеттілігінің басты себебі қазіргі әлемде орын алып отырған діни негіздегі түсінбеушіліктер мен қақтығыстардың қарқынды өсуінде. Көп жағдайда дін құрал ретінде қолданылып, өзінің шынайы мақсаты мен әлеуетін жүзеге асыра алмай, адами фактордың әсерімен аймақаралық шиеленістің орын алуына да себепші болып қалады. Сондықтан, халықаралық деңгейдегі осындай мәселелерді талдай отырып, мемлекет басшылығы Қазақстанда бейбітшілік пен келісімді сақтау мәселесіне жіті назар аударып, әрдайым өзекті мәслелер санатынан тыс қалдырмайды.

Келісім мен ынтымақтастық, диалог мәселелері әрдайым өзекті болып қала бермек. Тарихи тұрғыда әр кезең ойшылдарының диалог философиясына қатысты тұжырымдарын қарастырсақ, бұл ұғымның ауқымы өз дәуіріне орай өзіндік мағынаға ие болған. Ал қазіргі жаһандану дәуірінде диалог ұғымының ауқымы кеңейгендігі соншалықты, диалог құру, өзарабайланыс орнату әлем күн тәртібінің ең өзекті тақырыптарының біріне айналып отыр. Қазіргі уақытта ұлттық, аймақтық, мемлекеттік қауіпсіздік ұғымының аясы да кеңейе түсті, еш мемлекет өз аймағының қорғалғандығы туралы нақты сеніммен айта алмайды, себебі қауіп іштен де сырттан да болуы мүмкін. Сондықтан, әлемдік деңгейдегі халықаралық жетекші ұйымдар бірінші кезекке келіссөздер мен өзаратүсіністік мәселесін басты мақсаттар санатына қойып отыр.

Конфессияаралық және өркениетаралық келісімнің ең маңызды әлеуеті ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де бітімгершілікке бастай алатынын мемлекетіміз әлемге дәлелдей білді. 2000-жылдардың басында конфессиялар мен халықтарды жақындастыру үшін 2001 жылдың қыркүйегінде Рим Папасы Иоанн Павел II-нің ел астанасына тарихи сапары, 2002 жылы маусым айында Алматыда АӨСШК-нің бірінші саммиті, сондай-ақ, 2003 жылы ақпан айында Халықаралық бейбітшілік және келісім конференциясы ұйымдастырылды.  Мұндай игі бастамалар өз жалғасын тауып, Қазақстан Республикасы БҰҰ-ның толық құқылы мүшесі және ШЫҰ, ТМД, ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ҰҚШҰ сияқты басқа да ірі халықаралық және мемлекетаралық ұйымдардың мүшесі ретінде қызмет жасауға үлесті.

Қазіргі уақытта Қазақстан әлемнің 183 мемлекетімен дипломатиялық қатынастар орнатты, сонымен қатар 70 шетелдік өкілдіктерін ашты. Жалпы, Орта Азия мен Еуразиялық құрлық үшін, Қазақстанның бейбітшілік пен келісімді нығайтуға бағытталған бастамалары үлкен мәнге ие.

Қазақстанның этносаралық және конфессияаралық келісімді қолдау тәжірибесін әртүрлі мемлекеттер мен БҰҰ, ЕҚЫҰ, ИЫҰ және ЮНЕСКО секілді халықаралық ұйымдар қызығушылықпен зерттеуде, оған дәлел ретінде шетелдік үкімет көшбасшыларының, қоғам қайраткерлері мен діни ұйымдардың ынтымақтастық құрып, ашық өзарабайланыс орнатуға әзірлігі болып табылады.

Жан-жақты сараланып, ұйымдастырылған бұл іс-шаралар Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін өткізу туралы ауқымды бастаманың туындауына елеулі ықпал етті. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен ұйымдастырылған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 6 Съезінің әлем назарына ұсынар игі бастамалары мен тың жобалары жетерлік.

Бұл ретте Елбасы өз сөзінде: «… Әр діннің өз қасиеті бар. Олар қашанда қазақстандықтарды біріктіріп, бейбітшілік пен келісім, қоғам мен экономиканы дамыту, мемлекетті нығайту ісіне қызмет етуі тиіс….Біз өзіміздің тұрақтылық және келісім моделін дамытуда айтарлықтай табыстарға жеттік. Қазақстан Конституциясы нәсілдік, этностық, діни және әлеуметтік қатыстылығына қарамастан, барлық азаматтың құқықтық теңдігіне кепілдік береді», – деп Қазақстанның дінаралық келісімді сақтаудағы басты бағдарын айқындап берген еді.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Пайғамбар (с.ғ.с.) орнатқан дінаралық келісім

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев конфессияаралық келісім мен тұрақтылықты сақтаудың Қазақстан үшін әрдайым өзекті екендігіне жіті назар аударып келеді. Сондықтан, Съез делегаттарының 2018 жылы Алтыншы Съезд жұмысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың бейбітшілік пен дінаралық келісім жолындағы жаһандық ынтымақтастық құру үрдісіне қосқан үлесін мойындай келе «Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі                         Н.Назарбаев орталығын» құру жөнінде бастамасына қолдау білдірді.

Орталықтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің жұмыс құрылымы ретінде басты мақсаты Қазақстанды конфессияаралық және өркениетаралық диалогты қамтамасыз ететін халықаралық орталықтардың бірі ретінде дамытуға бағытталған. Бұл ретте, Орталық 2019 жылдың 18 қыркүйегінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының XVIII отырысын, сонымен қатар түрлі деңгейдегі халықаралық конференцияларды, конфессияаралық келісімді нығайтуға бағытталған ортақ жобаларды нәтижелі өткізіп келді. Орталықтың халықаралық серіктестері жүргізіліп отырған қызметке оң баға беріп, халықаралық деңгейде ынтымақтастықты дамытуға барынша қолдау білдіріп келеді. Өз кезегінде Бүкіләлемдік ислам лигасының Бас хатшысы Мұхаммед ибн Абдул Карим әл-Иса: «Бүкіләлемдік ислам лигасы Қазақстанның түрлі дін өкілдеріне, соның ішінде ислам мәдениетіне, жалпы өзге де ұлттардың салт-дәстүрлері көрсетіп жатқан құрметін жоғары бағалай отырып, адамзаттық бауырластықтың қосқан үлесіне зор құрмет көрсетеді», – деп ерекше ықыласын жеткізген болатын.

Ал, Жаһандық толеранттық пен бейбітшілік кеңесінің Төрағасы Ахмет әл-Жаруан: «Мен өз атымнан Сіздердің әлем бойынша бейбітшілік пен төзімділіктің таралу мақсатындағы қажырлы еңбектеріңізді жоғары бағалаймын. Осы ретте, дұрыс идеология мен бейбітшілікке үндеп отырған Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының орыны айырықша», – деп Орталық қызметіне жоғары баға берді.

Қазіргі уақытта Орталық халықаралық құрылымдармен өзара әрекеттесу және ынтымақтастық құру бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесі бойынша беделді халықаралық ұйымдармен серіктестік орнатты. Атап айтсақ, Орталық БҰҰ Өркениеттер Альянсымен,  Халықаралық мәдени дипломатия институтымен, Исламабад Халықаралық ислам университетімен, Қасиетті Тақтың Дінаралық жөніндегі Папалық кеңеспен, Алматы қ. ЮНЕСКО бюросымен серіктестік туралы Келісімдер мен меморандумдарға қол қойды. Бұл өз кезегінде жаһандық деңгейде конфессияаралық келісімді нығайту бойынша Қазақстанның игі бастамаларын жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясының жалпысаяси дебаттарында сөйлеген сөзінде әлемдік қауымдастық төзімділік, өзара түсіністік және мәдени алуантүрлілік идеологиясын табандылықпен ілгерілетуге, сонымен қатар «Жаңа әлем» парадигмасын құруға байланысты ортақ адамгершілік парызды атқару мәселесін ойлану қажеттілігіне басты назар аударған болатын.

Мемлекет өз саясатында сыртқы елдермен ынтымақтастық құруға әрдайым мүдделілік танытады. Себебі, қазіргі қоғамда көпшілік қауым тәжірибе алмасу, өзгелерге деген ашықтық, дамуға деген ынта жаңа мүмкіндіктер мен әлемдік деңгейге ұмтылуға серпін беретінін түсінеді. Дүниежүзінде орын алған пандемия жағдайында да әлемнің қаншалықты бір-бірімен тығыз байланысты екендігіне толық көз жеткіздік. Сондықтан, жаһандық даму дәуірінде бірінші кезекте өзара түсіністік, қолдау көрсете білу, диалог, ынтымақтастық құру мәселелері өзекті мәселелердің бірінші қатарында әрдайым болатыны анық.

Л.Қалыбекова,
Әдістемелік жұмыс департаментінің
бас сарапшысы

Пікір жазу