Сұрақ: Қатемді біліп, тәубе ету маған не пайда бермек?
Жауап: Қадірлі пайғамбар (с.ғ.с.) өзінің хадистерінде күнәдан кейін тәубе жасаушы – еш күнә жасамаған адамдай тап-таза болатынын айтып сүйіншілеген (Ибн Мәжаһ 4250).
Негізінде тәубе етудің еш қиындығы жоқ. Ең қиыны, тәубе ету үшін шешім қабылдау. Пайғамбар (с.ғ.с.) күн сайын 100 рет Алладан кешірім сұраған, көп тәубе жасаған (Бұһари 3).
Адам пенде болған соң күн сайын үлкенді-кішілі күнә жасап қою ықтималы жоғары. Алайда, пенде мейірімі шексіз Раббының бар екенін естен шығарып қойып жатады. Егер адам қатесін түсініп:«Мені кешіргейсің!» деп шынайы тәубе етіп, жарылқау тілесе Оның мейіріміне бөленеді.
«Алла Тағала былай деп бұйырды: «Ей адам баласы! Сен маған дұға қылғанға дейін және сені кешіруімді күткенге дейін, жасаған күнәларың қаншалықты көп болса да, олардың үлкендігіне қарамастан сені кешіретін боламын!
Ей Адам баласы! Егер күнәларың көк жүзін қаптайтындай көп болса, сонан соң Менен кешірімді қаласаң, кешіремін!
Ей адам баласы! Сен жер бетін толтыратындай күнә жасап, алдыма келер болсаң, алайда маған ешнәрсені ортақ қоспаған болсаң, еш шүбәсіз, Мен де сені жер жүзін толтыратындай кешіріммен қарсы аламын!» (Термези 3540).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ