Пасха аралында тұтанған алапат өрт маои деп аталатын әйгілі мүсіндерді де шарпып, бірнешеуін күйдіріп тастады.
Әсіресе ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасы тізіміне енетін Рано Рараку жанартауының айналасы қатты өртенді. Сол жерде жүздеген мүсін мен сол тастарды алған карьер бар.
“Өрт 60 гектар жерге жайылды, сол аймақтағы бірнеше маоиге зақым келді”, – деді Чили мәдени мұралар министрінің орынбасары Перес Даттари.
“Өрт тиген мүсіндерді қалпына келтіру мүмкін емес”, – деп мәлімдеді Пасха аралының мэрі Педро Эдмундс.
Айта кетсек, Пасха аралы Чили мемлекетіне қарайды. Құрлықтан 3500 шақырым жерде орналасқан. Маоилерді аралды мекендеген полинезиялықтар қашап жасаған. Зерттеушілердің айтуынша, мүсіндер шамамен біздің заманымыздың 1100-1600 жылдар аралығында пайда болса керек.
Осыдан 3 ай бұрын ғана пандемиядан кейін Пасха аралы туристерге қайтадан есігін ашқан болатын.