Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Үш адамның дұғасы қабыл болады, ол кісілермен Алла тағаланың арасында перде болмайды. Олар: ата-ананың баласына жасаған дұғасы; мүсәпірдің дұғасы; зұлымдыққа ұшыраған адамның дұғасы», – делінген.
Ендеше, бұл мақаламызда дұға жасағанда Алламен арасында перде болмайтын осы үш адамға тоқталғанды жөн көрдік.
Қай ата-ана болмасын, өз баласына тек қана жақсылық тілері анық. Өрісінің кеңейіп, ұрпағының жалғасуын қалайтын кез келген ата-ана Алладан өзегін жарып шыққан үрім-бұтағы үшін өмірдің игілігін ғана тілейді.
Қасиетті Құран Кәрім ата-ана мен бала жайлы не айтады? «Исра» сүресінің 23-24-аяттарында Ұлы Алла тағала: «Раббың, Өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: «Түһ», – деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ, ол екеуіне зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле. Ол екеуіне кішірейіп мәрхамет құшағын жай да: «Раббым! Ол екеуі мені кішкентайда тәрбиелегендей Сен де оларды мәхаметіңе бөлей көр!» – де», – дейді.
Ал Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Ата-анаға мойынсұнбау – Алла тағалаға мойынсұнбағанмен тең», – делінген.
Міне, осылайша қасиетті Құранда Алла тағаланы бір деп танығаннан кейін ата-анаға бойсұну, оларды құрметтеу, т.б. жақсылықтарды жасау бұйырылған. Бұл – Алланың жолы, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті. Бұл өсиеттер ата-ана мен бала арасындағы махаббаттың қандай дәрежеде болуы керектігін анық айғақтап тұр. Балалары үшін жасаған дұғасын қабыл ететін Алла тағала ата-анаға деген баланың да құрметі мен сыйластығы болуы қажеттігін ескертеді.
Жоғарыда аталып өтілгендей, қабыл болатын дұғалардың тағы бірі – мүсәпірдің дұғасы. Қазақта «мүсәпір» деген «үй-жайсыз қалған бейбақ», «ешкімі, ештеңесі жоқ бейшара ғаріп жан» деген бір жақты мағынаға ие болып кеткен. Сондықтан құлаққа түрпідей тиеді Ал араб тілінде бұл сөз «сапарда жүрген жолаушы» немесе «сапар қиыншылығын көрген жолаушы» деген мағыналарды білдіреді.
Шын мәнінде, жолаушының жолы өте үлкен. Біздің ата-бабаларымыз да: «Қырықтың бірі – қыдыр, мыңның бірі – уәли», – деп жолаушыны қонақ етіп, малын сойып, қазанын көтеріп күткен. Бар дәмдісін қонағының алдына тосқан. Мұның барлығы да дініміздегі Алланың бұйрықтарының дәстүрлі түрде халықтық қасиетімізге енгендігін көрсетеді.
Қасиетті Құранда зекет берілетін адамдардың қатарында жолаушылар да бар. Хазреті Айша (р.а.) анамыз риуаят еткен хадисте: «Бірде үйіме қасында қаршадай екі қызы бар бір жарлы мүсәпір әйел келді. Оларға үйімде бар үш тал құрманы бердім. Әлгі ана құрманың екеуін екі қызға берді де, үшіншісін өзі жемек болды. Сөйтіп әлгі құрманы аузына сала бергенде, екі сәбиі бірдей қолдарын созды. Сонда бейшара ана өзі жемекші болған құрманы теңдей етіп екіге бөлді де, балаларына берді. Әлгі әйелдің аналық мейірімі мені қатты тәнті етті, болған оқиғаны Пайғамбарымызға (с.ғ.с) айтып бердім. Сонда Ол (с.ғ.с): «Алла тағала ол әйелге аналық мейірімі үшін жәннатты нәсіп етті, яки оны тозақ отынан құтқарды», – деп айтты».
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қонақты күту жайындағы хадисінде: «Қонақ бір үйге келер кезде он несібемен келеді, оның біреуін ғана өзі пайдаланып, қалғанын сол үйге тастап кетеді», – делінсе, ата-бабаларымыз: «Қонақ есіктен кірсе, несібе тесіктен кіреді», – деп пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөзін қуаттаған.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде: «Кімде-кім қонағым разы болсын деп дастарқан жайып, сол дастарқанға 1 дирхам шығын шығарса, Алла тағала ол кісіге 1000 дирхам садақа берді деп сауап жазады», – делінген.
Міне, шаңырағымызға келген қонақты, яғни жолаушыны күтіп, разы қылып күтіп шығарып салып жатсақ, ол кісілердің сіз үшін жасаған дұға-тілектері күмәнсіз қабыл болады. Ал: «Қонағын жақтырмаған үйдің көрпесі құлайды немесе баласы жылайды», – дегендей, көрпенің құлауы, баланың жылауы, ыдыс-аяқтың сылдырауы, т.б. мәселелер қонақтың көңіліне қаяу түсіріп жатса, олардың ренжіп айтқан сөздері де қабыл болып кетуі мүмкін. Құдай осыдан сақтасын.
Қабыл болатын дүғалардың енді бірі – зұлымдыққа ұшыраған адамның дұғасы. Зұлымдыққа ұшыраған адам деп біреуден жәбір көрген, нақақтан-нақақ жала жабылған, біреу үшін күйген, т.б. жандарды айтамыз. Қазіргі қоғамымызда мұндайлардың көптеп кездесіп жатқаны жасырын емес әрі өкінішті.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде: «Шынайы мұсылман – тілімен және қолымен өзге мұсылман бауырына зияны тигізбеген адам», – делінген. Сонымен қатар, Алла Елшісі (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде 6 нәрсені жасауды бұйырады:
- Ауырып қалған науқастың хәлін сұрау;
- Бір кісі қайтыс болса, жаназа намазына қатысып, марқұмның артынан дұға ету;
- Бір кісі түшкіріп қалса: «Әлхамдулилләһ» («Алла сізді мейіріміне бөлесін») деп айту;
- Зорлық-зомбылық көрген адамға көмек, қолдау көрсету;
- Сыйлап, шынайы ықыласпен шақырылған жерге бару;
- Мұсылмандардың бір-біріне сәлем беріп, жақсы тілектерді жолдап, тілектестік жасауы.
Осы хадисте айтылғандай, зорлық-зомбылық көрген кісіге қол ұшын созу – мұсылманның міндеті. Зұлымдық, аманатқа қиянат жасау – халқымыздың табиғатына жат.
Қасиетті Құранда: «Сондай-ақ, жауыздық (зұлымдық жасау) кісі өлтіруден де зор (ауыр күнә)», – делінген («Бақара» сүресі, 217-аят); «Залым болғандарға (адамдарға жәбір көрсеткендерге қиямет күні де, бұл дүниеде де) жанашыр дос та, сөзі өтетін шапағатшы (ара түсуші) да табылмайды» («Мүмин» сүресі, 18-аят), – делінеді. Түсінген адам үшін зұлымдық жасаушылардың ертеңгі күнінің қалай болатындығы осыдан-ақ анық көрінеді. Ондайларға қиямет-қайым кезінде ешкімнің де арашашы бола алмайтындығын: «Қиямет күні залымдарға, қиянатшылдарға қол ұшын беретін бірде-бір жәрдемші болмайды», – деген Құран аяты тағы бір мәрте шегелеп айтады («Хаж» сүресі, 71-аят).
Ербосын ОРЫН