Сұрақ: «Құдай ақы! Пәленшенің намазы қабыл болмайды!» деп айту дұрыс па?
Жауап: Біріншіден, бұлай деп айту үшін бұлжымас айғақ керек. Бұл сөз адамның оқыған намазына үкім шығарғанмен тең. Сондықтан мұндай сөзбен ойнауға болмайды. Екіншіден, кез келген амалдың дұрыс деп саналуы үшін орындалуы тиіс шарттары бар. Намаздың да орындалуы міндет парыз, уәжіп дегендей үстіндері бар. Егер осындай шарттардың бірі тәрк етілсе немесе намазды бұзатын амалдырдың бірі жасалса, онда «намаз бұзылды» деп айту – шариғат талабы.
Мысалы, ораза кезінде тамақ жеу, су ішу оразаны бұзады. Сол сияқты, намазды уақытынан бұрын оқу немесе намазды фатиха сүресіз оқу секілді т.б. амалдар ислам тұрғысынан намазды бұзады. Мұндай жағдайда құлшылықтың қабыл болмайтынын айтқан дұрыс. Ал, енді намаз оқитын адам намаздың барлық шарттары мен уәжіптерін орындап, оны бұзатын ешбір амал жасамаса, онда оның құлшылығы «қабыл болмайды» немесе «намаз қабыл емес» деп айтуға ешкімнің ақысы жоқ. Себебі, адамның ниетінің шынайылығы мен ықыласы әрі оның Құдаймен байланысы тек Аллаға мәлім.
Джундуб Ибн Абдулла (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с.) былай деп айтқан хадисын жеткізеді: «Бір адам: «Алланың атымен ант етемін! Анау адамды Алла кешірмейді», – деді. Сонда Алла Тағала: «Менің атымнан «пәленшені кешірмейді» деп кім ант етті? Мен оны кешірдім, ал сендердің амалдарыңды жойдым, – деп хабар берді» деп айтты» (Мүслим 2621).
Сондықтан, намаз оқитын адамға жай болжаммен «намаз қабыл емес» деп айтылмайды. Ал егер намазды бұзатын амалдың бірі жасалып немесе намаздың шарттарының бірі тәрк етілсе, онда бұлай деп айтудың зияны жоқ.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ