Сұрақ: Досыммен тартысып қалдым. Оның айтуынша пайғамбар (с.ғ.с.) барлық нәрсені білген, тіпті болашақты айтып беріп отырған екен. Расында пайғамбар (с.ғ.с.) болашақты білген бе?
Жауап: Пайғамбар адамдардың арасынан таңдалып алынғанымен, оның бойында басқа адамдардан табыла бермейтін көптеген артықшылық қасиеттері болады (адалдық, шыншылдық, ерлік, еңбекқорлық, мейірім және т.б.). Мұхаммед пайғамбарды да (с.ғ.с.) Алла Тағала Өзінің елшісі етіп таңдаған.
Алайда ол пайғамбар бола тұра болашақты білмеген. Ол тек Алланың уахиі арқылы келген хабарларды жеткізген. Осылай ол өзінің дінді тарқату пайғамбарлық міндетін атқарды. Келешекті болжамады, сәуегейлік пен көріп-келдік жасамады. Негізінде пайғамбардың (с.ғ.с.) бойындағы бұл қасиет те оның шын елші екеніне дәлел. Мансапқа, атақ пен абыройға қызығып өтірік сәуегейлік жасамады.
Мысалы, бір күні бір топ әйел Бәдір шайқасында қаза тапқан әкелері мен ерлерін еске алады. Сонда пайғамбарды (с.ғ.с.) көріп қалған әйелдердің бірі:
– Арамызда болашақты білетін нәби отыр, – дейді. Сол уақытта Алланың елшісі (с.ғ.с.):
– Бұлай деп айтпа! – деп жауап берген (Бұхари).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ