Қазақ халқы – салт-дәстүрге өте бай халық. Ата-бабаларымыздан мұра боп қалған дәстүрге негізделген рәсімдер әрдайым игі мақсаттар үшін қолданылады. Сол себепті оларды біле жүру, өмірде іске асыру өте маңызды.
Салт-дәстүр – ғасырдан-ғасырға жеткен дала заңы, ел өмірімен біте-қайнасып кеткен мәдени азық. Қазақтың салт-дәстүрінің өн бойынан халықтың қуанышы мен қайғысын, білімі мен мәдениетін, тәрбиесі мен тағылымын,болмыс-бітімін, өткені мен бүгінін, тіптен келешегін де берік ұстағандығын көруге болады.
Біз кез келген салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың астарына үңілер болсақ, барлығында ұлтымыз үшін қызмет ететін ерекше бір пайдалы функция жатқанын көреміз. Қазіргі таңда, осы ұлттық болмысымызға діни қасаң көзқараспен қарап, сан ғасырлар бойы санамызға сіңірген салтымызға келіспеушілік туындатып жүрген кейбір жастарымыз, оның шығу тарихын білмегендіктен деп білеміз.
Алдымен салт пен дәстүр дегеніміз не? Осы сөздердің мағынасына қысқаша тоқталатын болсақ. Салт болуы үшін оның артында қандайда бір сүйенетін негіз болуы керек. Яғни, асыл дініміздің қайнары аят, хадис және қисса секілді. Ал дәстүр – қоғамның, заманның және қоршаған ортаның ыңғайлылығына қарай өзгеріп, жаңадан пайда болып және кейде жоғалып та кетіп отыратын рәсімдер. Мәселен, ет тамағы тартылған кезде, табақты қамырдың үстіне жілік пен сүйектер тұтас етімен салынып, дастархан басына келеді. Оны бір жас жігіт қиялап турап, жіліктер мен өзге де сыбағаларды үйге келген тиісті меймандарға жөн-жоралғысымен береді. Бұл біздің әдеп пен салтымыз болады.
Сондай-ақ, ырым-тыйымдар мен наным-сенімдеріміз бар. Бұлардың барлығы дерлік негізінен ұлттық болмыстың айналасында және діни талаптардың негізінде қалыптасқан ұстанымдар. Осының бірлігі ретінде «Отқа май құю» ырымына тоқталып өтсек. Қазақта отқа май құятын ырым екі жерде орындалады. Біреуі келін түскен кезде, екіншісі босануы қиын болған әйелдің жанында. Босағаны енді аттағалы тұрған келіннің алдынан енелері мен абысындары шығып, қалақтағы маздап жатқан шоққа май тамызады. Ол қою қышқыл болып түтіндеген кезде келінге иіскетеді де: «От ана жарылқай көр, май ана сіңіре көр» деп басынан айналдырады. Келін екі алақанын түтінге ұстап барып, бетін сипайды.
Әйелдің босануы қиын болған кезде де осы ырым жасалып, отқа май тамызылып, «От ана жеңілдігіңді, май ана сәттілігіңді бер» деп аластайды. Бұл бір қарағанда шаман дінінің сарқыншағы секілді көрінеді. Алайда, бұл шаман дініне де, Аллаға серік қосуға да қатысы жоқ. Тек, табиғи шарттардан ырымға ауысып кеткен амал. Ендеше мұның шығу тарихына қысқаша тоқталайық.
Отқа не шоққа күйдірілген құйрық майды тамызып, оны иіскеп көріңіз. Оның ашшылығы сонша, иіс тас төбеңнен бір-ақ шығады. Есеңгіреп тұрсаң ес жиып, маужырап тұрсаң ұйқың шайдай ашылып сала бересің. Міне, осы қышқыл түтінді жас келінге иіскеткен. Оның негізгі мақсаты мынау. Жас келін танымайтын елге келіп, барлық жұрттың назары өзіне түскен кезде ол қобалжып, сасқалақтап, сүрініп, тіпті талықсып құлап кетуі мүмкін. Мәселен, табалдырықты оң аяғымен емес, сол аяғымен аттап, болмаса екі босағаға соқтығысуы ықтимал. Міне, соның алдын алып, ес жинату үшін шоққа май тамызып, түтінін қазіргі медициналық тілмен айтқанда нашатыр (этиль спирті) есебінде иіскеткен.
Сол секілді босанғалы жатқан әйел толықсып кетіп баланы өлтіріп алмау үшін де отқа май құйып, оның қою қышқыл түтінін иіскеткен. Алайда, кейін келе осының негізгі мақсаты ұмытылып тек май иіскеуі ырым болып қалған. Міне осылайша өзінің негізгі өзегін жоғалтқан соң амал ырымға айналып кеткен. Болмаса от та, май да ана емес және ештеңені де жарылқай алмайды.
Қазақ ұлтының қай қырынан қарасақ та, ислам дінінің шариғат талаптарына сай келмейтін ешқандай бір салты мен дәстүрі жоқ. Қандай да бір салт пен дәстүрдің түбірін қазбаласақ, Құранның аяттарының үкімі мен Пайғамбардың (с.а.с.) хадисі немесе сүннеті шығатыны белгілі.
«Тегін білмеу – тексіздіктің белгісі» деп қараған бабалар тәмсіліне жүгінер болсақ, өз ұлтының тегі мен тарихын, өткені мен бүгініне көз жүгіртіп, заман көшіне сай ұлттық құндылықтарға ие бола алған адам ғана өз ұлтын мақтаныш тұта алады.
Сөзімді қорытындылай келе, қазіргі адамзат баласына әсіресе қазақ ұлтына заман көшіне ұлттық болмысымызды жоғалтпай ілесудің жалғыз жолы – салт-дәстүрлерімізді қадірлеуіміз керек. Тарихта дінді ұстанбайтын адам болғанымен, діннен тыс қалған қоғамның болмайтыны шындық. Біз дін мен дәстүрді даналықпен үйлестіріп, өнегелі өмір сүрген халықпыз. Бұл бабаларымыздан келе жатқан сара жол. Қазақтың салт-дәстүрлері исламның асыл құндылықтарымен біте-қайнасып кеткен. Халқымыздың әдет-ғұрып пен дәстүрін, тарихын біліп, оны қастерлеп, бүгініміз бен келешегіміздің нәрлі қайнарына айналдыру, әрқайсымыздың азаматтық борышымыз деп білемін.
Жәнібек ӨТЕГЕНОВ,
ҚОДБ «Дін мәселелерін зерттеу
орталығы» КММ-нің теолог маманы