Биыл Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев барлық мүдделі тұлғаларды, оның ішінде азаматтық қоғам өкілдерін, белсенділер мен тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға, отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол бермеуге қатысты өзекті мәселелерді көтерген еді. Аталған тапсырманы орындау мақсатында барлық өңірлерде отбасы институтын нығайтуға, отбасылық құндылықтарды сақтауға және отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылға бағытталған жұмыстарын бастаған.
Бұл әйелдер мен балалардың құқықтарына, отбасы институтын нығайтуға қатысты көптеген мәселелерді шешуде пәрменді тетік жасайтын заңнамалық нормалардың жаңа моделін бірлесіп әзірлеуге мүмкіндік береді.
Осы ретте отбасылық психолог Ержан Мырзабаев отбасын сақтап қалу үшін ең маңызды үш нәрсе бар екендігін айтады. Көбінесе ерлі-зайыптылар бір-біріне көңіл бөліп, арнайы отбасылық күнді белгілеп қойғандары дұрыс дейді.
«Сол күнде отбасы мүшелері бас қосады, бір-біріне көңіл бөліп, бірін-бірі тыңдайды, қуанышқа толы уақыт өткізеді. Бұл неге керек? Сондай сәттерде отбасы мүшелері арасында психоэмоционалды байланыс пайда болады. Ол байланыс күшейген сайын, отбасы берік болады.
Екіншісі, отбасы психологиясы төңірегінде білім алу. Кейде отбасын сақтап қалу керегін біледі де, бірақ нақты не істеу керегін білмейді. Отбасының өзінің даму динамикасы бар. Даму динамикасына сай белгілі бір кезеңдерде кездесетін проблемалар, олардың алдын-алу жолдары және шешу жолдары бар. Осыны алдын-ала арнайы курстар оқып, білімін жетілдіретін болса, онда кез келген сәтке дайын болып отырады.
Үшіншісі, еркек пен әйел адам арасындағы қарым-қатынаста теңдікті қалыптастыру. Яғни, еркек әйелін өзінің теңі қылу керек, әйел еркекті өзінің теңі ету қажет. Серіктестік тұрғысынан қарым-қатынас құрылатын болса, сонда ондай отбасылар берік болады. Бұл отбасыларда бір-бірін тыңдау, сыйлау, пікірлерімен санасу жақсырақ болады», – дейді отбасылық психолог.
Әр өңірдің Отбасыны сақтау орталық мамандары отбасы құндылықтарын алға тарта отырып, ажырасу кезеңінде әрі-сәрі жүрген ерлі-зайыптыларға моральдық және психологиялық көмек көрсету қажеттігін айтады. Олардың арасындағы әртүрлі түсініспеушілік пен келіспеушіліктерді еңсеріп, дұрыс шешім қабылдауға жағдай жасау керек екендігін алға тартады.
Кәмелеттік жасқа толмаған балалардың құқығын қорғау мен олардың толық отбасында тәрбиеленуі үшін бағыт-бағдар беру ісі де орталық қызметкерлерінің еншісіне тиіп отыр.
Ғұлама Ибн Кәсир «Екі жанның арасында ерлі-зайыптылар арасындағы махаббат пен сүйіспеншіліктен асқан ұлы махаббат пен сүйіспеншілік жоқ» демекші, отбасылық құндылықтарымызды құнсыздандырып алмай тұрғанда саналы әрекетке көшуіміз қажет.
Балжан Әбдіраш