Сұрақ: Өмірден озған ата-анам үшін не істей аламын?

Жауап: Мұсылман адам қайтыс болған ата-анасы немесе ағайын-туысы үшін Жаратушыдан жарылқау тілеп, жандарының жәннатта болғанын сұрайды. Ол кісілердің бұл дүниеде жасап қойған пенделік қате-кемшіліктерінің кешірілуі үшін дұға жасайды. Исламда бұған қатысты көптеген мысалдар бар. Солардың бірі ретінде мына оқиғаны келтірсек болады.

Бір күні пайғамбарымыз сахабаларына жұмақтан келген бір хабарды жеткізеді:

«Алла Тағала жұмақта салих бір құлының дәрежесін көтеріпті. Құлы оған өте қатты қуанады. Алайда бір нәрсеге аң-таң болып, былай деп сұрақ қояды:

– Уа Раббым! Мен Сенің бұл құрметіңе ие болуыма не нәрсе себеп болды?

Алла Тағала оған:

– Балаң сен үшін истиғфар етті. Осы себепті Мен сенің дәрежеңді көтердім, – дейді екен» (Ибн Мәжаһ, Ахмед).

Көптеген мұсылмандар өздерінің балаларына дұға ретінде мына аятты оқуды да үйретеді: «Рәббәнә иғфирли, уәли уәлидәййә уә лилмуминина яума яқумуль хисаб» (Уа Раббымыз! Есеп күні келгенде мені, анамды, әкемді және бүкіл мұсылмандарды кешіре гөр!) (Ибраһим: 41).

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Пікір жазу