Сұрақ: Мұхаммедтің (с.ғ.с.) пайғамбарлығын мойындамайтындар кімдер?

Жауап: Риуаяттарға қарағанда Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың елшілігін мақұлық (жаратылыс) әлемі толық мойындайды. Мұны тек адам мен жындар әлеміндегі белгілі топтар ғана мойындамайды.

Ислам тарихында мынадай мәшһүр риуаят бар: Бір күні пайғамбар (с.ғ.с.) сахабалармен бірге Мәдинаға келе жатады. Олар Нажар әулетіне тиесілі бақшаның алдына келгенде жиналып тұрған бір топ адамдарды көреді. Олардан бұл жерде не үшін жиналып тұрғандықтарын сұрайды. Олар:

– Бақшада бір жабайы түйе бар. Жанына ешкімді жолатпайды. Оған қоса бақшаға да кіргізбейді. Кім кірсе, оған шабуыл жасайды, – деп жауап берді.

Алланың елшісі (с.ғ.с.) бақшаға кірді де, түйені шақырды. Әлгіндегі жабайы түйе, жасаған бұзықтығы үшін ұялып келе жатқан балақай тәрізді ақырындап, жуан еріндерін салбыратып, басын төмен ұстап келді де, Пайғамбардың (с.ғ.с.) алдына шөкті.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Діни басқарма халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді (Видео)

Пайғамбар:

Маған тізгін алып келіңдер! – деді. Түйені тізгіндеп, сол жердегі адамдарға тапсырды. Мұның барлығын таңырқай тамашалаған сахабаларға:

«Жер мен көк арасында менің Алланың елшісі екенімді біліп, мойынсұнбаған ешбір жаратылыс жоқ. Тек жындар мен адамдардың ішіндегі азғындар мен имансыздары ғана мойынсұнбайды», – деді  (Ахмад ибн Ханбал. Муснад III 14385).

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Пікір жазу