Қасиетті Құранда: «Іштеріңдегі зұлымдық істегендерден басқа кітап иелерімен ең көркем түрде (ғылыми, сыпайы) талас жүргізіңдер. Оларға: “Өзімізге түсірілгенге де, сендерге түсірілгенге де иман келтірдік. Сендердің Құдайларың да, біздің Құдайымыз да біреу-ақ. Біз соған ғана бойсұнушылармыз», – деп айтыңдар» («Анкабут» сүресі, 46-аят), – делінген.

Бұл аятта диалог жасаудағы Құран әдісі баяндалған. Жаратушы Аллаға діндері өзге болғанмен адамзаттың бәрі де сыйынбақ. Өйткені, Құдай біреу-ақ. Осындай ортақ пікірлер әңгіменің өзегіне айналуы – Ислам дініндегі маңызы зор амал.

Ислам діні бойынша, дінаралық үн қатысу – Алла тағаланың әмірі, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сүннеті.

Хазреті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) қай кезде де Құранның әміріне бойсұнып, кітап иелерімен тығыз байланыста болды, үнемі үн қатысып отырды. Оның христиандармен диалогы ең алғашқы рет өзіне Жаратушыдан уахи келген сәттен-ақ басталды. Өйткені Мұхаммедтің (с.ғ.с.) пайғамбарлығын алғашқы боп растаған Уарақа ибн Науфал деген христиан ғұламасы еді. Ол Мұхаммедке (с.ғ.с.) Мұса мен Иса пайғамбарларға (ғ.с.) Жәбірейіл (ғ.с.) періште арқылы Алла тағаланың уахи хабары түскені сияқты уахидің келе бастағанын түсінген алғашқы адам.

Сондай-ақ, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккеде басқа да христиандармен тығыз қарым-қатынаста болған. Ислам діні енді ғана пайда бола бастағанда дүниежүзін екі алпауыт держава билейтін. Бірі – римдіктер, олар христиан дінін ұстанса, екіншісі – парсылар, олар отқа табынатын. Уақыт өте келе мұсылмандар да үлкен алпауыт мемлекетке айналды. Тіпті, оларды ғылым-білімде, өркениетте басып озды.

Сондай-ақ, Меккеде алғашқы мұсылмандарды мүшріктер өз елінен қуып шыққанда, қатты жәбір көріп, қиналған оларды пайғамбарымыз (с.ғ.с.) христиан елі Эфиопияға шығарып салды. Сол кезде Алла елшісі (с.ғ.с.) алғашқы мұсылмандарға: «Эфиопияға қоныс аударыңдар. Өйткені, сол елді басқарған король туралы жақсы ойдамын. Оның Құдайы мен біздің Құдайымыз – бір ғана Алла. Біздің дініміз бен оның дінінің ортақ сенімдері көп. Ол корольдің жерінде ешкім сендерге зұлымдық көрсетпес. Ол жер дұрыс және сенімді өлке. Алла елде жеңілдік бергенге дейін сол жерде қалыңдар», – деп бұйырды. Тіпті сол христиан патшасынан көмек сұрап хат та жазып жіберді.

Уақыты келіп, пайғамбарымыз Хабашыстаннан (Эфиопиядан) Мәдинаға келген христиандарды өзінің үйіне қонаққа шақырады. «Бұлар кезінде Эфиопияға паналап барған мұсылмандарды құрмет тұтқан. Сондықтан бұлар біздің үйде қонақ болады», – деп оларды өз үйінде қонақ етіп, өзі шығарып салған.

Мәдинаға көшіп келгеннен кейін пайғамбарымыздың христиандармен диалогы арта түскен. Алла елшісі (с.ғ.с.) христиан мемлекеттері боп тұрған Египет патшасы және Рим императорына хат жазып, үн қатысты. Сонымен қатар христиан дінбасыларына да хат жолдап, ақиқат дін Исламға шақырды.

Бұлардың ішінде ең назар аударарлық диалог – Хақ елшісінің (с.ғ.с.) нажрандық христиандармен байланысуы еді. Араб түбегінің ең көп христиандар шоғырланған жері – Иеменнің Нажран жеріндегі Мазһиж тайпасына жататын Балхарис руының аймағы болатын. Сол жерден алпыс адамдық топ Мәдина қаласына келеді. Қастарында дінбасылары мен басшылары да бар. Олар Мәдинаға келгенде қаланы аралап, тұрғындарымен сөйлесіп, мешіттерді тамашалайды. Мәдина қаласындағы мешіттерді ұнатып, құлшылықтарын сонда жасауды өтінеді. Сахабалар көнбейді. Мұны естіген пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оларды мешітте оңаша қалдырады. Христиандар Мәдина мешітінің ішінде жүздерін шығысқа қаратып құлшылықтарын жасайды. Міне, Алла елшісі оларға осыншалықты кеңпейілділікпен қараған.

Хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз сонымен қатар еврейлермен де өте жақсы қарым-қатынаста болған. Оның (с.ғ.с.) алғаш рет еврейлермен дінаралық үн қатысуы Мәдинаға һижрат етіп келісімен басталды. Мәдина қаласында еврейлер мен мұсылмандар қатар өмір сүрді. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ол жердегі яһудилермен келісім жасап, тыныш, тату және қоғамның өркендеуіне бірге атсалысу үшін өмір сүру негіздерін, тәртібін белгілеп, бәріне ортақ әділ қоғамдық заң жүйесін жазады. Ол ең алғашқы мұсылмандардың ата заңы болатын. Сол заңнамада өзге діндегілерге, оның ішінде еврейлерге дін еркіндігі, сенім бостандығы берілгені жазылған.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Кім зимми адамды (мұсылмандармен бірге өмір сүретін өзге дін адамын) өлтірсе, ол жәннаттың исін де иіскемейді. Әрине, жәннат исі жетпіс жылдық қашықтықтан келіп тұрады”, – деген (Насай риуаяты).

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Дінаралық татулық – рухани-ғұрыптық қауіпсіздіктің маңызды аспектісі

Келесі бір хадисте: “Кім уәделескен (өзге діндегі) адамға зұлымдық жасаса, немесе оның ақысын бермесе, немесе оны шамасы жетпейтін нәрсеге мәжбүрлесе, немесе оның ризалығынсыз бірдемесін тартып алса, қиямет күні мен сол адамның кегін алып беремін”, – делінеді (Әбу Дауд риуаятынан).

Мұсылмандармен бірге өмір сүретін өзге діндегі адамдар үшін мұнан артық кепілдік бар ма?

Ендеше, мұсылманның міндеті – оларды дінімізден үркіту емес, керісінше өз дінін шынайы түрде жеткізе білу. Бөгде діннің адамын зорлап яки алдап дінге кіргізу – мұсылманның уәзипасы емес. Бұл Исламға жат нәрсе. Шынайы дінге пенде өз ақылымен, еркімен кіруі керек. Ақиқат – әркім өз дінінің құндылықтарын паш етіп, сөзімен, ісімен, амалымен көрсете білгенде ғана айқындалады. Исламның бейбіт жолдағы дін екенін амал-әрекетімен көрсете білу – көркем мінезімен өз дінінің құндылықтарын паш ету. Сондықтан бейбітшілік орнатуға ат салысу – тек қана дінбасылары мен дін ғалымдарының ғана емес, әрбір мұсылманның төл міндеті.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүние салғаннан кейін де халифтер кітап иелерімен араласып, тығыз байланыста болды. Мысалы, Құддыс қаласы алынып, хазреті Омар (р.а.) бейбітшілік келісім шартына қол қоюға барғанда христиан дінбасылары оған ең үлкен шіркеулерінде екінті намазын оқуға рұқсат береді.

Бірақ, хазреті Омар (р.а.) ол шіркеуде намаз оқудан бас тартады. Өзі кеткен соң мұсылмандар хазреті Омар (р.а.) намаз оқыған шіркеуді мешітке айналдырамыз деп жүрмесін деген оймен олардың ұсыныстарынан бас тартуы бізге көп нәрседен хабар береді.

Омар ибн Хаттабқа Египет әкімі Әмр ибн Астың үстінен бір египеттік христиан әйел шағым түсіреді. Ол әйел арызында әкім оның үйінің жерін мешітке қосып бергенін айтады. Тексерілсе, әйелдің жерінің ақысы артық бағасымен мемлекет қазынасында тұрғандығы белгілі болады. Солай болса да, біреудің ақысы, құқы аяқасты етілмеу үшін Омар ибн Хаттаб мешітті бұздырып, христиан әйелге үйін тұрғызып беруге бұйрық береді.

Басқа жерлерді де фатх етіп алған мұсылмандар осындай шеңберден шықпай амал жасады.

Египет, Сирия, Иордания, Иран сияқты мемлекеттерде Ислам он төрт ғасырдан бері өмір сүріп келе жатқан дін. Бұл елдерде мұсылмандардың саны басым. Дегенмен, сонау көне заманнан келе жатқан сол елдердің түп халқының Ислам дінін қабыл алуды қаламаған бөлігі бүгінгі күнге дейін өз дінінде емін-еркін қалғандығы, жойылып кетпегендігі Ислам дінінің басқа діндерге кеңпейіл екенін көрсетпей ме?

Алла тағала “Мәида” сүресінің 5-аятында: «Бүгін сендерге таза нәрселер халал етілді. Кітап берілгендердің де (яһудилердің, насаралардың да) тағамы (бауыздағандары) сендерге халал қылынды. Сендердің тағамдарың олар үшін халал. Мүміндерден арлы әйелдермен, сендерден бұрын кітап берілгендерден арлы әйелдермен мәһірін беріп және зинақорлық істемей, астыртын көңілдес болмай некелессеңдер, олар сендерге халал», – делінген.

Осы аяттың үкімі бойынша, мұсылман адам кітап иелерінің адал тағамын жеуге, оларға өзі тағам беруге, сондай-ақ, олардың қыздарына үйленуге болады. Бірақ, оларға қыздарымызды әйел етіп беруге болмайды.

Кітап иелерінен басқа адамдарға да мысалы, отқа, бұтқа табынушыларға да мұсылмандардың ұстанымы, көзқарасы, ара-қатынасы дұрыс. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): “Оларға (бұтқа, отқа табынушыларға) кітап иелері сияқты сүннетім бойынша қарым-қатынас жасаңдар. Тек, олардың әйелдеріне үйленбеңдер, сойғанын жемеңдер”, – деген.

Бүгінде еліміз өзінің ішкі дінаралық татулығымен әлемге үлгі болып отырғанын мақтанышпен айтуға болады. Алла тіл, көзден сақтасын! Бұл өздігінен бола қалған татулық емес. Бұл ең бірінші Алланың, екіншіден ел тұтқасын ұстаған басшылардың арқасы.

Өз дінін насихаттап, өзге діндермен бірге бейбітшілік орнату – мұсылманның басты парызы. Елордамызда бірнеше рет өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының жиыны да сол мақсатты үндейтіні анық. Ендеше Жаратушы Иеміз бейбітшіліктің бесігі болған Қазақ елін әрдайым татулықтың тұрағы болуын нәсіп етсін!

Бақтыбай БЕЙСЕНБАЕВ

Пікір жазу