Сұрақ: Мешітке барып жүрген достарымнан «Миғраж кеші», «Миғраж түні» деген сөзді жиі естимін. Бұл сөздер нені білдіреді?
Жауап: Араб тілінде «миғраж» дегеніміз “саты”, “баспалдақ” дегенді білдіреді. Сонымен қатар бұл сөзде жоғарыға көтерілу, төменге түсу деген сияқты ұғымдардың да бар екенін айта аламыз.
Исламда «миғраж» кеші немесе «Миғраж түні» деп айтылуының сыры – бұл түні Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) Меккедегі әл-Харам мешітінен Иерусалимдегі әл-Ақса мешітіне барып, кейін Миғражға көтерілген. Құдайдың құдіретімен пайғамбар (с.ғ.с.) жеті қат көкке шығып, ғайыптың есіктері ашылып, тозақ пен жәннатты көрген, өзінен бұрынғы пайғамбарлармен тілдескен.
Ол кісі мұнда көптеген ғажайыптарды көреді, маңызды оқиғалар орын алады. Мысалы, имам Мүслимның хадистер жинағында келгендей мұсылманның күніне бес мәрте оқитын намазы осы кеште парыз болған.
Сосын «Бақара» сүресінің соңғы аяттары уахи болған, Аллаға серік қоспаған мұсылманның күнәларының кешірілетіні айтылған. Сол үшін бұл кеш тек пайғамбар үшін емес, толық мұсылман қауымы үшін өте маңызды саналады.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ