Сұрақ: Қара тас дегеніміз не?
Жауап: Көп адамдар Қара тас деген уақытта Меккедегі Харам мешітінде орналасқан Кағбамен шатастырады. Негізінде ол Қара тас емес, қажылыққа барған мұсылмандар жеті мәрте айналып тауап жасайтын Кағба. Кағба арнайы алтын жазумен көмкеріліп қара матамен қапталады. Ал Қара тас дегеніміз, сол Кағбада орналасқан қасиетті тас.
Қара тас – араб тілінде (хажар әл-асуат ) деп аталады. Оның қара тас деп аталуы тастың қою қара түсіне байланысты. Ол Кағбаның шығыс бұрышында 1,5 м. Биіктікте орналасқан. Оның атырапы күміспен қапталған. Қара тас үлкен үш және кіші бөліктерден құралған. Бұл тасты Жәбірейіл періште көктен Ибраһим пайғамбарға түсірген. Деректерге сәйкес Қара Тас қағбаға орналастырылмай тұрып Әбу Қубайс тауында сақталған. Тіпті пайғамбар (с.ғ.с.): «Мен бұл тасты білемін. Ол маған пайғамбарлық келмей тұрғанда сәлем беретін», – деп айтқаны турасында риуаят бар. Пайғамбар айтып отырған тас, дәл осы – Қара тас еді.
Қажылық рәсімінде Қара тасты сұю – сүннәт. Сонымен қатар Қағба есігінің сол жағында орналасқан Қара тас қажылық кезінде тауап басталатын орын болып саналады
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ