1. Мұны жасаған адам Алланың бұйрығына бойұсынбаған болады

Әйелдерге қарауға тыйым салынатындығы Алла тағаланың қатаң бұйрығына негізделеді. Ол Өзінің Кітабында: «(Мұхаммед (ғ.с.) Мүміндерге айт: (Бөгде әйелдерге қараудан) көздерін сақтасын…», – деген («Нұр» сүресі, 30-аят).

Яғни, әйелдерге және амаридтерге[1] қарамауды бұйыруда. Нәтижесінде, көзін тыйым салынған нәрседен сақтамаған адам Алланың осы айқын бұйрығына қарсы шығады да, «харам» дәрежесіндегі күнәні жасаған болмақ.

Сондықтан харамға қараудан аулақ болу үшін бұл әрекетте айқын бұйрыққа қарсы шығу, яғни Алла тағалаға бойұсынбаушылық бар екендігін білу жеткілікті.

  1. Ол өзіне сеніп тапсырылған аманатқа қиянат жасап, орнымен пайдаланбайды

Кім көзін тыйым салынған нәрсеге қараудан тыймаса, ол Алланың өзіне сеніп тапсырған аманатына қиянат жасаған болады. Жаратушы Иеміз Құранда: «Алла көздердің қиянатын және көкіректердегі құпияны біледі», – дейді («Мүмін» сүресі, 19-аят).

Бұл аяттағы «қиянат» сөзі біз өзіміздің көзімізге қожайын еместігімізді білдіреді. Біз тек сеніп тапсырылған адамбыз. Исламда өзін-өзі өлтіруге тыйым салынуының да себебі – біздің өз тәнімізге қожайын болмауымыздан. Бұл тән Алла тағаланың бізге сеніп тапсырған аманаты. Яғни ол біреудің нәрсесі болғандықтан, оны қожайынның қалауынан басқа мақсатқа пайдалануға, сондай-ақ оған зиян келтіруге немесе өлтіруге болмайды.

Егер адам өзінің жаны мен тәнінің иесі болғанда, онда оған бұл нәрселерді қалай пайдаланам десе, солай істеуге толық құқық берілген болар еді, өйткені қожайын өзіне тиесілі болған затты не істесе де өз еркінде.

Сондықтан да Алла тағаланың құлдарына мұндай құқықты бермегенінің өзі адамның тәні оған Алладан сеніп берілген аманат екендігіне тікелей дәлел. Өз кезегінде тапсырылған аманатқа қиянат жасау және орнымен пайдаланбау үлкен қылмыс екені мәлім. Сол себепті көздерін күнәдан сақтамаған адам Алланың берген баға жетпес көру нығметіне қиянат қылған болып шығады. Ал қиянатшыл кісі ешқашан Аллаға жақын бола алмайды. Бір ақын өз өлеңінде былай деген болатын:

Көзін егер сақтамаса күнәдан,

«Уәләяттың» тәжін кимес бір адам.

Егер біреу тақуалықтан айырылса,

Алласына «уәли»[2] болмас ұнаған.

  1. Ол лағынет айтылғандар санатына түседі

Көзін күнәдан сақтамаған әрбір адамға Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) лағынеті болады. «Мишкәтул-масобих» жинағында: «Әурет жерін ашқан адамға және өзгелердің әурет жеріне қараған адамға Алла лағынет етсін», – деген хадис келеді. Яғни, көзін күнәдан сақтамаған және өзінің сұлулығын көрсетем деп, әуретін ашқан кісіні Алла тағала лағнет етсін деуде.

Егер харамға қарау кішігірім күнә болғанда, жаратылыстарға мейірім етіп жіберілген пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ол адамдарға лағынет айтпас еді. Бұдан түсінетініміз, аталған әрекет Аллаға және Оның елшісіне (с.ғ.с.) өте жеккөрінішті нәрсе.

Имам Рағиб Асфахани өзінің «Муфрадатул-Қуран» атты кітабында «лағынет» сөзі Алланың мейірімінен алыс деген мағынаны білдіретінін жазады. Ал кімде-кім Алланың мейірімінен алыстаса, ол нәпсісінің жамандығы мен құмарлығынан сақтана алмайтын жағдайға түседі, себебі бұл тек Алланың мейірімінің көлеңкесіндегі адамдардың ғана күші жетерлік нәрсе.

Жаратушы Иеміз: «Расында нәпсі жамандыққа бұйырады», – деген болатын. Ендеше одан кім сақтана алмақ? Аятта: «Егер одан Тәңірдің рақымымен аман қалатын адам болса, оның жөні басқа», – дейді. Яғни Оның рақымының көлеңкесінде болу – нәпсінің жамандығы мен қалауларынан құтылудың бірден-бір жолы. Және осы жалғыз жолды сол нәпсінің өзін жаратқан Иеміз анықтап беріп тұр.

Сондықтан Алланың рақым көлеңкесінде болған адамның жаны жамандыққа бұйырудан тыйылып, жақсылық жасауға ұмтыла бастайды. Сол себепті аяттағы «(Мұхаммед ғ.ғ.) Мүміндерге айт: (Бөгде әйелдерге қараудан) көздерін сақтасын» деген сөзден кейін «Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын», – делінген.

Мұның мағынасы мынада: кім көздерін күнәдан сақтаса, Алланың бұйрығын орындағанының арқасында Оның рақым көлеңкесіне алынса, ол адамның жыныс мүшелері де күнәдан сақталады. Яғни жыныс мүшелерінің сақталуы – көзді сақтағаны үшін берілген сый.

Ал керісінше қарасақ, кім көздерін тыйым салынған нәрседен сақтамаса, оның жыныс мүшелері де күнәдан қорғалмайды. Сосын қанша жерден лағынет айтылса да – оған аздық етеді.

  1. Ол – ақымақ

Хәкимул-уммат Шейх Тәнуи: «Әрбір күнә ақылдың кемістігін және ақымақтықты білдіреді. Егер бір адам күнә жасаса, оның ақыл-парасатында кінәрат болғаны. Ол біздің жанымыз бен тәнімізді, ауруымыз бен саулығымызды, бұл дүниедегі тыныштығымыз бен бақытымызды, сондай-ақ өмірден жақсы не жаман кетуімізді өз қолында ұстаған Ұлы Алланы ашуландырып тұрса, ақылында кінәрат бар деп қалай айтпассың?! Бұны білетін әрбір есі дұрыс адам күнә жасауын доғарған болар еді», – деген.

Сонымен бірге, шейх былай дейді: «Осы тұрғыдан қарасақ, көзді харамнан сақтамау өте ақымақ күнә, себебі оны жасаған адам нәтижесінде ештеңеге қол жеткізбейді, тек өзінің жүрегін азапқа салады. Ол сол сұлулыққа ие болмайды, тек жүрегінен тыныштық кетіп, өзінің арман-қиялдарымен құсаға салынады».

Алла тағала менің жүрегіме осы мәселеге қатысты жаңа ілімді ашты. Мұсылманды қынжылту (қинау) Исламда қатаң тыйым салынған нәрсе. Харамға қараған кісі де мұсылман және ол осы күнәні жасау арқылы өзін қайғыға салады (қинайды) және жүрегіне азап кіргізеді.

Ал, басқа мұсылман адамға ауыртпашылық әкелу тыйым салынған амалдар қатарына енетін болса, өзін қинап, жүрегін жаралайтын адамның әрекеті дұрыс болуы мүмкін бе?!

  1. Ол Алланың ашуы мен лағынетіне лайық

Біреулер егер сұлу қызға қарағанда адамның жүрегі мұң мен құсаға салынатын болса, көзіңді оған қараудан сақтап, оның сыртқы келбеті қандай екенін біле алмай қалсаң да дәл солай жүрегің құса болмай ма деуі мүмкін…

Оған айтар жауабымыз, сұлуға қарағаннан туындайтын бейнет әлдеқайда күштірек, ал көзді сақтаудан болатын қиналыс жеңілірек келеді. Өйткені, сұлу қызға қараған адам оның бет-жүзі қандай, көздері, мұрны, келбеті «суреттегідей» екендігін көреді. Осы сұлулықты көргендіктен, оның қиналысы әлдеқайда қаттырақ болады әрі ол оның жанынан тыныштық кетіреді.

Ал егер ол көзін қараудан сақтағанда, оның қиналысы өзі көрмеген сұлулыққа негізделген болар еді. Содан да ол көп қиналмай, аздаған уақыттан кейін-ақ бұл санасында оның ізі де қалмайды. Әрі ол осы бейнеттің орнына иманның тәтті дәмін және Аллаға жақын болудың шексіз ләззатын сезініп, дүниедегі барлық ләззаттың өзі оның қасында ештеңеге тұрмайтын болып қалады.

Ал керісінше, көзі көрген сұлулықты армандаудан туындаған бейнеттің салдарынан оған Алланың ашуы мен лағынеті жауып, нәтижесінде жүрегі қайғы мен мұңға толып, жанынан тыныштық кетіп, ол адамның өмірі тұтастай бір қара жолаққа айналады.

Сондықтан бұл екі бейнеттің арасы жер мен көктей: бір жағынан Алланың рақымы келсе, екіншісінде ашуы келеді. Басқаша айтқанда, екі бейнеттің айырмашылығы – жәннат пен тозақтың айырмашылығындай.

Енді осыған қарап тұрып, «көздеріңді төмен салыңдар» деген бұйрықтың өзі Алла тағаланың мұсылмандарға деген ұлы мейірімі деген тұжырым жасауға болады, себебі бізге өзіміз көрмеген сұлулықтың бейнетін бере отырып, Ол бізді көрмеген сұлулықтың бейнетінен сақтады.

Мәселен, бір адамды маса, екіші адамды жылан шағып алса, маса шаққан адам өзін жыланның шағуынан сақтағаны үшін Аллаға шүкіршілік айтады. Өйткені, көрмеген сұлулықтан шегетін бейнет масаның шаққаны, ал көз көрген сұлулықтың бейнеті – жыланның шаққаны секілді.

  1. Оның жүрегі әлсірейді

Адам өзінің көзін харамға қараудан сақтамаса, соның салдарынан өзі көрген әлгі әдемі әйел оның ойынан шықпайтын болып алады да, жүрегі түрлі ауыртпашылықтар мен азаптарға түседі. Бұл өз кезегінде жүректің әлсіреуіне әкеліп соғады.

Күнәға көз салудың проблемасы – адамның сезімдерін оятып, қоздыруында, сонымен бірге, өзінің дене мүшелерін қалай пайдалануына ықпал етуінде жатыр. Алла тағала: «Рас, Алла олардың не істегендерінен хабар алушы», – дейді («Нұр» сүресі, 30-аят).

Аллама Алиуси өзінің «Рухул-маани» атты тәпсірінде аталған аят мағынасын түсіндіре келе, мына үш нәрсені айтады: Алла тағала адамның көздерін қалай пайдаланатынын; сезім мүшелерін қалай пайдаланатынын; барлық дене мүшелерін қалай пайдаланатынын біледі. Бұл адам баласының харамға қарауы, атап айтқанда, әдемі әйелдерге отты жанарын салуы Алла тағалаға белгілі екендігін білдіреді.

Сезім мүшелерін пайдалану дегеніміз – біреу сұлу қызға қараған кезде барлық бес сезімінің тыйым салынған ләззатқа жетуге талпынуы: көз – оған қарағысы келеді; құлақ – оның дауысын естігісі келеді; дәм сезу органдары харам ләззаттың дәмін татуға, яғни сол қызды сүюге талпынады; ал мұрны оның әдемі иісін сезгісі келеді.

Дене мүшелерін пайдалану дегеніміз – көзін харамнан сақтамаған адамның дене бөліктерінің де қозғалысқа түсуі. Яғни, оның қолы, аяғы және басқа да органдары өзіне ұнаған қызды қолға түсіруге асығады.

Осының бәрінен мынадай тұжырым жасауға болады: Алла тағала бұл күнәһардың барлық жағдайынан хабардар: оның көздері не істеп жатқанын, сезім мүшелері мен дене бөліктерінің не істегенін біледі. Ал бірақ адамның өзі Ұлы Алланың оны көріп тұрғанын сезбейді де.

Одан әрі тәпсірде: «Алла мұның бәрінің түпкі мақсаты не екенін жақсы біледі», – делінген. Яғни, Алла адамның осы арқылы зинақорлыққа ұмтылып тұрғанынан хабардар. Ал «Алла жақсы біледі» деген сөз жазадан сақтандыруды меңзеп тұр. Яғни: Мен сендердің күнәлі істеріңді көріп тұрмын. Егер қайтпасаңдар, Мен міндетті түрде жазалаймын, деуде. Басқаша айтқанда, бұл аят егер адам тәубеге келмесе, онда міндетті түрде жазаға тартылатынын көрсетеді.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Ғасыр індеті – Жаратушы жіберген жаза ма?

Күнәлі нәрсеге көз салу – зинақорлыққа апаратын жолдағы бірінші қадам. Ал соңғы аялдамасы – әбүйірінің ашылып, бұл дүниеде де, ақыретте де масқаралыққа ұшырауына себепші болатын сол күнәлі істің жасалуы.

Харамға қараудың өте қатты ықпалы болғандықтан, Алла зинақорлыққа алып баратын осы бірінші қадамға үзілді-кесілді тыйым салған. Адам осынау бірінші баспалдаққа аяғын қойса, соңғы баспалдаққа да жетуі оңай. Егер бір амалдың басы дұрыс емес болса, аяғы қалай дұрыс бола қойсын?!

Менің бір өлеңімде осы мәселе сөз болады:

«Мақұлыққа ғашық болу, сірә да,

Адамдарды апарады күнәға.

Бір нәрсенің жаман болса бастауы,

Соңы оның жақсы болып шыға ма?!».

Харам нәрсеге қараған адамның барлық сезім органдары, сондай-ақ барлық дене мүшелері қозғалысқа түседі; зинақорлық жасауды көздеген лас мақсат себебінен оның жүрегін бір азап жайлап алады. Сондықтан да осындай стресске шалдыққан тән де, жүрек те әлсірейді.

  1. Денсаулыққа зияны – аталық бездің шошуы

Көзді күнәдан сақтамау денсаулыққа залал әкеледі, соның салдарынан аталық без ісініп, адамның несеп бөлуі жиілейді.

  1. Адам тез шаухат шығару ауруына ұшырайды

Харамға көз салудың кесірінен құмарлық оты лаулап, оның ыстығы аталық ұрыққа да жетеді. Нәтижесінде ол сұйықталады. Ал ол өз кезегінде тез шаухат шығару ауруына шалдықтырады.

Бәрімізге белгілі, мұндай ер адам өзінің жұбайлық міндетін тиісінше орындай алмайды. Соның салдарынан ерлі-зайыптылар арасында ұрыс-керістер туындап, шаңырақтың шайқалуына себепші болады.

  1. Ол өзіне берілген нығметтер үшін Аллаға шүкіршілік етпейтін болды

Харамға көз салу адамды шүкірсіздікке алып келеді. Ол әртүрлі әйелдерге көз салып жүргендіктен, өз әйелін әдемі деп санаудан қалып, оның жүрегі шүкірсіздікке толады (маған әдемі әйел жолықпады деп)…

Ал егер оның әйелі әдемі болса, онда ол маған ең әдемісі жолықпады деп наразылық танытады. Себебі басқа әйелді әдемірек деп санайтын еркекке өзінің әдемі әйелі де ұнамайтын болады. Осылайша ол өзіне берілген нығметке шүкірсіздік етеді.

Ал тақуа адам басқа қыз-келіншектерге ешқашан көз сүзбейтіндіктен, өз әйелін әлемдегі ең әдемі әйел деп санайды және осы үшін Аллаға шүкірлік айтады.

  1. Харамға қарау көздің көруін нашарлатады

Көз – Алланың ұлы сыйы. Оны харамнан сақтамау – осы нығмет үшін шүкірлік етпеушілік. Егер адам баласы қандай да бір игілік үшін Аллаға шүкір айтса, Алла ол игілікті көбейтетіні белгілі. Құранда Ол: «Егер шүкір етсеңдер, арттыра беремін», – дейді («Ибраһим» сүресі, 7-аят).

Ал адамның күнәлі болған нәрсеге көз салуы – Аллаға тікелей шүкір етпеуiшілік. Құранда мұндай жағдайда жаза қатты болатынын: «Ал, егер қарсы келсеңдер, азабым тым қатты», – деп ескертеді («Ибраһим» сүресі, 7-аят).

  1. Оның жүрегі өледі

Алла тағалаға жақын болу – көзді харамнан сақтағаны үшін берілетін ең үлкен сый. Жанарын тыйым салынған нәрседен тайдырған адам ішіндегі белгілі бір сезімдерді басып, сол сұлулыққа сүйсіну құмарлығын жеңеді. Адамның жүрегі жаншылады, алайда оның орнына Алла тағала оған ең үлкен сыйлық – Өзіне жақын болғандар қатарына енуді жазады.

Осы жерде өзімнің өлеңімді келтіре кетуді жөн көріп отырмын:

Аллаға әкеп құмарыңды құрбан қыл,

Оның қаны алқызыл боп ағады.

Жаратқанға жақын келіп тұрған бұл

Атар таңның шұғыласы болады.

Орындалмас құмарлардың азабы

Жүрегіңе жара салсын тезірек.

Сонда сенің маңдайыңа жазады,

Оған жақын болған жанның өзі деп.

Жанарымды тайдырам деп сұлудан,

Менде көрдім бейнеттің бір шамасын.

Жаратқанға жақын болып тұрудан

Қиын бар ма, жаздық жүрек жарасын.

Ал харамға қарау кесірінен адамның Алладан барынша алыстайтыны сондай, егер ол мұны шынайы саналы түрде сезінгенде, ешқашан оны жасамаған болар еді.

Жанарын сақтайтын адамның жүрегі әрдайым Аллаға бойұсынып тұрады және содан да ол Аллаға жақын болады. Бірақ егер ол харамға қарауды бастаса, Алладан 180 градусқа бұрылып, бар жылдамығымен сол сұлудың соңынан кеткендей болады. Оның бар ойы осынау ертеңгі күні іріп-шіріп кететін өткінші тән жайында болады да, оның жүрегінде Алла тағалаға орын қалмайды. Ал Алланы зікір етпейтін жүректің де өліп, іріп-шіритіні белгілі жайт.

Жақсы мұсылмандар болғанына қарамастан, харамға көз салғандарының кесірінен өмірден қиын хәлде аттанғандар қаншама.

Алладан біздің иманымызды соңғы деміміз біткенше сақтауды сұраймын.

  1. Оның жүрегі «микроинфаркт» алады

Харамға қараудың салдарынан адамның жүрегі «микроинфаркт» жағдайына түседі. Өйткені жанарды орынды пайдаланбаудың кесірінен жүрек екіжақты тартыстың ортасында қалады: сұлулық өзіне қарай тартса, Алладан қорқушылық өзіне тартады. Содан да жүрек созылады, оның көлемі созылып, ұлғая түседі. Міне, «микроинфаркт» деген осы. Егер адам көзін сақтағанда мұндай созылу мен «микроинфаркт» орын алмас еді.

Бұл жерде айта кетер жайт, аталған сырқаттың басқа да себептері бар. Сондықтан жүрегінде кінәраты бар адамды тек харамға қарап жүр деп кінәлауға болмайды. Біздің дініміз кез келген мұсылманға негізсіз күмәнданып, сенімсіздік білдіруге тыйым салатыны белгілі.

Бұл мәселеде Алланың тақуа құдарына (яғни жақсы мұсылмандарға) қатысты одан да зор сақтық қылу керек. Басқаша айқанда, өзгеге кінә артпа, харамға қараудың соңы «микроинфарктке» алып келетінін біліп, өз көзіңді тыйым салынған нәрселерге салудан тыюға тырыс.

  1. Көзді харамнан сақтамау жыныс мүшелерін де харамнан сақтамауға себепші болады.

Тыйым салынған нәрсеге қарау кезінде құмарлық оты лаулап жанып, адам оны кез келген жолмен сөндіруге дайын тұрады. Егер ол осыған себепші болған сұлуды қолға түсіре алмаса, онда басқа бір әдемі емес әйелмен жақындасып, қарабет болады. Сезімдері қалай тез лауласа, солай тез өшеді. Ол сезім сұлу қызды көргеннен туындаса, енді жай жолдағы келіншектің құшағында суиды.

Харамға қарау сұлулыққа сүйсінуге деген зор ынтық сезімнен пайда болса, нәтижесінде адам өзі қарағысы да келмеген әйелмен жақындасып, арына күйе жағады. Яғни харамға қараудың пасық іс болғаны сондай, ол адамды күнәнің ең төмен дәрежесіне түсіріп, кейін ол сұлулық пен бұзақылықты ажыратпайтын болады.

Сондай-ақ, харамға қарағаннан кейін жыныс мүшелерін сақтап тұру мүмкін емес. Сондықтан да Құранда: « (Бөгде әйелдерге қараудан) көздерін сақтасын» дегеннен кейін «Әрі ұятты жерлерін (зинадан) қорғасын», – делінген. Яғни кім көзін сақтаса, ол жыныс мүшелерін де сақтайды. Ал керісінше, кім көзін сақтай алмаса, ол жыныс мүшелерін де сақтай алмайды.

  1. Адам өз-өзін қанағаттандырумен айналысатын болады

Харамға көз салған кезде еркектік шахуат орнынан қозғалып, дорбасынан сыртқа шығады. Шахуаттың ерекшелігі сол – ол қайтадан артқа кіре алмайды. Мәселен, мәшине артқа жүре алады. Ал шахуатта, сүт секілді, ондай мүмкіндік жоқ. Сүт желіннен шыққасын кейін кірмейді, өйткені желінде шығатын жол бар, кіретін жол жоқ.

Сол сияқты шахуат та өзінің сақталынып тұратын жерінен шыққасын кейін қайта алмайды. Сондықтан ол міндетті түрде қандай да бір амалмен, тіпті тыйым салынған жолмен болса да сыртқа шығады.

Харамға көз салудан туындайтын күнәлі жағдайлардың бірі – адамның харам мен халалды ажыратудан қалуы. Сондықтан ол не қандай да бір қызбен зинақорлық жасап, намысына күйе жағады, не бір жігітпен жатып, абыройдан жұрдай болады. Ал оны жасай алмаса, онда өзінің қолымен шахуатты сыртқа шығаруы мүмкін, себебі жоғарыда айтқанымыздай, шахуатта кері жүретін жол жоқ.

Осы жеде айта кету керек, қызбен немесе еркекпен зинақорлық жасау Исламда үзілді-кесілді тыйым салынған іс болса, жаңа ұрпақ арасында кеңінен тараған өзін-өзі қолмен қанағаттандыру да харам.

Хадисте егер кімде-кім өзін қолмен ләззаттандырса, Қиямет күні оның қолы жүкті болатыны қатаң түрде ескертілген. Және де басқа бір хадисте ондай адамға лағынет айтылатыны хабарланған.

Маңызды өсиет

Әрбір мұсылман адам өз денсаулығының қамын ойлауы керек. Осыған орай, жиі жыныстық жақындықта болу адамның денсаулығына кері әсер ететінін айту қажет. Сондай-ақ, ол адамның құлшылық пен зікір (Алланы еске алу) ләззатын сезінбеуіне әкеліп соғады.

Мұндай кісілердің балалары әдетте әлсіз болып туылады. Сондықтан шейхтар айтатын өсиеттердің бірі – жыныстық жақындасуда ұстамды болу керек. Яғни ең дұрысы – қатты қалаған кезде ғана өз әйеліңмен жақындасу.

Арыстанға қараңыздаршы. Оларда жылына бір рет қана күйлеу кезеңі болады. Соның арқасында дүниеге жаңа арыстан келеді. Жыныстық қатынасқа араға ұзақ уақыт салып барған адамдардан да денсаулығы мықты әрі қайратты балалар туады.

Сондықтан бұл мәселеде орта жолды ұстану керек. Әйтпесе, тым жиі жақындасу адамның опат болуына әкеп соғуы мүмкін. Сол себепті менің айтатыным, рұқсат етілген нәрседе (халал) орта жолда болыңдар, ал тыйым салынған нәрсеге (харам) тіпті жақындамаңдар да.

Алла бәрімізге тек ізгі амалдарды жасауға күш пен мүмкіндіктер бергей!

Дайындаған Мұхаммед Әли

[1] Амарид – араб тіліндегі «амрад» сөзінің көпше түрі (түр-сипаты әйелдерге ұқсайтын жас бала)

[2] Уәли – Аллаға жақын.

Пікір жазу