Сұрақ: Күнә құлшылық жасауға кедергі бола ма?
Жауап: Ислам нормаларына сәйкес Алла Тағаланың әмірлерін орындау парыз. Сол сияқты Оның тыйған нәрселерінен де сақтану міндет. Осыған орай Алланың әмірлерін орындамаған адам – күнәһар. Дәл сол сияқты, Құдай Тағаланың тыйымдарынан сақтанбаған адам да күнә жасаған болмақ.
Егер адам «бәрібір күнә жасап жатырмын» деп парыз құлшылықтарын орындамаса, онда ол екі түрлі күнә жасаған саналады. Біріншісі, парызды тәрк еткені үшін, екіншісі күнә жасауын жалғастырғаны үшін. Алайда адам шамасы келгенше парызын орындаса, ең болмағанда күнәларын азайтады деген үміт бар.
Дінде адамның жасаған күнәлары оның құлшылық етуіне кедергі жасамайды. Адамның біліп-білмей жасап қоятын пенделік амалдары жоқ емес. «Мен күнә жасадым, одан да парызға мүлдем жоламағаным жақсы» деп бос жүру – қате пікір. Әдетте адамға мұндай жалқаулық пен сылтауды ойға салатын Ібіліс. Сондықтан кімде-кім «күнә – парыз құлшылықтарын орындауға кедергі» деп білсе, онда парыздарды тәрк еткеннен гөрі күнәлардан сақтанғаны анағұрлым жөн.
Жалғас САНДЫБАЕВ