Қоқан билеушілері жаулап алған жерлеріне бекініс салып, онда салық жинаушы Қоқан әскерлерін ұстап отырды. Бұны хорунжий Потанин өз жазбаларында баяндайды. Яғни, Қазақстанның оңтүстігінде өзбектер Қоқан дәуірінде сауда-саттық жасап, сондай-ақ, жергілікті қазақтардан салық жинау үшін жіберілген Қоқан әскерилерінің  келуімен пайда болғанын аңғаруға болады. Себебі, белгілі тарихшы И.Ерофееваның ғылыми еңбектеріне зер салсақ, өзбектердің ХІХ ғасырдан бастап Оңтүстік Қазақстанда қоныстана бастағанын байқаймыз. Айталық, И.Ерофееваның келтірген деректеріне қарағанда 1800-ші жылдарға дейін Шымкент, Сайрам, Түркістанда өзбектер көп тұрмаған. Болса да, аз мөлшерде тұрған болуы мүмкін. Мысалы, 1785 жылға дейін Сайрамда билік құрған Тұрсын ханның ұлы Күшік ханның кезінде Сайрамда негізінен Найман тайпасынан 1700 отбасының (М.И. 15-20 мыңдай халық) тұрғандығын, ал, Иқанда 1717 жылға билік құрған Құдаймеңде сұлтанның ұлы Тұрсын ханның иелігінде Қоңырат, Найман, кейбір Ұлы Жүз руларының өмір сүргендігін, Тұрсыннан кейін Иқанда оның ұлы Барақ ханның 1750 жылға дейін билік құрған кезінде 10 мыңдай Найманның және Қоңырат, Арғын, Дулат руларының қоныстанғандығы айтылады.

Нағында, Түркістан аймағында ХІХ ғасырға дейін де өзбектер көп шоғырланбаған еді. Бұл хақында И.Ерофеева:  «1738 жылға дейін Орта жүздің ханы болған Сәмекенің тұсында Түркістан аймағында тек Қоңырат, Арғын, Найман рулары ғана өмір сүрді.  Сәмеке ханнан кейін оның ұлдары Түркістан аймағын (Қарнақ, Сауран, Отырар, Созақ, Өгізтау) Әбілмәмбет хан (1739-1771) мен Сейіт хан (1741-1745) және Есім хан (1750-1798) билеп, бұл хандардың иелігінде Арғын, Қыпшақ, Қоңырат, Уақ рулары болды. Тіпті, Түркістанның соңғы ханы Әликеннің тұсында (1858-1860) бұл өлкеде Қоңырат, Қыпшақ, Сарыүйсін рулары өмір сүрді»  деп баяндайды.

И.Ерофееваның XVIII ғасырда Сайрам, Иқан, Түркістан өлкесінде өзбектердің қоныстанбағандығын көрсетуі олардың Оңтүстік Қазақстанға кейін Қоқан хандығы кезінде көшіп келгендігін дәлелдейді. Мәселен, XVII ғасырда Оңтүстік Қазақстанда болған Тобыл саудагері Тауыш Мерген де өз естелігінде Түркістан қаласын 1000-ға жуық қазақтардың мекендейтінін  жеткізеді. Егер, Түркістан аймағында өзбектердің үлкен шоғыры қоныстанған болса, саяхатшылар оны да жазып қалдыратын еді. Ал, тарихшы-археологтар К.Байпақов пен А.Нұржанов Сайрам қаласы туралы зерттемесінде XVI ғасырдан бастап Сайрам қаласында қазақтардың санының тұрақты түрде өсіп отырғандығын айтады.

Иқандық Тухташ Мамаевтың тарихи және шежіре мәліметтерінің негізінде жазған «Иқон ва Иқонликлар» атты зерттеу жұмысы да біздің тұжырымызды қуаттай түседі. Тухташ Мамаев өз зерттеуінде Түркістан ауданындағы Иқан, Иба ата, Шаға, Сайрам ауданындағы Ақсу, Манкент, Қарабұлақ, Қарамұрт селосындағы өзбектердің Самархан, Хорезмнен көшіп келгендігін айтады.Тухташ Мамаевтың бұл дерегін тілші ғалым А.Ходжиев та растайды. А.Ходжиевтың көзқарасынша, өзбек тілі Оғыз, Қарлұқ, Қыпшақ диалектісіне бөлінеді. Оғыз диалектісінде Хорезм өзбектері сөйлейді. Ал, Иқан, Қарабұлақ, Қарамұрт өзбектерінің тілі өзбек тілінің оғыз диалектісіне жатады. Бұл, Иқан, Иба ата, Қарабұлақ, Қарамұрт өзбектерінің Самархан, Хорезмнен көшіп келгендігіне нақты дәлел бола алады.

Ал, Самархан, Хорезм өзбектері Оңтүстік Қазақстанға қашан көшіп келді дегенге келетін болсақ, оларды ХІХ ғасырда көшіп келді деуге толық негіз бар. Тарихшы-археолог М. Тұяқбаевтың айтуына қарағанда, Иқан мен Иба атаға өзбектер ХІХ ғасырда көшіп келген. Себебі, бұндағы өзбектердің қорымы ХІХ ғасырға тән. Ал, оған дейінгі Иқан төңірегіндегі қорымдарда қазақтар жерленген. Бұған өзіміз Түркістан төңірегіндегі өзбек ауылдарына экспедиция жасағанымызда да көз жеткіздік. Иқандық өзбектер ары кетсе бесінші атасының ғана моласын көрсете алады. Одан бұрынғы ата-бабаларының қайда жерленгендігін нақты нұсқай алмайды.

Жалпы, Қазақстанның оңтүстігіне Қоқан хандығы өз үстемдігін жүргізген кезде оларға қазақтың 150 000 отбасысы бағынған. Бұл – 150 000 отбасы дегеніміз адам санына шаққанда шамамен 600-700 мыңға жуық халық болады. Ал, қоқандықтарға 600-700 мың қазақты уысында ұстап тұру үшін қанша әскер керек еді? Біздіңше, Қоқан хандығы Оңтүстік Қазақстанды билеу үшін кем дегенде 60-70 мың әскер ұстап тұрды деп шамалаймыз.

Әйтсе де, Оңтүстік Қазақстан тұрғындары Қоқан езгісіне ұдайы өз қарсылығын білдіріп келген. Мысалы, 1821 жылы қоқандықтардың езгісіне шыдай алмаған 12 мың қазақ Тентек төренің басшылығымен Сайрам мен Шымкентте көтеріліс жасады. Омар ханның көтерілісті басуға жіберген әскербасысы Абулқалым атлақ өзінің айлакерлігінің арқасында Сайрам мен Шымкентті басып алып, көтерілісті жаншыды.  Осыдан кейін, Қоқандықтар өз билігін нығайту үшін Мәдәлі хан билік (1822-1842) жүргізген жылдары Оңтүстік Қазақстанда көптеген жаңа бекіністер сала бастады. Өзбекстанның мемлекеттік архивіндегі деректерде бұл бекіністерді: «Жаңақорған, Қошқорған, Дыңқорған, Шымқорған, Қамысқорған» деп көрсеткен. Бұл жаңа бекіністерге өзбектердің келіп қоныстанғандығын В.А Каллаур да өз жазбасында баяндайды. Ал, Өзбекстанның мемлекеттік арихивінде бұл жаңа бекіністердің әрбірінде шамамен 250 өзбек отбасысының қоныстанғандығы айтылады. Яғни, сонда қоқандықтардың әрбір бекінісінде 1000-нан астам өзбектің қоныстанғандығын шамалауға болады.

Задында, Оңтүстік Қазақстанды Қоқан билігінен азат ету мәселесі Қазақ билеушілерінің  назарынан бір сәт те тыс қалған емес. Мысалы, Кенесары хан 1841 жылы Ресеймен арадағы уақытша бейбітшілік келісімді пайдаланып, Оңтүстік Қазақстанды Қоқан езгісінен азат ету үшін 4 мың қолмен келіп, Жаңақорған, Жүлек, Ақмешіт бекіністерін шапты. Созақ бекінісін 18 күн қоршап ұстап, соңынан басып алды. Бірақ, Ресей  патшалығы Кенесары ханның күшейіп кетуінен қорқып, уақытша келісімді бұзуына байланысты, Кенесары хан Арқаға қайтуға мәжбүр болды. Шерәлі хан (1842-1845) мен Хұдаяр хан (1845-1875) тұсында Қоқан хандығы әлсіреп, ыдырау және жойылу кезеңін басынан кешірді. Қоқан хандығының екі бүйірінен, бірі Арал теңізінен Сырдың бойын жағалай Орынбор генерал-губернаторлығының әскері, бірі Жетісудан Омбы генерал-губернаторлығының әскері келіп, бар-жоғы бес-он жылдың ішінде Қоқан хандығын жаулап алды. Осы кезде жергілікті қазақтар діні бір қоқандықтарға емес, Ресей әскерінің жағына шықты. Себебі, қоқандықтар өздеріне бағынышты жергілікті қазақтарды аяусыз азаптап келді. Оны Мәшһүр Жүсіптің мына естелігінен көруге болады:«Кеше XVIII (бұнда қате кеткен ХІХ ғасыр болуы керек) ғасырдың ішінде қазақ уалаятында «Қоқан заманы» деген заман болды. Сонда қазақта мақал болып қалды «Ақ жалау барда малым бар деме, Әзірейіл барда жаным бар деме» деген сөз. Ол ақ жалау деген Қоқан хандарының ел шабатұғын қосыны екен. Ол ақ жалау ат үстінде жүргенде қазақтың малында, басында, қатын-қыздарында ерік болмады. Қазақты шапқанда қалай шапты, атқа мінер, сойыл ұстарын тегіс қырып, бесіктегі балалардың ұят жерін қаратып, еркек кіндіктен дәнеме қалдырмай, мал-жан, үй-мүкәмалын қосындағыларға олжалы қылып, қатындарын апарып күң орнына жұмсады. Жалғыз-жарым еркектерді ақ жалаудың үстіндегілергі хандарынан, қолбасыларынан жасырып, ұрлап, өлтірмей тірі алып кетіп, Ташкентте Қоқанның ар жағында Қанбағыс, Досбағыс деген еліне жиырма бес ісек-тұсаққа сатады. Сонан өлмей, тірі құтылып келген шалдармен сөйлесіп, осы әңгімені өздерінен естідім…».

Шымкент өңірінде қоқандықтардың шариғатта жоқ «қыз салығын аламыз» деген ісіне Сапақ би, Мәдәлі қожа, Телқожа батыр, Ырысқұлбек батыр, Мұсабек батырлардың қарсы шығып, Ордабасы тауында Қоқанның наместнигі Мырза биді әскерімен бірге жойып жіберген. Егер, Қоқан билеушілері шариғатқа сай халықты әділетті басқарған болса, Сапақ би, Мәдәлі қожа, Мұсабек батыр, Сыпатай батыр, Байзақ датқа, Қанай датқалар діні басқа Ресей әскеріне болысып, Қоқанға қарсы соғыспас еді. Қоқандықтардың қазақтарға жасаған шектен тыс зорлық-зомбылығына қарсы күрескен батырлар туралы хикаялар халық аузында әлі айтылады. Бұны Мәдәлі-қожа, Майлы-қожа, Құлыншақ, Жамбыл, Сүйінбайлардың жырынан көре аламыз.

Мұхан ИСАХАН

 

 

Пікір жазу