Тәуелсіздік туын тіккен уақытта, 1992 жылдың 15 қаңтарында «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заң қабылданып, дін ахуалы жандана бастады. Осы жылдар аралығында діни сенімге өркениетті көзқарас қалыптасып, сенім бостандығы демократиялық қоғамның ажырамас бөлшегіне айналды. Мұнан кейін 2011 жылдың 11 қазанында қабылданған Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы Заң» дін саласын реттеудің жаңа кезеңіне көшіп, ел азаматтарының ар-ождан, сенім еркіндігін қамтамасыз етуде тың тәсілдер мен тиімді шараларды жаңа заңнамалық сатыға көтерді.

Бүгінде белгілі, Қазақ жері көпконфессиялы, ұлы өркениеттерге негіз болған әлемдік және дәстүрлі дін өкілдері мен 130-дан аса ұлтты ұйыстырған, бақ қонған берекелі ел. Өзінің тарихи сүрлеуінде еліміз алуан түрлі өркениет пен мәдениетті сіңірді. Сол себепті де, қазіргі Қазақстанның зайырлылық ұстанымы осы әлеуметтік топтардың дүниетанымдық және мәдени ерекшеліктерін ескере жүруімізді қажет етеді. Бұл орайда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев күллі қазақ жұртына үлгі, бастамашы болып, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізуге ұйытқы болды. Осы бастаманың нәтижесінде бүгінгі күні Астана әлемдік және дәстүрлі өркениеттер мен мәдениеттердің үнқатысу алаңына айналды. Өзара ынтымақтастық пен толеранттылық, келісім мен бейбітшілікке негізделден съезд қазіргі жаһанды шарпыған радикализм мен экстремизмге тойтарыс беруде өз жоспарларын құрды.

Егеменді еліміздің Ата Заңының 14 және 22 баптарында «Дінге көзқарасына байланысты ешкімді кемсітуге болмайды» әрі «Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар» делінген. Конституцияда көрсетілген қағида күні бүгінге дейін еліміздегі үш мыңға жуық мешіттердің, 9 медресе, бір университет, бір ислам институтының, мешіт жанындағы діни сауат ашу курстарының еш кедергісіз жұмыс жасап, дін өкілдерінің саналы шәкірттер тәрбиелеп, тәлім беруіне кепілдік беріп келеді.

Заң аясындағы кезекті келелі іс қатарында жуырда ғана Алматы қаласында өткен «Діни білім тұтастығы – діни тұрақтылық кепілі» атты республикалық тәжірибелік конференциясын, ондағы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан қабылданған 2020 жылға дейінгі білім беруді дамыту Тұжырымдамасын айтуымызға болады. Аталған Тұжырымдама – еліміздегі діни білім беру жүйесін орталықтандыруға, діни білімнің дамуына оң ықпал етуге бағытталған тарихи құжат. Құжатта мешіттер қасындағы сауат ашу курстарынан бастап, «Нұр Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетіндегі бакалавр, магистр және докторлық секілді көпсатылы білім жүйесін дамытудың кезеңдік, академиялық тетіктері көрсетілген. Діни сауат ашу және дайындық курстары, медреселік орта білім, сондай-ақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен жасалған ортақ меморандум негізінде белгілі шетелдік діни оқу орындарында білім алу жүйесі де осы Тұжырымдамада қамтылды.

2020 жылға дейін дін білімін беруді дамыту жоспарын құру – ел руханиятының өзіндік бағыт-бағдары мен  сан салалы мектебінің іргетасы қаланып, болашаққа байыпты мақсат-мүддемен бағыт алған Діни басқарманың үлкен жетістігі. Атап айтар жайт, бұл құжат Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» және «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңдарына, сондай-ақ ҚР Президентінің «Қазақстан-2050» стратегиясына сәйкес әзірленіп отыр. Сондай-ақ, тұжырымдама Қазақстан Республикасы азаматтарымен қатар, оқу үдерісіне қатысушылардың барлығының білім беру саласындағы заңды мүдделері мен құқықтарын сақтауды қамтамасыз етеді.

Қазақ руханияты дегенде мемлекетшіл буын қалыптастырған Алаш азаматтары ойға оралады. Әлихан, Ахмет, Міржақып сынды алып тұлғалар география, экономика, медицина, саясат, тіл білімі мен әдебиеттану секілді түрлі мамандықты игеріп, елдің – ел, ұлттың – ұлт болып қалуы үшін қоғамға қажетті сан саланың тұтқасын ұстаған азаматтар еді. Ал осы мақтан тұтар тұлғалардың баршасы әуелгі сауатын ауыл молдасынан, медресе қабырғасынан ашқан. Айтпағымыз, діни сауатты жанның болашақ жайлы байламы бекем, пайым-түсінігі кең, жан-жақты өсіп жетілетіндігі.  Әлихан атамыздың рухани ақиқаты бар сөзімен айтар болсақ, «Ұлтыңа, жұртыңа қызмет қылу – білімнен емес, мінезден. Себебі, ібіліс жәннаттан білімсіздігінен шыққан жоқ, имансыздығынан шықты». Білім алып, ғылым игеруде Алаш қайраткері берген анықтамадан асырып ештеңе жеткізе алмаспыз. Ал күллі түркі жұртына ортақ тұлға әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дейді. Бұдан шығар қорытынды, тәрбие мен мінез ұғымдары адамның имани һәм парасат деңгейін көрсетеді. Білім-ғылым игеру тек сол саланың маманы, докторы немесе профессоры болу емес, бәлкім екі дүниенің сырына ой жүгіртіп, төрт құбыланы түгел танитын тұлға болып қалыптасу. Алпыс екі тамырыңды иіп, бойға сіңген білім ғана адамзаттың болмысын шын биікке көтереді.

Діни басқарманың алдағы 2020 жылға жоспарлаған Діни білім беруді дамыту тұжырымдамасы осындай парасат-пайымы терең тұлға боларлық дін маманын қалыптастыруды, имамның тұлғалық дәрежесін өз деңгейіне көтеруді көздейді. Діни білім саласындағы бас құжатқа орай өткен басқосуда ҚМДБ төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы медреселердің колледж деңгейіне көтерілгенін айтып кеткен болатын. Тұжырымдама қамтыған міндеттер қатарында осы медреселердің алдағы уақытта білім алушыларға дүняуи, яғни зайырлы білім бағдарламасын да тереңдеп оқыту көзделген. Бұл айтылғандар дін ғылымының аясы кең, ауқымы барша білімдер жиынтығынан тұратынын байқатады. Біз білетін бүгінгі сан ғылымның іргетасын қалап кеткен мұсылман өркениеті өкілдерінің баршасы дін мен дүние ғылымын ұштастыра дамытқан. Осындай тарих тағылымын үлгі еткен Тұжырымданы басшылыққа ала отырып, Қазақстандағы діни білім беру саласын дамытар болсақ, алар асуымыз, шығар биігіміз алыста еместігі анық. Ендігісі, осы елдің өсіп-өркендеуі, білім беру, халыққа һәм Хаққа қызмет ету жолында ауызбіршілігіміз бен табанды күш-қайратымызды біріктіріп еңбек етуіміз қажет.

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ наиб мүфтиі

 

Пікір жазу