Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Текті аталардан ғасырдан ғасырға жалғасқан, тәлім мен тәрбиенің бастауы болған асыл дініміз Ислам бірлік пен бейбітшілікке үндейді. Ислам сөзі бейбітшілік деген мағынаны білдіреді. Исі мұсылман баласы бауырына сәлем берген сәтте «Әссәламу алейкум» деп, Алладан бейбiтшiлiк пен амандық тiлеп амандасады.
Хақ Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Хужурат» сүресінің 13-аятында: «Ей, адамдар! Негізінде, Біз сендерді бір ер және бір әйелден жараттық, әрі сендерді бір-бірлеріңді танып, білулерің үшін халықтар мен рулар етіп жасадық. Анығында, Алланың алдындағы сендердің ең құрметтілерің – тақуаларың», дейді.
Біз бұл аяттан бүкіл адамзат баласының ұлттар болып бір-бірінен ерекшеленіп жаратылуы Жаратушы Жаббар Иеміздің даналығы, мейірімі мен нығметі екенін түсінеміз.
Күллі өмірі адамзат баласына өнеге болған ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алғашқы амалын мұсылман үмбетін бауырластырудан, қасиетті Мәдинада қоныстанған ру мен тайпаларды татуластырудан бастаған. Осылайша, бірлік пен бауырмалдық сипаттың негізінде Ислам дінінің іргетасы қаланды.
Хақ Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бейбіт жолмен қасиетті Мекке қаласын алғанда басқа сенімдегі халықтың діни рәсімдеріне құрметпен қараған. Бұл – кез келген басшы мен кез келген салаға жауапты адам үшін өшпес өнеге, сарқылмас сабақ деп атар едік. Алла Елшісінің өнегелі ісі басқару ісіндегі барлық адамға үлгі бола бермек.
Елімізде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің мәні мен маңызы күн санап артып келеді. Өйткені әлемдегі саяси ұстанымдар мен мемлекетаралық қарым-қатынастар күн сайын құбылған мына заманда адамзат баласын достық пен татулыққа үндеу аса маңызды істің біріне айналды. Адам баласы келісімсіз келешек болмайтынын жақсы түсінді.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде: «Халықтарды бір-бірінен бөлетін теңіздер емес, надандық пен тілдердің бөлектігі де емес, араздық қана. Достық жоқ жерде араздыққа мүмкіндік мол болмақ» деген еді.
Аллаға шүкір, бүгінде Еуразия жүрегінде бейбіт ғұмыр кешіп келе жатқан Қазақстан төрткүл дүниеге бітімгер, араағайын, ымырашыл іргелі ел ретінде танылды. Еліміздің рухани бірлігін нығайтуға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да сүбелі үлес қосып келеді.
Құдайға шүкір, елімізде дәстүрлі діндер арасындағы өзара келісім жоғары деңгейде көрініс тапқан. Дін қайраткерлерінің басын қосып, барша халықты діни татулық пен тұрақтылыққа үндеген еңселі елордамыз рухани келісім мен бірліктің символына айналды. Сарыарқа төсінде өтетін дәстүрлі съездер діндер арасындағы диалогты дамытуға сүбелі үлес қосуда. Елбасының бұл бастамасы хәкім Абайдың: «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», деген сөзін ғаламдық биікке көтерді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Жолдауында: «Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Этносаралық және конфессияаралық қатынастың қаншалықты маңызды екенін барлық азаматымыз түсіну қажет. Біз қашанда алауыздыққа қарсы тұра білген елміз», деп атап өтті.
Расында, қазақ көшін бастаған кешегі хан-сұлтандарымыз ел басқару ісін ең әуелі ұлтты ынтымаққа ұйыстырудан бастады. Бабаларымыздың бүгінгі ұрпағы ретінде баршамыз бірлігімізді бекем етуге үлес қосуымыз тиіс деп санаймыз.
Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасиетті Мәдина қаласына қоныс аударған сәтте «Мәдина конституциясын» қабылдады. Алла елшісі осы құжатта яһуди қауымымен келісімшарт жасап: «Яһудилердің діні – өздеріне тән, мұсылмандардың да діні – өздеріне тән» (25 бап) деген құқықтық норма бекіткен еді. Сонымен бірге Хақ елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Йемендегі Нажран және Сириямен шекаралас аймақтағы Әйла, Жарба, Әзрух елдімекендеріндегі христиан діні өкілдерімен де бір мемлекетте өмір сүру туралы келісім жасады.
Ислам дінінде діни-сенім бостандығы ғана емес, ұлт пен ұлыстардың да құқығы мен еркіндігі қамтылған. «Араб ұлты өзге ұлттарға үстемдік ете алмайды, өзге ұлттар да араб ұлтынан үстем емес», деп өсиет қалдырған Алла елшісі қашан да адамзат баласын бірлік пен игілікке үндеген.
Асыл дініміздің негіздері бойынша мұсылман баласы өзге дін мен ұлт өкілдерімен адамгершілік құндылықтар аясында өмір сүруі керек. Ислам діні барша ұлтты татулықта, өзара құрмет пен келісім аясында өмір сүруге үндейді. Жаратушы Жаббар Иеміз қасиетті Құранда адамзат баласына: «Алланың жібінен мықтап ұстаңдар, ажырап бөлінбеңдер» («Әли-Имран» сүресі, 103-аят), деп бұйырған. Дана халқымыз: «Ырыс алды – ынтымақ», дейді. Бірлігі бекем елге береке орнайды. Жаратқанның жәрдемімен ынтымақтың арқасында біз қаншама сындарлы сәттер мен сынақтарды еңсеріп келеміз.
Əйгілі ғұлама-ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби: «Шынайы бақытқа жеткізетін істерде тұрғындары өзара көмектесу мақсатын алға қойған қала қайырымды қала болып табылады, ал азаматтары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын қоғам – қайырымды қоғам», деген екен. Қайырымды қоғам болу үшін, ең алдымен, бізге тонның ішкі бауындай бірлік керек.
Алла Тағала халқымызға амандық, жұртымызға тыныштық, күллі адамзат баласына ынтымақ нәсіп еткей. Әумин!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти