Сонымен қатар біздің көптеген ырымдарымыз да шариғаттан, сүннеттен бастау алады. Оған көптеген мысалдар келтіруге болады. Мысалы, түнде ыдыстың бетін ашық қалдырмау, түнде терезелердің перделерін жауып қою, ағын суға дәрет сындырмау, күн батарда ұйықтамау, түнде тырнақ алмау және т.б.
Соның бір дәлелі – отырғанда тізені құшақтауға салынған тыйым. Бізде үлкен кісілер отырған кезде тізені құшақтап отыруға рұқсат бермей жатады. Тіпті, “қу тізесін құшақтап қалғыр” деген қарғыс сөз де бар. Бұл қарғыстың астары “өмірде жалғыз қалғыр”, “ұрпақсыз өткір” деген жаман мағынаны береді. Алайда, күнделікті тіршілікте де үлкен аталарымыз бен әжелеріміз балаларына тізені құшақтап отыруға рұқсат бермейді. Бағамдап қарайтын болсақ, осы ырымның не тыйымның астары Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) хадисінде жатыр екен.
Имам әт-Тирмизи өзінің “Сунән әт-Тирмизи” атты кітабының “Жұма” тарауында “Имам құтпа оқып тұрғанда тізесін құшақтап отыру – макруһ” атты арнайы бап арнаған. Осы бапта бұл мәселеге қатысты Мұхаммед пайғамбардан (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) жеткен бір хадисті келтірген. Онда “Муғаз ибн Әнәс әл-Жуһәниден (Аллаһ оған разы болсын), Пайғамбар (Аллаһтың оған салауаты мен сәлемі болсын) жұма күні имам құтпа оқып тұрғанда тізені құшақтауға тыйым салған” деп келген. Имам әт-Тирмизи: “Бұл – хасан хадис”, – деп ол хадистің шынайылық дәрежесі жоғары екендігін ескеткен.
Ғалымдар бұл хадисті төмендегіше түсіндірген. Яғни, аяқтарын ішіне жақындатып, қолымен не киімімен тізесін құшақтап отыру – макруһ. Себебі, адам бұлайша отырған кезде оны ұйқы қысады әрі дәретін бұзып алуы мүмкін. Бірақ көптеген ғалымдар аяқты құшақтап отыруды макруһ деп санамаған. Себебі, сахабалардың Бәйт әл-Мақдисті (Иерусалим) алғаннан кейін Мағауиямен бірге мешітте жиналғанда осылай отырғандығы риуаят етілген (Әбу Дауд). Бірақ, имам Әбу Дауд риуаят еткен бұл хадистің сәнәдына қатысты сын-пікірлер бар. Оның үстіне имам әт-Тирмизи өзі риуаят еткен хадистің хасан екендігін айтқан. Имам әл-Мубаракфури: “Бұл бапта келген хадистердің барлығы дағиф болғанымен, олар бірін-бірі қуаттайды. Тізені құшақтап отыру ұйқы шақыратындығы күмәнсіз. Сондықтан, жұма күні құтпа кезінде одан сақтанған жақсы. Бұл – менің пікірім. Ақиқатын Алла Тағала біледі”, – деген.
Мұхаммад пайғамбардың (с.ғ.с.) жұма күні құтпа кезінде салған тыйымын қазақ халқы өзінің күнделікті өмірінде де ұстануға тырысқан. Жоғарыда келген хадистегі тыйым мен қазақ ырымындағы тыйымның үндестігін анық байқауға болады.
Рашид МУХИТДИНОВ,
дінтанушы