Біріншіден, Құран-Кәрімде ғибадат жасауға бұйырған илаһи нормалар орын алған. Мәселен, Құранда намаз, ораза, қажылық, зекет, садақа беруге қатысты үкімдер берілген. Алайда, тәпсіршілер құлшылыққа қатысты аяттардың қысқа мазмұнда (ижмали) нәзіл болғанын, оны әрмен қарай Алла Елшісі (с.а.у) сүннетімен толықтырғанын айтады. Айталық, намаз үшін дәреттің қалай алынатындығы, бес уақыт намаздың қанша рукуғтан, қанша сәждеден тұратындығы Хақ Елшісі (с.а.у) сүннетімен бекітілген.
Екіншіден, Құран-Кәрімде каффарат үкімдері, яғни, шариғат бойынша жіберілген олқылық пен қатенің орнын толтыруға қатысты нормалар қарастырылған. Мысалы, ант бұзған жағдайда немесе абайсызда адам өлтірген жағдайда оның кәффараты көрсетілген. Айталық, анттан тайған жағдайда, оның кәффараты үшін он жарлыны тамақтандыру немесе киіндіру, құл азат ету, оған шама-шарқы жетпесе үш күн ораза тұтуы тиіс (Мәйда, 98). Аңдаусызда адам өлтірсе, дийат (құн) төлеп, құл азат етеді немесе екі ай ораза ұстауы қажет (Ниса, 92).
Үшіншіден, Құран-Кәрімде қоғамдық қатынастардағы сауда-саттық, қарыз алу немесе қарыз беру, өсім, кәсіп жасау т.б. мәселелері қарастырылып, оны реттеудің нормалары көрсетілген. Мысалы, Құран-Кәрім экономика саласында өсім беруге былайша қатаң тиым салады: «Негізінде Алла сауданы халал, өciмді харам еткен..» (275)
Төртіншіден, Құран-Кәрімде отбасы институтының мәселелері қарастырылған. Атап айтар болсақ, неке, үйлену, ажырасу, оның күту мерзімі (ғиддат), бала құқығы, жетім баланың жағдайы, мұрагерлік т.б. мәселелер жан-жақты қарастырылған. Мәселен, Құранда некелескен әйелімен төсектес болмай ажарасатын болса, ғиддат мерзімін күтудің қажеті жоқ екендігі баяндалған (Ахзаб, 49).
Бесіншіден, Құран-Кәрімде қылмыс саналатын істер және оның жазалары қарастырылған. Мысалы, кісі өлтіру, мертіктіру, жаралау, ұрлық, қарақшылық, зина, жала жабу тәрізді қылмыстар және олардың жазалары көрсетілген. Айталық, Құранда қысастан кісі өлтірудің жазасы да қысас екендігі немесе жәбірленуші тарап кешірген жағдайда дийат (құн) төленетіндігі айтылған (Бақара, 178) .
Алтыншыдан, Құран-Кәрімде мемлекет басқару істерінің негіздері және бағынушалармен байланыс мәселелері қарастырылған. Басқарушы мен бағынушының қарым-қатынасы әділет, шура (кеңес), маслаха (мұсылмандардың пайдасы), көмектесу және қорғауқағидаттарымен көрсетілген. Бұл жөнінде Бақарасүресінің 205-206; 3 Әли-Ғымрансүресінің 159; 4 Нисасүресінің 58; 5 Маидасүресінің 2; 8 Әнфәлсүресінің, 1; 16 Нәхлсүресінің 90; 42 Шура сүресінің 38 аятында үкімдер айтылады.
Жетіншіден, мұсылмандардың өзге дін өкілдерімен немесе мүлде дінді қабылдамаған адамдармен қарым-қатынасы қалай болу керектігі қарастырылған. Олармен қандай жағдайда бейбіт келісім жасалатындығы, қандай жағдайда соғысатындығы, олармен сауда-саттық жасау, шекара қорғау т.б. мәселелерге қатысты Бақарасүресінің 190, 194, 213, 251; 5 Маидасүресінің 8; 8 Әнфәл,сүресінің 58; 16 Нәхлсүресінің 91-95; 17 Исрасүресінің 70; 22 Хажсүресінің 39, 40; 30 Румсүресінің 30; 49 Хужуратсүресінің 13; 60 Мумтахинасүресінің 8, 9 аяттарында үкімдер берілген.