Сұрақ: Исламда достық жайында не айтылған?
Жауап: Ислам қоғам мүшелерін достыққа, мейірім мен кешірімге, махаббат пен сүйіспеншілікке жігерлендіреді. Сондықтан да адамдар арасында Алланың разылығын қалайтын ізгі кісілер жетерлік. Олардың жақсылары сонша, өзінің қымбат уақытын, маңызды шаруасын екінші орынға қойып, басқа адамның қажеті үшін жеке малын сарп қылады, тамағын береді, үйін ұсынады.
Сөзімізді нақтылау үшін тарихтағы оқиғаға көз салайық. Мұхаммед ибн Иазид ән-Нахуй есімді ғалым былай дейді: «Мен Халилге бардым. Ол шағын кілемшенің үстінде отырған еді. Мені көрген ол ығысып, маған орын берді. Мен оның онсыз да тар жерін, одан әрі тарылтқым келмей, қасына отырудан бас тарттым. Сөйтсем ол мені қолымнан ұстап, өзіне жақындатты да: «Бір-бірін Алла үшін жақсы көрген пенделерге иненің тесігі де тар болмайды. Бірін-бірі жек көрген адамдар үшін дүниенің кеңдігі де түк болмайды», – деп айтты» (Далил әс-Сәилин).
Имам Термезидің жинағында Муғаз ибн Жәбәлдің мынадай хадисі келеді: «Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Ей, Алла! Маған Өз махаббатыңды, Сені сүйген пенделерінің махаббатын, Сенің махаббатыңа жақындататын амалды жақсы көруімді нәсіп ет! Махаббатыңды маған салқын судан да жақсы көрсет!» – деп дұға қылатын», – дейді.
Келесі хадисте: «Жаным уысында болғанға қасам етемін! Сендер иман келтірмейінше жәннатқа кіре алмайсыңдар. Бір-бірлеріңді жақсы көрмейінше иман келтіре алмайсыңдар. Сендерге көмек беретін нәрсе туралы айтайым ба, ол – өз араларыңда сәлемді (бейбітшілік пен достықты) тарқатыңдар», – деп айтқан.
Расында да Исламда бейбітшілік пен достықты насихаттау жолдары көптеп айтылады. Солардың бірқатарын ғана келтірер болсақ, адамдардың арасындағы махаббат пен сыйластықты күшейтудің келесі әдісі – сыйлық беру.
Бұған қатысты имам Суютый мына риуаятты келтіреді: «Бір-бірлеріңізге сыйлық беріңіздер – жақсы көресіздер».
Адамдардың бір-біріне қонаққа барып тұруы да бейбітшілікті тарқату амалына жатады: «Уақыт өте бір-бірлеріңізге қонаққа барып тұрыңыздар, бұл – араларыңыздағы махаббатты күшейтеді» (Табарани).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ