Сұрақ: Мұсылмандар әдеп ережелерін қайдан алады?
Жауап: Негізінде исламда барлық әдептерді қамтыған «әдеп ережелері» деген сияқты арнайы кітап жиынтығы жоқ. Мұсылман ғалымдары өздерінің білімі және ыждаһат деңгейлеріне сәйкес Құран аяттарынан, пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінен алып, адам өміріне қажет жағдайларға орайластырып, жинақтайды. Оларға түсіндірмелер беріп, шығармалар жазады.
Мысалы, Әбу һурайрадан (р.а.) келген риуаятта пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп айтқан: «Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, өз көршісіне құрмет көрсетсін, кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, қонағына құрмет көрсетсін» (әл-Бұхари, Мүслим).
Ибн Хажар мынадай пікірін білдірген: «Бұл хадис пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қысқа да нұсқа, мазмұнға бай сөздеріне жатады. Онда іс-амалдар мен сөз әдептеріне қатысты үш мәселе қамтылған».
Адам және оның қоғаммен байланысы қамтылып, оның қандай болуы тиіс екенін көрсетілген. Мысалы, адамдармен жақсы қатынаста болу, көршіге және қонаққа құрмет көрсету, яғни адам бұл дүниеде күнделікті қарым-қатынас, байланыста болатын халық арасында өмір сүреді, адамдар бір-біріне мұқтаж. Ислам бұл қарым-қатынастың дұрыс негізде болуына және дұрыс бағытта дамуына ұмтылады.
Ал бұлай ету адамдар бірін-бірі құрметтеп, жақсы сөз сөйлеп, жақсы көршілікте болып, меймандостық пен өзара жақсы қарым-қатынас жасағанда ғана іске асады. Бұл хадис мұсылманның отбасында, қоғамда және жалпы өмірде қандай тұлға болуы керектігін көрсетеді.
Демек, исламда әдептілік талаптары мен нормалары аяттар мен хадистерден алынып, белгілі жағдайларға байланысты топтастырылып отырады.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ