Сахаба Һузайфа (Алла одан разы болсын) былай дейді: «Адамдар Алла Елшісінен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жақсылық жайлы сұрайтын. Ал, мен сақтанып жүрейін деп жамандықтың не екенін сұрайтынмын».
– Бір күні мен: «Уа, Алланың Елшісі! Расында біз надандықта болдық. Алла бізге исламды берді. Осы жақсылықтан кейін бір жамандық бар ма?» – деп сұрадым.
– Пайғамбарымыз: Иә, – деді. Мен:
– Сол жамандықтан кейін бір жақсылық бола ма? – дедім.
– Пайғамбарымыз: Иә, бірақ бір бұлыңғырлық бар, – деді. Менде:
– Ол бұлыңғырлық не? – деп сұрадым.
– Алла Елшісі: Адамдар тура жолда әрең жүреді, – деді. Мен тағы да:
– Осы жақсылықтан кейін тағы бір жамандық бола ма? – дедім.
– Пайғамбарымыз да: Иә, тозақ есіктеріне шақырушылар болады. Кім оларға ілессе, тозаққа құлайды, -деді. Мен:
– Уа, Алланың Елшісі! Оларды бізге суреттеп берсеңіз, – дедім.
– Пайғамбарымыз да: Олар біздің нәсілден болады, біздің тілімізде сөйлейді, – деді. Мен:
– Егер сол уақытта өмір сүрсем, не істеуім керек? – дедім.
– Пайғамбарымыз: Мұсылман жамағатымен және басшысымен бірге бол, – деді. Мен:
– Мұсылман жамағаты және басшысы болмаса ше? -дедім.
– Пайғамбарымыз: Ол топтардың барлығынан оқшау жүр, жолама. Тіпті, ажалың келгенше ағаштың тамырын тісіңмен тістеп жатып алсаң да, сол күйде бол, – деп ескертті. (Бұхари, Муслим, Термизи).
Дін – нәзік мәселе, сондықтан ол туралы кесіп пікір айтуға болмайды. Осы хадисте айтылғанды дәл қазір бастан өткеріп отырғандаймыз. Сондықтан, мұсылмандығымыз, елдігіміз сынға түскен қазіргі шақта алауыздыққа тосқауыл қойып, бір-бірімізге жақындай түскеніміз абзал. Әрдайым халқымызбен бірге болып, елдің береке-бірлігін ойлауымыз керек.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ