Сұрақ: Әйелдердің етеккір кезінде намаз оқуына болмайды және оның қазасы өтелмейді. Ал, Рамазан айында етеккір кезінде ұсталмаған Оразаның Рамазан аяқталғаннан кейін қазасы өтеледі. Неге?
Жауап: Етеккір кезеңіндегі әйелдің уақытында оқи алмаған намазының қазасы болмайды, ал Оразаның қазасы болады. Оған төмендегі хадистер дәлел бола алады.
Әйелге етеккір кезінде немесе босанғаннан кейін белгіл бір мерзім намаз оқуға болмайды. Бұлар фикых кітаптарында анық жазылған. Әйел сахабалардан Фатима бинти Әбу Хубейштің айтуынша, Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.): «Сіз етеккір келгенін көрген кезде намаз оқуды доғарыңыз және ол аяқталғаннан кейін қаннан тазаланып ғұсыл алыңыз және намаз оқыңыз», – деп бұйырған екен.
Бұхариден жеткен басқа бір риуаятта: «Етеккір кезеңіңіз жалғасып жатқан кезде намаз оқуды доғарыңыз, содан кейін жуынып дәрет алыңыз және намаз оқыңыз», – деп бұйырылады (Бухари, Хайыз, 19, 24, Удуғ, 63; Мүслім, Хайыз, 62; Әбу Дауд Тахарат, 109).
Айша анамыздан жеткен риуаятта былай баяндалады: «Алла Елшісінің (с.ғ.с.) дәуірінде біздің етеккір кезеңіміз болушы еді. Сол кезде бізге оразаның қазасын өтеу бұйырылғанымен, намаздың қазасын өтеу бұйырылған жоқ» (Бухари, Хайыз, 20; Әбу Дауд Тахара, 104; Тирмизи, Саум, 67; Насаи, Хайыз, 17; Сиям, 64).
Көріп отырғанымыздай, Мұхаммед пайғамбардан (с.ғ.с.) жеткен хадистерде етеккір кезеңіндегі әйелдің оқи алмаған намазының қазасы болмайтыны, ал оразаның қазасы болатыны анық айтылған.
Балғабек МЫРЗАЕВ
Сол кезде бізге намаздың қазасын өтеу бұйырылғанымен, оразаның қазасын өтеу бұйырылған жоқ» осы созге назар аударынызшы . Дурыс жазылган ба? Алле кателесип жазылып кетти ме.
Дұрыс байқадыңыз. Қате кетіпті, түзеп қойдық.