Күндердің күнінде ардақты Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) мүлде салауат айтпайтын мұсылман болыпты. Ол әр күні бес уақыт намаз оқығанымен, арнайы салауат айтуға көңіл бөлмейді. Содан бір күні ол қатты ұйқыға кетіп, түсінде пайғамбарды (с.ғ.с.) көреді. Сол уақытта ол:
– Уа, Алланың елшісі, сіз маған ренжулісіз бе? – дейді.
– Жоқ, – деп жауап қатады пайғамбар (с.ғ.с.).
– Онда неге маған мүлде қарамайсыз?
– Себебі, мен сені танымаймын.
– Неге сіз мені танымайсыз? Ислам ғұламалары сізді өз үмметін таниды деуші еді. Ал, мен – сіздің үмметіңізбін.
– Расымен де солай. Мен маған салауат айтқан үмметімді ғана танимын. Мүмкін сен маған салауат айтпайтындардың қатарынан шығарсың, дейді пайғамбар (с.ғ.с.). Мұндай жауапты естіген жігіт ұйқысынан дереу оянып, дәрет алып, күнде 100 рет пайғамбарға (с.ғ.с.) арнайы салауат айтуды әдетке айналдырған екен.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы