Бірде бір кісі досына барып: «Мен 400 дирхам қарыздандым. Сол үшін сенен көмек сұрай келдім», – дейді. Досы дереу 400 дирхамды бере қояды. Ол кеткеннен кейін досы жылай бастайды. Әйелі ақшасының кеткеніне өкініп жылап жатқан болар, деп ойлап:
– Осыншалық өкінетінің бар несіне бердің? – дейді. Күйеуі:
– Менің онымен достығым болғандығына қарамастан, оның жағдайынан неге хабарсызбын. Неге менен сұрауға мәжбүр қылдым, деп жылап отырмын, – деген екен.
Сахаба Жағфар Садық (р.а.): «Мына бес адаммен дос болма! Өтірікшімен дос болма! Ол сағым сияқты сені алдаумен болады. Жақынды алыс, алысты жақын етіп көрсетеді.
Ақымақпен дос болма! Ол кәдеңе жарамайды. Жақсылық істеймін деп жамандығын тигізеді.
Сараңмен дос болма! Ол өзіне ең мұқтаж кезіңде тастап кетеді.
Қорқақпен дос болма! Қиын күнде сені жау қолына тастап қашады.
Фасықпен дос болма! Бір жейтін тамақ үшін немесе одан да аз нәрсеге сені сатып жібереді» дейді. Жанындағылар «Одан да аз» дегеніңіз не нәрсе?» деп сұрайды. Ол: «Құр дәме. Соңында оған қолы жетпей қалады» деп жауап береді.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ
kazislam.kz