АСТАНА. 26 тамыз. E-ISLAM.KZ -Жақында ғана қазақ оқырмандары «Қазақтың құпия тарихы» атты кітаппен қауышты. Сиясы кеуіп үлгермеген туындының авторы – Бекжан Әденұлы. Кітапта қазақ тарихының әлқиссасы, қалыптасу жолы, түркі тілдес ұлттардың өткені мен мекен еткен аймағы жөнінде тың деректер қамтылған. Қызығы сол, автордың өзі негізінен тарихшы емес, жай ғана энергетик. Алайда, ол бала кезінен өз ұлтының кешегісін білуге қатты құштар болған және сол құштарлығына ұмтылған. Және қызығы, «Қазақтың құпия тарихының әр парағын тек дәретпен, Алланың атын аузына ала отырып жазып шыққан. Бекжан Әденұлын әңгіме тартып, су жаңа кітабы жөнінде сұрағанымызда, былай жауап берді…
– Бекжан аға, «Қазақтың құпия тарихы» кітабын жазуыңызға қандай жағдай түрткі болды?
– Әуелде мен қазақтың салт-дәстүрі Ислам дінінің тікелей ықпалымен қалыптасқаны жайлы жазып бастаған едім. Кітаптың соңғы жағында осы жайлар толық баяндалады. Сосын Қазақ атауының шығу төркінін анықтағым келді. Осы ізденістер мені жалпы Еуразия халықтарының тарихын «қопаруға» мәжбүр етті. Көшпелі тайпаларға қатысты солардан тапқан деректер мен тарихи шешілмеген мәселелер осы кітаптың жазылуына түрткі болды.
– Еңбегіңізді бастан-аяқ оқып шықтық. Тіліңіз ауыр, түсіну қиынға соғатыны рас. Алайда, көркемдігі тұрғысынан кәсіби тарихшының және аз-маз дін маманының стилі байқалады. Оның үстіне, кітаптың алғашқы беттеріне бұл туындыңызды толықтай тек дәретпен жазғаныңызды айтыпсыз және ара-тұра Алланың есімін ауызға аласыз. Бұл – діншілдігіңіз бе, әлде, қазақ тарихына деген құрметіңіздің белгісі ме?
– Кітап оқуға қиын екені рас. Мұнан да қиын болатыны – әуелгі нұсқасында, алайда, ол филолог маман Шырынбек Қойлыбаев мырзаның көмегімен біршама жөнге келтірілді. Оны оқудағы ендігі қиындық – менің сөздерімді қуаттайтын деректердің сол сөздерден соң бірден көрсетіліп отыруына байланысты. Ол деректерсіз бұл кітаптың құны болмас еді, сондықтан олар орнында сақталды және онда қажет еткен адам сол деректерді түпнұсқасынан тексере алатындай сілтеме көрсетілген.
«Адамның емес, Алланың дегені болады» деп түсінген мұсылман қазақтың баласы болғандықтан және қазақ халқының шынайы тарихын ашуды Алла нәсіп етер деген үмітпен осы еңбекті басынан аяғына дейін тек дәретті болған күйде жазып шықтым. Шынында, маған үлкен мүмкіндік берілді, болмаса мұндай еңбек қарапайым мен сияқты адамның қолынан келмес еді. Қасиетті Құранда «Әрбір білім иесінің үстінде айтушы бар» деген мағынадағы аяттар бар, яғни, білім иесінің ізденісі табысты болуы оған жоғарыдан берілетін мүмкіндікке байланысты. Әйгілі Менделеев химиялық элементтер таблицасын түсінде дайын түрде көргені барлығымызға белгілі жайт, мұндай жайлар тарихта жеткілікті.
– Бекжан аға, сіз еңбегіңіздің барысында қазақ халқының қалыптасу тарихын, қазақ тайпаларының Еуропа даласында еркін көшіп-қонғанын, сайын сахараны жаулай шарлағанын әңгімелеп, түркі тілдес ұлттардың тамырын қазақ тайпаларынан тарқатасыз. Және қазақ ұлтына қатысты көптеген деректерді жаңаша саралап, құжат-дәйектердің мазмұнын төл тарихымыздың мүддесінде сөйлетесіз. Әрине, қуантарлық жағдай. Десе де, «Қазақтың құпия тарихындағы» сізге дейін айтылмаған дүниелерді зерделеуге отандық кәсіби тарихшылар неге қадам баспады деп ойлайсыз, әлде, олардың қарым-қабілеті жетпеді ме? Немесе, мұның саяси астары бар ма?
– Түркітілді ұлттар ғана емес, орыс, армян, грузин тәрізді ұлттардың да түбі түркілік тайпалардан қалыптасқаны нақты тарихи деректер арқылы көрсетілді. Бір қарағанда мүмкін емес тәрізді, алайда, осы кітапты мұқият оқып түсінген адам осылай екенін мойындайды деп білемін. Еуразиялық ұлттардың барлығын дерлік ертедегі Сақ (Скиф), Үйсін, Құң халықтарының жекелеген тайпалары қалыптастырғанын көреміз. Ал қазақ халқының жеке тайпадан емес, оның сол Сақ (Скиф), Үйсін, Құң халықтарының қазіргі Қазақстан аймағында тарихи топтасуынан қалыптасқанын тарихи деректер анық дәлелдейді. «Жеті атаға дейін қыз алыспау» заңының тек қазақ халқында болуы және қазақ тілінің ғана ешқандай диалектілерге бөлінбейтіні оның Еуразия халықтары тараған «алтын тамыр» екендігімен байланысты. Ислам дінін қабылдағанға дейін тайпалар «Ақ» және «Қара» болып екі топқа бөлінген және осы екі топ арасында қыз алысу болмаған. «Тең теңімен, тезек қабымен» деген сөз сол заманнан қалған сөз. Жеке тайпа өз ішінде ғана қыз алысудан замандар өте өз тайпа атауымен жеке ұлт қалыптастырып отырған (Татар тайпасы – Татар, Қырғыз тайпасы – Қырғыз, Ұйғыр тайпасы – Ұйғыр, Башқұрт тайпасы – Башқұрт, Алан тайпасы – Қарашай мен Балқар, Маңғыт тайпасы – Ноғай, Қарапапах тайпасы – Қарақалпақ, Абар тайпасы – Авар, Қабар тайпасы – Қабардин, Құман тайпасы – Құмық, Үзік пен Үйсін тайпасы отырықшылары – Өзбек, Түркі тайпасы – Түрік, Бұлғар тайпасы Болгар мен Орыс ұлттарын қалыптастырған. «Алтын тамырды» осылайша ыдырап толық жоғалуыдан сақтаған сол «жеті атаға дейін қыз алмау» заңы болатын. Осылайша қалған тайпалар өзара жіпсіз байланып, қазақ атаулы халық болып сақталып қалды. Алайда, ол кейінірек үлкен бөлігінен айрылды, ол – христиан дінін қабылдау арқылы шіркеу тілі ықпалымен славянтілді халыққа айналған казактар болатын, қазіргі ресейлік казактар мен украин халқы.
Басқа ұлт өкілдері «Қазақтар барлық тарихи оқиғаларды өздеріне тарта береді» деп ренжіп жатады кейде. Алайда, олар негізінен жеке тайпалар есебінен ұлтқа айналғаны анық, ал қазақ халқы солар шыққан «Алтын тамырдың» сақталған жұрнағы болып табылады.
Ресей империясы мен Сталин билігі негізінен Қазақ халқы тарихын жоюға ұмтылды, олар тарихи атаулар мен деректерді қалайда Қазақ халқына қатысы жоқтай етіп тұжырымдайды, алайда, оларды өзбек, ұйғыр, қырғыз, татар, түркімен, моңғол тәрізді халықтарға тиесілі деуге жол береді. Өйткені, қазақтан басқа ұлттардың ешқайсысы түркітілді халықтардың «Алтын тамырымыз» дей алмайтынын жақсы түсінеді. Сол себептен, Еуразия халықтарының шынайы тарихын Қазақ халқы тарихын зерттеу арқылы ғана анықтау мүмкін болып отыр. Біздердің осындай ортақ тарихымыз Қазақстанда өмір сүріп отырған ұлттарды «Алтын тамыр» аясында біріктіретін күшке айналуы тиіс.
Осы кітапта айтылған дүниелердің осы кезеңге дейін Қазақ тарихшылары тарапынан айтылмауы қазіргі еліміздің саясатына еш байланысты емес. Керісінше, қазақ тарихын қайта зерттеуге Елбасы өзі тікелей нұсқау бергеніне барлығымыз куәміз. Кеңес өкіметі ұлттық тарихшыларды қатаң қадағалап ұстау ниетімен славянтілді адамдардан арнайы тарихи мамандар дайындағанын және жалпы ұлт тарихшыларына ежелгі тарихты зерттеуге мүмкіндік бермегені жайлы нақты деректер осы кітапта келтірілді. Қазақ тарихшылары негізінен Қазақ хандығынан бергі тарихты зерттеумен айналысты, ал Құң мен Скифтер тарихы немесе Хазар мен Ұлы Булғария мемлекеттері тарихын зерттеу тек славянтілді ғалымдар еншісінде болғаны анық. Қазақы ақ көңілділікпен біздің тарихшылар сол славянтілді ғалымдар тұжырымын «Құран үкіміндей» қабылдап отырды, әлі де сол әдеттен айрыла алмай отырғаны шындық. Олар «қазақтың Албаны мен Кавказ Албаниясы және қазіргі Албания елін өзара қатысты деп санамаңдар» дейді, біздер ойланбастан «ләппай» дейміз. Олар «Тарбағатайда болған Абар тайпасы Кавказдағы Аварлар мен Еуропада болған Авар қағанатын құрғандарға қатысы жоқ» дейді, оны да солай қабылдаймыз. Олар «Аландар иран тілді, Аландар ұрпағы – Осетиндер» дейді, біздер бір-біріне Алан деп сөйлейтін Балқар мен Қарашайды көре тұра, олардың айтқанына сенеміз. Олар «Адыгей халқының бір бөлігі Черкес деп аталған» дейді, ал Адыгей халқы бұл атауды ешқашан қабылдамағанын өздері де мойындайды, ал біздер өзімізде Шеркеш тайпасы бар екенін біле тұра, олардың айтқанын қабылдаймыз. Олар «Казактар ішкі Ресейден крепостной құлдықтан қашқан орыстардан қалыптасты» дейді, ал біздер Казактар жайлы он төртінші ғасырдан белгілі екенін және крепостной құлдық Ресейде тек он жетінші ғасырда ғана енгізілгенін біле тұра олардың айтқанына көнеміз. Олар «Закавказьеде болған Касахия елі мен Кашак халқы дегендер Кабардиндердің ата-бабасы» дейді, біздер ондағы қазір де бар Казах пен Касах атауларын көре тұра және Кабардиндер сол заманда Кавказ маңында өмір сүрген Қабар тайпасы ұрпағы болуы мүмкін екенін түсіне тұра, оларға сенеміз, Казактардың келбеті мен киімдері сол кавказдықтармен бірдей екенін де біле тұра, олардың Закавказьеден қуылған қазақтар ұрпағы екеніне сенбейміз (бізге ресейліктердің «олар Қазақ емес» деген бір ауыз пікірі – «асыл тұжырым»). Олар Қырым аймағында өмір сүрген Рус пен Сакалбан тайпаларын еш қатысы жоқ болса да бұрмалап, өздерінің арғы аталары етті, ал біздер Касахия мен Кашак және Казак пен Казах атауларының Қазақ халқына тиесілі екенін айтуға рухымыз жетпейді. Неге? Әлде, шынынмен құлдық психологиядағы ұлтқа толық айналып үлгердік пе? Құлдың әрқашан қожайынға еліктейтіні және ұрпағым сол қожайынға ұқсаса екен деп армандайтыны белгілі жайт. Қазақтардың өз балаларын жаппай орыс тілді етуге ұмтылуы, қазақ қыздары мен әйелдерінің барынша сары шашты орысқа ұқсауға тырысуы олардың таза құлдар екеніне дәлел тәрізді. Тек аз ғана қазақы тәрбиеде өскен бөлігіміз өз қадірін білетін немесе «самоуважениесі» бар еркін адамдар болып сақталып қалғандаймыз. Осындай қасіретке жетуіміздің бір себебі шынайы тарихымыздың белгісіз болуынан. Қазақ халқының басқа ұлттар тараған «Алтын тамыр» екенін білген ұрпақ мұндай бейшара халге түспес еді ғой.
Қасиетті Құранда «Олар өздерін аса айлакерміз деп санайды, алайда, өздерін жаратқан Алланың айласы зор екенін түсінбейді» деген мағынадағы аяттар бар. Ресей империясы мен Сталин саясаты «Алтын тамыр» тарихын аса айлакерлікпен құрдымға кетірдік деп санаған болар, алайда, Алла біздің тарихымызды шебер жасырып қойғанына және оны халқымыз егеменді болған осы заманда қайта табуымызға мүмкіндік бергеніне осы кітап куә. Қазақ ғалымдарының енді осы жаңа ашыла бастаған шынайы тарихты ары қарай жете зерттеуі ұлты алдындағы қасиетті борышы болар. Ол үшін олардың әрқайсысы өз руын өзгеден жоғары санау сезімінен бас тарта алуы қажет. Қазақтың жүзге бөлінуі мен тайпалар туыстығы арасында ешқандай байланыс жоқ екенін осы кітаптан көресіздер. Туыстығы жағынан Қоңырат, Беріш, Шапырашты, Ысты, Ысық, Төре жақын екен. Албан, Сыбан, Адай, Әлім, Сіргелі, Сарыүйсүн, Таз жақын екен. Арғын, Ошақты, Табын, Керей жақын екен. Тама, Найман, Дулат, Тана, Жалайыр, Рамадан жақын екен.
– Кітапты жазу барысында Лев Гумилевтің, Олжас Сүлейменовтің еңбектерін, әсіресе, ғаламтор желісіндегі Уикипедияның мәліметтерін көбірек пайдаланғаныңыз аңғарылады. Бұл оқырманның күмәнін тудырады деп ойламайсыз ба?
– Кітапта негізінен Лев Гумилев, Олжас Сүлейменов, Мұрад Аджи еңбектері және ең бастысы, араб тарихшысы әрі географы Әл-Масуди жазбасы деректері қолданылды. Өйткені, бұл кітапта тек Қазақ хандығына дейінгі кезеңдер ғана талқыланды. Қазақ хандығынан бергі тарихты өз тарихшыларымыз толық зерттеген деу орынды. Сондықтан «қазақ тарихшылары деректерін қолданды» деп басқа ұлт адамдары айыптамас үшін өз тарихшыларымыздың еңбектеріндегі деректерді қолданбауға тырыстым. Укипедия жүйесі менің жұмысымды аса жеңілдетті. Бұрынғыдай архив ақтарып, жылдар бойы отыратын заман емес, қазір бүкіл әлемдегі ұлттардың ресми тарихтары мен ертеде өткен тайпалар жайлы тарихи деректер осы Укипедия жүйесіне орыс тілінде енгізіліп қойылған. Оларды енгізгендер сол ұлттардың ғылыми өкілдері болғандықтан ондағы деректерге сенбеу орынсыз.
– Еңбегіңіздегі «Асылүй тайпасы және оның ұрпақтары» туралы тұжырымыңыз, меніңше, қолданыстағы тарихта айтылмайды. Оқырмандарымызға ұғынықты бола түсу үшін осы тақырыпты тарқата айтып берсеңіз.
– Бұл кітаптың «алтын діңгегі» – осы Асылүй (әуелгі атауы Асылұя) тайпасы ұрпақтарының дәстүрлі билігі тарихы, өйткені, олардың «дәстүрлі патшалық ету тарихын» көрсету арқылы Еуразияда өмір сүрген халықтардың және мемлекеттердің өзара тарихи байланысын анықтай аламыз. Сонау біздің дәуірге дейінгі үшінші ғасырдан осы заманға дейін Еуразияда өмір сүрген мемлекеттерді билеп келген әулеттердің сол Асылүй тайпасы ұрпақтары екені анық. Сенбесеңіз, осы кітапты мұқият оқып шығыңыз, мен шын мәнінде олардың аса дарынды болғанына таң қаламын. Қазақтың «тегіне тартқан» деген сөзі бекер емес. Қазіргі Шапырашты, Беріш, Ысты, Ысық, Қоңырат, Төре және Шеркеш тайпалары сол Асылүй тайпасынан тарағандар. Әрине, олар кейінгі Ислам діні ықпалымен қарапайым тайпалармен араласуға мәжбүр болды, осылайша олар өздерінің арғы түбін ұмытқан. Ұмытпағаны, тек Төре тайпасы, өйткені, олар – Ислам дінін білмеген Моңғолия аймағынан келген Шыңғысхан әулетінен. Ислам діні ықпалымен қарапайым тайпалармен тығыз араласқандықтан және жеке тайпалар билігінеде араласқандықтан Асылүй тайпасы ұрпақтары қазақтың барша тайпалары құрамына сіңгені анық. Олардың кейінгі замандардағы ықшамдалған атауы Ас пен Аш, кейде Яс пен Әс және Ыс деп те кездеседі. Мысалы, Найман тайпасында Ас руы болғаны айтылады, өйткені, Найман хандығы болды және оны билеген Ас тобы кейін Найман тайпасы құрамына сіңгені түсінікті.
Қазақстан атауындағы «стан» қазақтың «ұстан» деген сөзінен қалыптасқанын байқаймыз. Константинополь қаласын Станбул еткен Түркі Асылжік немесе Тюрки Селджук тобы еді, олар сол қаланы өздеріне тұрақ болсын деген мағынада «Стан бол» деп атағанын көреміз. Ал аты көрсетіп отырғандай, Түркі Асылжіктер сол Асылүй тайпасы ұрпақтары, яғни, қазақ халқынан болатын. Тек ұзақ замандар Оғыз тайпаларынан құралған халықты билегендіктен оғыз тілді топқа айналған. Қазақтың християн дінін қабылдаған тобы болатын казактар да өз тұрағын «Стан» деп атаған, яғни славян тілі ықпалымен «Станица» делінген атау. Қазақ халқы билеушілер отырған тұрақты «Ас станы» деп атағандықтан бұл атау кейін мемлекет орталығы деген ұғымды беретін Астана сөзі болып қалыптасқан. Ал қайдан шыққаны белгісіз делінетін «Түрк» немесе «Түркі» сөзінің арғы түбі «Төргі» болған. Қытай деректері өздерінде «р» мен «ө» және «і» әрпі жоқтығынан «Тугэ» деп көрсеткен Асылүй тайпасының төртінші ғасырдағы билеуші руы атауы. Осы екі әріп өздерінде жоқ еуропалық тілдер ықпалымен «Төргі Асұя» атауы Тюрги немесе «Тюрки Ашина» деп тарихқа енді. Ал өз отандарындағы осы билеушілер атауының кейінгі ықшамдалған нұсқасы – Төре.
– Бекжан аға, кітаптағы жазбаларыңызға барлай қарасақ, Кеңес тарихшыларының дүниелерін тас-талқан етуге тырысасыз. Көп уәждеріңіз, деректеріңіз олардың біздің санамызға сіңдіріп тастаған «тарихына» қарама-қайшы келеді. Олардың құйтұрқы идеологияларын әшкерелеуге асығасыз. Сіздің пайымыңызша, қазіргі отандық тарихшылар да сол шеңберден шыға алмай жүрген сықылды, яки, сескенеді, яки, таптаурын санадан шыға алмайды. Осы орайда, «Қазақтың құпия тарихын» төңкеріс деуге келеді ме, әлде, сіздің шындықты іздеуге деген талпынысыңыздың нәтижесі ме?
– Украйн ғалымының Шыңғысхан жайлы жасаған тұжырымы осы кітапта бар. Ол он төртінші ғасырда Ресей аймағын қазақтар жаулап алғанын және олардың кейіннен Ресей Империясы құрамында азшылық болып қалғанын айтады, ал он тоғызыншы ғасырдағы Ресей Империясы өзіне бағынышты топқа айналған қазақтардың өздерін әуелде бағындырғандар екенін мойындауға арланғанын және осы себептен «жаулаушылар даңқы» алыстағы бөтен халыққа тиесілі етілгенін айтады ол кісі. Яғни, қалмақ пен ойрат текті тайпалар отырған аймақтан Монголия деген атаумен мемлекет орнаттырған Ресей империясы еді және оны ары қарай жалғастырған Сталин билігі болды, осылайша бұрын қазақ халқы тарихында кездеспеген моңғол деген жаңа халық пайда болды. Шыңғысхан заманында болған Маңғыл тайпасы атауы осылайша қалмақ пен ойрат тәрізді тайпалар негізгі халқы болған мемлекеттің атауына айналды және осылайша сол тайпалардың ортақ халықтық атауы моңғол болып тез арада қалыптасып кетті.
Сталин бүкіл түркітілді ұлттардың ертеден бар арабша жазбасын әуелі латын әрпіне, сосын кириллицаға көшіртті. Өз жазбалары бар армян, грузин ұлттары жазбасына тиіскен жоқ. Осылайша ол барлық түркітілді ұлттарды жаппай сауатсыздарға айналдыра білді және ең бастысы, араб әріпті жазбалардың қажетсіздіктен немесе кейінгі ұрпақтың оларды оқи алмауынан толықтай жойылуына жол ашты. Арабша әріптер көмегімен жазылған шынайы тарихты осылай жоқ етті, оны сақтап қалғысы келген ұлт жанашырлары түгелдей жойылды. Иранды билеп-төстеген сол заманда ондағы қазақ халқына қатысты атаулар мен деректерді толықтай бұрмалап өзгертті. Осы кітапта көптеген атаулардың арабша жазылулары арқылы сондай бұрмалаулардың болғанын көрсетіп кеттік. Мысалы, қарах пен қазақ атауының түбі бір екенін, яғни «Караханид» деп көрсетіліп жүрген мемлекеттің дұрыс атауы «Қазақ Хандығы» болғанын және Алтын орда мен Алаш орда атауларыныңда өзара байланысты екенін көресіз.
Осы «Қазақтың құпия тарихы» кітабы ұлт зиялылары мен ғалымдарының өткен тарихымыз жайлы түсініктеріне түбегейлі өзгерістер қалыптастырар деп үміттенемін. Алайда, көбі «мен кіммін, ол кім?» деген оймен пендешілікке салынып, қарсы шығар деп те қауіптенемін.
– Осы кітапты оқу барысында көптеген тың мәліметтерді көзіміз шалды. Айталық, қазақ пен казактың туыстығы, қазақ ру-тайпаларының тарихы, Кавказ жеріндегі қазақтар, Еуропа даласындағы түркітілдес ұлттардың билігі… Әр қайсысы бір кітаптың жүгін көтерерлік тақырыптар. Ендеше, алдағы уақытта осы еңбегіңіздің жалғасын немесе кеңейтіп қайта жазу ойыңызда жоқ па?
– Әрине осы бір кішкентай кітапта үлкен кезеңдерді қамтуға тырысқаным анық. Осы себептен де ол оқуға қиындау қарапайым оқырманға. Оның үстіне барлық шығынды өзім көтергендіктен барынша ықшамдауға тырыстым және осыған дейінгі нұсқасын мың дана етіп тегін таратып жібердім. Тарихшы ғалымдарымыз мені «өзіне қатысты емес іске» араласты деп кінәламай, керісінше өздеріне көмекші деп қабылдаса, бұл еңбек ары қарай толықтала беретіні сөзсіз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жүргізген Асхат Райқұл