Ермек МҰҚАТАЙ: Бізге арабтың, Пәкстанның немесе басқаның діні емес, Құрандағы Алланың діні керек

    0
    131

    Сән-салтанатымен көз тартқан мешіттің бас имамы Ермек Мұқатай мен тілші әңгімесі қасиетті Құран тақырыбында өрбіді…

    – Ермек Тасболатұлы, алдымен Жаратушыдан Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) уәһи етілген қасиетті Құран кітабының түсу тарихын әңгімелеп берсеңіз.

    – Құранның тарихына тоқталар болсақ, ол – ең алдымен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тарихы. Себебі, Құран түсірілмей тұрғанда Араб жарты аралында, бір ауызбен айтқанда, рухани хаос патшалығының дәурені жүріп тұрған еді. Хаос деу себебім, сол уақытта аталған жердің халқында пұттарға табыну, зина жасау, ішімдікті көл-көсір пайдалану және ең жаманы, өз қыздарын тірідей топыраққа көму сынды әдеттер белең алып тұрған болатын. Мұның бәрі адамзат үшін үлкен қасірет, қатер болғаны даусыз. Осы кесапат-қауіптің алдын алу үшін адамзатты тура дінге үйрететін пайғамбарға деген қажеттілік  туды. 

    Осынау ұлық бір істі атқару жолында Алла тағала ардақты Мұхаммед пайғамбарымызды (с.ғ.с.)  таңдап, ол кісіге Құранды түсірді. Дәлірек айтсақ, Құранның алғашқы аяттары түсірілуімен Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Алланың Елшісі, Расүлі атанды. Мекке қаласының маңындағы Нұр тауының Хира үңгіріне жиі барып құлшылық жасап жүрген екі дүние сәруәрінің (с.ғ.с.) қырық жасына жақындаған шағында бойынан түрлі қасиеттер байқала бастайды. Бұл қасиеттер Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қырық жасқа толған кезде ерекшелене түседі де Алла тарапынан келген хазіреті Жәбірейіл періште екеуінің арасындағы болған диалогпен мүлдем биіктеп, пайғамбарлық дәрежесіне ие болумен толықталады. Бәрімізге белгілі, Рамазан айының ішіндегі Қадір кешінде қарапайым бір тау үңгірінің ішінде Алла тарапынан келген хазіреті Жәбірейіл періште екеуінің арасындағы болған осы диалогта әлемдегі барша адамзатты тура жолға бастап, ақ пен қараны ажырататын, ақиқат пен жалғанның парқын көрсететін Құран Кәрімнің «Аләқ» сүресінің алғашқы бес аяты түседі. Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) түсірілген ол аяттар мынадай: «Сондай жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол, адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Ол Раббың аса ардақты. Сондай қаламмен үйреткен. Ол адамзатқа білмеген нәрселерін үйреткен». 

    Сол күннен бастап жиырма үш жыл бойы Құран Кәрім Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Мекке және Мадина дәуірлерінде сүре-сүре, аят-аят болып түсе бастады. Алла тарапынан түсірілген Құранның шеңберінде жүрген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) адамзатты жалғыз ғана Аллаға құлшылық етуге, ауызбірлік пен ынтымаққа, тыныштықпен тақуалыққа, парасаттылық пен көрегендікке, білім мен мәдениетке, яғни, Ислам дініне шақыра бастады. Бізге арабтың, Пәкістанның немесе басқының діні керек емес, Құрандағы Алланың діні керек. Өзгелер дінге өз салт-дәстүрлерін кіргізіп, «Бұл – дін» деген болса, біздің бабаларымыз Құраннан және пайғамбар жолынан насихат алып, хақиқи дінді өмірлік ұстанымдарына яғни салт-дәстүрлеріне айналдыра білген. Міне, бұл Құранның өте қысқа бір тарихы.

    – Алланың кәләмі – Құранның көктен түскен бұрынғы кітаптар мен парақтардан қандай айырмашылығы бар? Күллі мұсылман иман еткен қасиетті кітаптың Таурат, Забур, Інжілден артықшылығы неде?

    – Тарих сахнасына қарасаңыз, адам баласы ең әуелгі адамнан бастап бүгінгі күнге дейін бір даму үстінде болғанын, яғни, даму сатысы бар екенін аңғарасыз. Бұл дегеніңіз, адамзаттың тек материалдық құндылықтармен емес рухани құндылықтармен де даму деген сөз. Алайда, сол даму жолында адамзаттың тура жолдан тайып, бағыт-бағдарынан адасқан кездер көп болды. Сол бір қауымдарды тура жолға салу үшін Алла тарапынан пайғамбарлар келіп, оларды тура жолға шақырды. Бір мәдениеттер құлдырап, құлап жатса, оның орнына немесе басқа бір жерден, жаңа бір қоғаммен мәдениет құрыла бастады. Әр қайсысы әр түрлі бағытта дамығандықтан, Алла тағала да оларға олардың түсінетін деңгейінде пайғамбарлар жіберіп, ол  пайғамбарлармен қоса парақтар мен кітаптар түсірді. Олардың деңгейінде дінді түсіндіру үшін Құранда Мұса пайғамбар перғаунға бармастан бұрын: «Уа, Жаратушы Ием! Менің көңілімді (немесе зейінімді) аш. Маған ісімді жеңілдет. Тілімдегі шырмауды шеш. Менің айтқаным оларға түсінікті болсын! » деген. Сол кітаптар мен парақтар арқылы сол кездегі белгілі бір қауымға үгіт-насихаттар жүргізілді. Себебі, Құраннан бұрын түскен парақтар мен кітаптар тек сол дәуірдегі дамып тұрған белгілі бір қауымға ғана түсірілді. Ал Құран болса, барша адамзатқа ортақ болып түсірілді. 

    Құран түсірілген кезде араб жарты аралының бір жағында дамыған Византия империясы, бір жағында парсылар, ал енді бір жағында мысырлықтар салтанат құрып, бірақ тура жолдан адасып тұрған еді. Құранның Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) түсірілуі арқылы одан бұрынғы кітаптардың үкімі жойылып, әлемге жаңа, тың және кемел бір дін келді. Алла тағала Құранда  «Бүгін діндеріңді кемелдендірдім, сендерге арналған нығметімді тәмамдадым, сендердің діндеріңнің Ислам діні болуын қоштадым» дейді. Міне, кім не десе де, қабылдаса да, қабылдамаса да, адамзат 1500 жылдан бері Құранның сәулесінде дамып келеді. Ғылымның қай саласы болмасын, Құранмен ұштасады. Құранды қайнар көз ретінде қабылдайды. 

    – Иә, расында «Күллі ғылым – Құранда» дейді ғұламалар. Ол жайында Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) былай дегені бар: «Ол – ешбір әзілі жоқ төреші кітап. Оны менсінбей тәрк еткендерді Алла құрдымға батырады, ал одан басқадан тура жол іздегендерді  адастырады. Өйткені, ол – Алланың мықты арқаны һәм хикметке толы сөзі, әрі ол – тура жол. Онымен жүргендер адаспайды, оны арқау еткен тілдер шатаспайды. Ғалымдар оны қанша оқыса да, әсте тоймайды. Көп оқылғаннан ол ескірмейді,  ғажайыптары сарқылмайды. Жындар оны естігенде, «Шындығында, біз  аса ғажап Құран естідік» деп  таңданыстарын жасыра алмады. Кім оған сүйеніп сөйлесе, туралық айтады, онымен үкім етсе, әділ болады, оны ұстанып өмір сүрсе, мол сауапқа кенеледі, оған шақырған тура жол табады». Осы хадис жолдарының растығын бүгінгі өмір мысалдарымен дәлелдеп берсеңіз.

    – Адам баласы, әсіресе, бүгінгі мұсылман баласы Құран оқу үшін өмір сүрмесе де, өмірінің көрікті де маңызды, сұлу, әдемі және рухының биік, жүрегінің тыныш болуы үшін Құран оқуы керек. Оның жарқын мысалы ретінде бір кездері, сонау 610-жылы Рамазан айының 27-кешінде бір тау үңгірінің ішінде Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) түсірілген қаситетті Құран 1500 жыл ішінде адамзатты  материалдық және рухани даму сатысының ең биік шыңына жеткізуін айтуымыз керек. Және бұл даму Қияметке дейін жалғаса бермек. Ислам тарихында қай мемлекет Құранға сүйеніп басқарылған болса, сол мемлекеттің бәрі ренессансқа жеткен. 

    – Дінтанушы ғалымдарымыздың аузынан «Құранды өз бетімен оқып, түсіну – адасушылыққа апарады. Оны ұстаз арқылы ғана ұғыну қажет» деген сыңайдағы сөздерді естиміз. Бұл – қасиетті кітаптағы жазулардың мағынасы күрделілігінен бе, әлде, аудармасының сапасы кемшін болғандықтан ба?

    – Әлбетте, Құранды сауап үшін, ғибадат үшін оқу бір бөлек. Ал түсініп, ішінен үкім шығару үшін алдымен негіз керек. Ал негіз жақсы, білімді ұстаздың алдында, ең болмағанда, сауат ашу курсында қалыптасады. Құрандағы астарлы немесе қос мағыналы аяттарды түсіну үшін белгілі бір білім болғаны жөн. Әсілі, Құран күрделі емес, Құранды күрделі ететіндер – ол Құран аяттарындағы астарлы және қос мағыналарды түсінбей, тікелей қабылдап, соны көпшілікке қате түсіндіру. Бұл жағдайда Құран аудармашыларының да үлесі бар. Себебі, аударманы жасаған кезде Қазақ мемлекетінің ұстанатын Әбу Ханифа мәзһабы мен Матруди ақидасын ескермейді. Сол себептен, қоғамда әр түрлі теріс бағыттар пайда болады.

    Айтарым, кім діни сауат ашқысы келсе, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешіттерінің жанындағы сауат ашу курстарына барсын. Себебі, жүйелі білім болмаса, жүйесіз қоғам құрылады. 

    – Әңгімеңізге рахмет!

    Сұхбаттасқан: Асхат Райқұл

     

     

     

    Пікір жазу