Сұрақ: Бараат түнінде не істеген жөн?
Жауап: Бұған жауап ретінде пайғамбардың (с.ғ.с.) төмендегі хадисін алға тартсақ болады:
«Шағбан айының жартысы толған түнді құлшылықпен өткізіңдер. Күндіз ораза ұстаңдар. Өйткені, Алла Тағала күн ұясына батқан шақта: «Кешірім тілеуші бар ма, кешірейін. Ризық сұраушы бар ма, ризық берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған бар ма, шипасын берейін», – деп, таң шапағы атқанға дейін рақымын төгеді» (Ибн Мажә).
Сол үшін бұл күні мүмкін болса ораза ұстаған игі саналмақ. Себебі ораза адам аз сөйлейді, әдепсіздік жасамайды, айтқан сөзін електен өткізеді.
Сонымен қатар бұл күні өткен өмірді көз алдынан өткізіп, білмей немесе пенделікпен жасап қойған амалдарға, айтқан дөрекі сөздерге тәубе ету, ренжіткен адамынан кешірім сұрау, бермеген қарызы болса оны қайтару, кісі ақысын өтеу сияқты т.б. тәубелік амалдар жасаған қайырлы.
Әдетте бұл күні ізгі мұсылмандар бес уақыт намаздан бөлек нәпіл намаздың санын арттырады. Құран оқып, зікір жасайды.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ