Қасиетті айлардың ішінде Ережептен кейінгі келетін қасиетті ай – Шағбан. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл айды да құлшылықтармен өткізген. Усама ибн Зәйд (р.а.) былай дейді: «Мен Нәбиден (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мен сіздің шағбан айында ораза ұстағандай өзге айларда ораза ұстағаныңызды көрмедім. Мұның мәнісі неде?», – деп сұрадым. Сонда Алла елшісінің (с.ғ.с.) жауабы: «Бұл айға көп адамдар немқұрайлы қарайды. Бұл Ережеп пен Рамазан арасындағы ай. Осы айда амалдар әлемдердің Раббысы алдына көтеріледі. Ал мен амалдарым оразамен көтерілуін қалаймын» (Хадисті имам ән–Насаи риуаят етті).
Сонымен қатар, имам Ахмад риуаят еткен хадисте Әнас ибн Малик (р.а.): «Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үшін нәпіл оразалардың ішінде ең жақсы көретіні – шағбан айындағы ораза еді», – деген. Имам Бұхари, имам Мүслім, имам Тирмизи риуаят еткен хадистерде пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шағбан айында көп ауыз бекіткені жайында баян етілген. Осының бәрі шағбан айы және шағбан айындағы оразаның қаншалықты абзал екеніне ишара.
Шағбан айының 14-інен 15-не қараған ортасында қасиетті «Бәраат» түні бар. Ол биыл ақпан айының 13-інен 14-не қараған түн. «Әл-Кашшаф» еңбегінде «Бәраат» түнінің түрлі атауы жайында айтылған. Мәселен, «Берекелі түн», «Тазару түні», «Рахмет түні». Сонымен қатар, Бәраат түні зәмзәм суы молаятыны жайында жазылған. Имам Табарани және имам Ибн Мажәһ Муғъаз ибн Жәбәлдан (р.а.) риуаят еткен хадисте Расулулла (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Шағбан айының ортаңғы түнінде Алла Тағала бар жаратқанына назар салып, мүшрик және бауырымен араздасқаннан өзгенің бәрін кешіреді».
Осы хадистен шығаратын тұжырым: Алла Тағалаға серік қосу және туысымен араздасу – Хақ Тағаланың жарылқауынан мақұрым ететін іс болмақ. Сондықтан осы екі істен де аулақ болған жөн. Имам Тирмизи Айша анамыздан (р.а.) риуаят еткен хадисте Расулулла (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шағбан айының ортаңғы түнінде Алла Тағала дүние аспанына түсіп, Бәни Кәлб тайпасының қойлары үстіндегі жүннен де көп пендесін кешіреді», – деген. Міне, шағбан айының шарапаты осындай.
Шағбан айы қасиетті болуының тағы бір қыры – имам Ибн Мажәһ Али ибн Абу Толибтен (р.а.) риуаят еткен хадисте Расулулла (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Шағбан айының ортаңғы түні болғанда оны құлшылықпен, ал күндізді оразамен өткізіңдер. Себебі, күн батқанда Хақ Тағала дүние аспанына түсіп, таң атқанға дейін былай дейді: «Менен кешірім тілеуші бар ма екен? Оны кешірейін. Менен ризық-несібе тілеуші бар ма екен? Оған ризығын берейін. Дертіне шипа тілеуші бар ма екен? Дертіне шипа берейін. Кім не қаласа, оған соны берейін».
Мұсылмандардың бастапқы буыны, мәселен табиғиндер, шағбанды «қарилар, Құран оқушылардың айы» деген. Мәселен, Хабиб ибн Әби Сәбит (р.а.): «Шағбан айы – қарилар айы», – десе, басқалар: «Шағбан айы – Құран айы», – деп айтқан. Мұның мәнісі: Рамазан – Құран айы. Бұл баршамызға мәлім. Ал шағбан айында Құранды көп оқу – рамазан айына дайындық. Яғни, шағбан айында Құранды көп оқыған адамға рамазан айында Құранды көп оқу оңай болады.
Жасұлан БАҚЫТБЕК