Сұрақ: Ажал деген не?
Жауап: Жоқтан бар етіп, адамға өмір сыйлаған Алла әрбір тіршілік иесінің қаншалықты өмір сүретінін де жазып қойған. Әрбір кеудесінде жаны бар тіршілік иесі өліммен бетпе‑бет келері хақ екендігі қасиетті Құранда: «Әркім өлімді татады» деп хабар берген («Әли Имран» сұресі, 185).
Сонымен қатар, Құранда өлімнің уақыты да Алланың иләһи ілімімен белгіленіп қойғандығы жөнінде айтылады: «Біз араларыңда өлімді белгіледік. Бізден ешкім оза алмайды» (56.Уақиға-60).
Өмір – адамның туғаннан өлгенге дейін өтетін шектеулі уақыты. Ажал – адамның дәм-тұзы бітіп, дүниедегі өмірінің аяқталған уақыты.
Ажал тағдырмен байланысты болғандықтан исламда ағымдар арасында түрлі пікірлер болды. Мысалы, мутазилиттер қасақана кісі өлтіру «ажалды тездету» деп иман келтірді. Яғни, егер адам өлтірілмесе, онда ол әлі де біраз уақыт өмір сүретін еді деп сенді.
Ал сүнниттер бұл пікірмен келіспей «адам қалай өлсе де ажал сағаты келді» деген сенімге ие. Себебі, мұны Алла алдын ала белгіледі. Алайда, қасақана адам өлімі болғандықтан қылмыскер ұсталып, тиісті жазасын алуы керек деп айтамыз.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ