Елордада мүгедек және ерекше күтімді қажет ететін жандардың өмірі мен тұрмысын жеңілдетуге арналған жобалар жарысы өтіп жатыр. Республикалық бәсекеге оқушылар, студенттер, оқытушылар мен өнертапқыштар қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Тель-Авив университетінің достар қауымдастығы 2016 жылдан бастап Қазақстан аумағында мейкатонды іске асырып келеді. Қазір біз 14-інші мейкатонды өткізіп жатырмыз. Астанада қалалық жастар саясаты басқармасының қолдауымен бесінші рет өтіп жатыр. Финалға еліміздің түрлі аймағынан 10 команда шықты. Қатысушылардың жасы 13-тен жоғары. Бүгінгі сайысқа 10 прототип ұсынылды. Солардың арасында парахоккеймен айналысуға арналған шана бар. Сондай-ақ, біздің жобаға паралимпиадашылар да қатысады. Олар өздеріне парахоккейден әлем чемпионатында киетін шана жасайды», – деді жоба менеджері Евгения Мнайдарова.
Одан бөлек, мейкатон қатысушылары қолға арналған протез, бачамен айналысу үшін қыздарға арналған арба, тағы сол сияқты дүниелерді жобалаған.
«Біздің жігіттер зағип жандар үшін автобусты тану жүйесін жасады. Жүйеге таяқ және көзілдірік кіреді. Көзілдірік автобус нөмірін оқиды және құлаққаппен сөйлейді. Бұл балалар жасаған сынақ үлгісі. Бүгінгі шара үш күнге созылады. Алдымен жоба қатысушылары өз идеялары мен жобаларын таныстырады», – дейді ол.
Жоба менеджерінің айтуынша, мейкатон – мүгедектердің өмірін жеңілдететін құралдар ойлап табатын командалар жобасы. Олардың мақсаты – мүгедек және ерекше күтімді талап ететін жандардың тұрмысын жеңілдету.
«Біздің команда информатика пәнінің мұғалімдерінен құралған. Біз әлемге мейірім сыйлағымыз келеді. Бұл біздің – мақсат. Кейде біз адамдарға көмегіміздің керегін байқамай жатамыз. Бір азаматтың өтінішімен біз қолға арналған протез жасадық. Біздің мақсат – жеңу емес, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу. Біз жасаған протездің баламасы 3 мың доллар тұрады. Ал біз оны 100 мың теңгеге жасап шығардық», – дейді Ұлытау облысынан келген HI-TECH командасының мүшесі Алтынай Сұлтанғали.