Қадір түні қасиетті Құран түскені үшін қадірлі болды! Құран нұры арқылы өмірді тану, өзіңді тану, Құдайды тану жаңа деңгейге көтеріліп, Сапар жеңілдеді. Мән айқындалып, Мақсат бекіді!..
Негізі, «Қадір» сөзі «қадірлі, қымбатты, қасиетті» деген мағыналарды білдіреді. Ғалымдарымыз айтпақшы: бұл түн – адамның қадірі артатын түн! Қадір түнін қадірлеген адам – Құранды қадірлейді, ал Құранды қадірлеген – Ұлы Жаратушысын қадірлейді! Міне осы үшін де адамның қадірі артады!
Хадисте айтылғанындай: «Сіздердің Алланың алдындағы ең қадірлілеріңіз – Алла Тағаланы аса қадірлегендеріңіз!» Сондықтан Қадір түнін қарсы алған адам «Мен үшін бұл өмірде ең қымбатты, ең қадірлі, ең қасиетті-киелі нәрсе не? Өмірімнің соңына дейін тұла-бойыма қандай құндылық жинауым керек? Ғұмырымды қайтсем мәнді де мағыналы өткізем? Қалай қылсам, Алла разылығын таба алам?..» деп толғануы керек…
Осы түні ардақты Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз миссиясын арқалағаны сияқты, біз де адамдық борышты арқалауға іштей дайындалып, сілкінуіміз керек! Әсіресе қасиетті Құранның мәнін, мазмұнын, сырын ұғынуға, түсінуге, мәніне бойлауға ұмтылу қажет! Өйткені адамшылық та, қазақылық та – осы Бастаудан негіз алады! Осылайша надандықтан даналыққа қарай бет алып, шама жетсе, Сапарласқа серік, түнекке Жарық болуға ұмтылу керек…
Бұл Түннің тағы бір атауы – «Тағдыр түні». Жалпы пенденің Адамға айналу жолындағы даму үрдісі сатылап жүзеге асады. Сондықтан Мұсылман адам жаңарып-түлеп, талпынып-дамып отыруға міндетті. «Бір күні бір күніне ұқсаған мұсылман – ұтылды» демей ме хадисте?.. Ең құрығанда осы Қадір түнінде өзімізден есеп алып, Мақсат-мұратымызды нақтылай түсуіміз қажет. «Былтыр кім едім? Биыл кім болдым? Осы бір жыл ішінде Құран нұрын тұла бойыма қаншалықты сіңірдім? Оның мәнін, терең сырын ұға алдым ба? Ойым, ақылым, сана-сезімім – рухани қуатым қаншалықты дамыды? Алла разылығы үшін не істей алдым және не істей алам?..» деп тереңінен толғанатын түн. Сол толғанысымен, сол тереңінен-өзегінен шыққан дұға-тілегімен өз тағдырына жақсылық шақырып, серпілетін түн. Осы тұрғыда Қадір түні дегеніміз – рухани туған күніңіз…
«Әр түніңді – Қадір біл, әр адамды – Қыдыр біл!» деген бабаларымыз қандай данышпан еді?! Әр айымыз – Рамазан айындай, әр түніміз – Қадір түніндей болса, қанеки?!..
Алла жар болсын, бауырлар!
Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ