Таяуда бір досым умраға барып келді. Мен одан: «Қандай өзгерістер болды?» деп сұрадым. Ол: «Мен бұрын өзіңмен бірге қажылыққа барғанда, Құран оқи алмаушы едім. Алла Тағаладан келесі жолы келгенде, оқи алатын болуымды сұрап, дұға тілеген едім. Аллаға шүкір, осы жолы Құран оқи алатын болып бардым» деді.
Мен болсам: «Құлшылығыңда басқа қандай өзгерістер бар?» деп сұрадым. Ол «Бір жылдай болды, таң намазына мешітке бара алмай қалып едім. Умрадан келгелі таң намазына барып жүрмін» деді.
Мен: «Неліктен бара алмай қалдың?» дедім. Ол: «Басқа пәле – тілден» демекші, тілімнен таптым. Өзім таң намазына барып жүргенде, басқаларға: «Таң намазында көрінбейсің ғой?» деп сөйлейтінмін. Бұл ісім дұрыс емес еді. Мұсылман адам құлшылық жасаса, өзі үшін жасайды, біреуге міндетсінбей, жасаған амалыңды рия қылып, мақтанбау керек екен» деді.
Бауырымның осы сөздеріне риза болдым. Себебі, қандай да бір құлшылықтың қабыл болуының белгісі – сол амалдан кейін жақсы амал жасап, жақсылыққа өзгеруі. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, Алла үшін ең сүйікті істер – бұл тұрақты түрде орындалатындары, тіпті олар аз болса да!» деген. (Мүслім)
Алла Тағала баршамызға амалымызда тұрақты болуға жазсын!
Қуат ҚАБДОЛДА