Ертең елордамызда Қазақстандағы Ресейдің мәдениет күндері басталмақ. Бағдарлама аясында өтетін шығармашылық әрі іскерлік іс-шаралар екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар мен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған.
Бірнеше күнге созылатын бұл іс-шара екіжақты гуманитарлық қарым-қатынасқа құрылған жүйелі саясаттың заңды жалғасы саналады. Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева атап өткендей, бастама бір реттік іс-шара емес, өзара сыйластық пен бауырластыққа негізделген тұрақты мәдени алмасудың бір бөлігі ретінде қарастырылып отыр. Бұған дейін Ресейдегі Қазақстанның мәдениет күндері жергілікті жұртшылық тарапынан жақсы қабылданып, оң бағасын алған еді. Бұл осы тұрғыдағы жобалардың аясын кеңейтуге негіз қалыптастырады.
Бүгінде Қазақстан мен Ресей барлық салада тығыз әрі берекелі байланыстарды жолға қойған. Соның ішінде мәдениет саласындағы өзара іс-әрекеттестік екі ел қоғамдары арасындағы ең маңызды әрі ықпалды «көпірдің» бірі саналады. Сыртқы факторлар мен аймақтағы геосаяси ахуал қалай құбылса да, мәдени ынтымақтастық қос мемлекеттің тұрақты диалогін әрі қарай да қамтамасыз ете бермек. Соның аясында мемлекет басшылары деңгейінде гала-концерттердің өтуі, достық скверлері сияқты символикалық нысандардың ашылуы, сондай-ақ тұрақты мәдени іс-шаралардың ұйымдастырылуы өзара сенім мен құрметтің жоғары деңгейін айқындайды.
Бұл саладағы ықпалдастықтың мазмұнын интитуционалдандыру үдерісі одан әрі тереңдетіп келеді. Атап айтқанда, бүгінде екі елдің жоғары оқу орындары арасында 1882 келісім жасалған, 30-дан астам бірлескен білім бағдарламалары іске асырылып жатыр, ал мәдени күнтізбе жаңа бастамалармен толығып келеді. Екі елдің қарым-қатынасы туралы сөз болғанда аймақтық ынтымақтастықты да ойдан шығармаған орынды. Жиі өтіп жатқан өңірлік форумдар мен бірлескен жобалар Қазақстан мен Ресейдің мәдени ынтымақтастығын тек астаналар аясына шоғырландырмай, қалың көпшілік арасына да таратуға септігін тигізіп жатыр.
Осы орайда мәдениет күндері секілді іс-шараның өтуі өз еліңнің тарихын, дәстүрлерін, заманауи мәдени даму барысын өзге мемлекет тұрғындарына таныстыруға бағытталған гуманитарлық іс-әрекеттестіктің классикалық формасы екенін еске салған абзал. Мұндай жобалардың саяси немесе идеологиялық ықпал ету астары жоқ, ол тек қана мәдени дипломатия тұрғысында жүзеге асады.
Қазақ елінің бұл саладағы тәжірибесі мен өнегесі көпке белгілі. Біз мәдениет күндерін қабылдаушы ғана емес, сондай-ақ ұсынушы тарап ретінде де белсенді жұмыс істеп келеміз. Бұған Қазақстанның мәдениет күндерінің көптеген елде өтіп келе жатқаны жақсы дәлел. Мұндай іс-шаралар негізінен екіжақты бағытта жүзеге асырылады және өз құндылықтарыңды өзгеге таңу емес, өнер, білім мен гуманитарлық байланыстар арқылы мәдени кеңістік аясын одан әрі кеңейту әрі мемлекетаралық қарым-қатынасты нығайту мақсатында өтеді.
Биыл елімізде Ресейдің мәдениет күндерінің өтуі де қос мемлекет арасындағы гуманитарлық байланыстардың жаңа сапалы деңгейге көтерілгенін білдіреді. Мұндай кең көлемді оқиғалардың қоғамның күн тәртібіне енуі мәдени алмасуларды қағаз жүзінде ғана көрініс табатын іс-шарадан мемлекеттік дипломатияның тегеурінді тетігіне айналдырады. Бұл өзара тұрақты сенім кеңістігін қалыптастырып, өнер, дәстүрлер мен ортақ тарихи құндылықтарымыз арқылы халықтар арасында баянды достық орнатуға бағытталмақ.
Сондай-ақ мәдениет күндері екі мемлекеттің терең тату көршілік ұстанымына беріктігін аңғартады. Өзара іс-қимыл форматы Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастардың жоғары мәртебесін айқындай отырып, ел ішіндегі қоғамдық келісімді нығайтуға және еліміздіңЕуразия кеңістігіндегі мәдениетаралық диалог орталығы ретіндегі жасампаз имиджін ілгерілетугеде ықпал етеді.
Қазіргі таңда Қазақстан мен Ресейдің салалық ведомстволары мен қоғамдық институттары гуманитарлық байланыстарды үздіксіз үдеріске айналдыруға күш салып жатыр. Мәдениет күндері мен соған ұқсас іс-шаралардың өткізілуі Еуразия құрлығында ортақ мәдени кеңістіктің қалыптасуына ықпал етеді. Ал бұл тек екі елді емес, бізбен тарихы, құндылықтары, дәстүрлері сабақтас өзге де мемлекеттердің ортақ идея айналасына шоғырлануына өзінің септігін тигізбек. Осылайша, мәдени бастамалар өңірдегі кең ауқымды интеграциялық үдерістердің маңызды құрамдас бөлігіне айналады.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметіне сүйенсек, негізгі іс-шара – Ресейдің мәдениет күндерінің салтанатты ашылу рәсімі ертең, 23 сәуірде «Астана Опера» театрының сахнасында өтпек. Бұл күні елордада Қазақстандағы Ресей киносы фестивалі де басталып, фильм көрсетілімдері 26 сәуірге дейін жалғасады.
Сондай-ақ бағдарлама аясында 23 сәуірде Ұлттық музейде екі елдің ғылыми-шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылады.
Бұған дейін, 2025 жылдың 10-13 қазаны аралығында Мәскеуде Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы мәдениет күндері өткен еді.
Айта кетсек, мәдениет күндерін өткізу стратегиясы тек мерекелік концерттер мен іс-шаралар ұйымдастырумен шектелмей, екі елдің жас ұрпағын жақындастыру мен өзара байытуға берік негіз қалыптастыруды көздейді.
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ











