Иранның мемлекеттік телеарнасы жаппай наразылық кезінде қаза тапқан қауіпсіздік күштерінің қызметкерлерін еске алу мақсатында үкіметтің үш күндік ұлттық аза тұту жариялағанын хабарлады, деп хабарлайды Egemen.kz Khaleej Times басылымына сілтеме жасап.
Билік өкілдері Иран Ислам Республикасын қолдауға арналған бүкілхалықтық шерулер өткізуге шақырды. HRANA құқық қорғау ұйымының деректеріне сәйкес, елдегі тәртіпсіздіктер салдарынан 500-ден астам адам қаза тапқан, олардың ішінде қауіпсіздік күштерінің 48 қызметкері бар. Сонымен қатар екі аптаға созылған наразылықтар барысында 10 600-ден астам адам тұтқындалған.
Наразылық акциялары 28 желтоқсанда бағаның күрт өсуіне қарсы басталып, кейін 1979 жылдан бері билік етіп келе жатқан клерикалдық режимге (саяси биліктің дін қызметкерлерінің қолында болуы) қарсы қозғалысқа ұласқан. Иран билігі тәртіпсіздіктің өршуіне АҚШ пен Израильді айыптады. АҚШ президенті Дональд Трамптың араласу жөніндегі қоқан-лоқысына жауап ретінде Иран парламентінің спикері Мұхаммед Бағер Қалибаф Иранға қарсы кез келген әрекет америкалық базалар мен Израильге қарсы жауап шараларына алып келетінін ескертті.
Бейсенбіден бері елде интернет өшірілген, бұл болып жатқан оқиғалар туралы ақпарат алуды қиындатып отыр. Соған қарамастан әлеуметтік желілерде көшелермен жүріп, ұрандатқан адамдар бейнеленген наразылық видеолары тарады. Жексенбі күні мемлекеттік телеарна қаза тапқандардың мәйіттері көрсетілген кадрларды ұсынып, олардың «қарулы террористердің» құрбаны болғанын мәлімдеді.
АҚШ-тың ықтимал араласуына байланысты Израиль жоғары дайындық режиміне көшкенімен, израильдік әскери өкілдер бұл наразылықтар Иранның ішкі ісі екенін атап өтті. Жағдай әлі де күрделі күйінде қалып отыр, ал халықаралық қауымдастық оқиғалардың дамуын мұқият бақылауға алды.
АҚШ-тың бұрынғы дипломаты әрі Иран бойынша сарапшы Алан Эйрдің пікірінше, бұл наразылықтардың биліктегі элитаны құлатуы екіталай.
«Ең ықтимал сценарий – наразылықтар басып-жаншылады, алайда үкімет бұл үрдістен айтарлықтай әлсіреп шығады», деді ол Reuters агенттігіне.
Оның айтуынша, ирандық элита әлі де біртұтас көрінеді, ал ұйымдасқан оппозиция жоқ.
Иранның мемлекеттік телеарнасы батыстағы Гачаран мен Ясудж қалаларында наразылықтар кезінде қаза тапқан қауіпсіздік күштері қызметкерлерін еске алуға арналған жерлеу рәсімдерін көрсетті.
Сондай-ақ қауіпсіздік күштерінің 30 қызметкері елдің орталық бөлігіндегі Исфахан қаласында жерленетіні, ал тағы алтауы батыстағы Керманшахта «бүлікшілердің қолынан қаза тапқаны» хабарланды.










