Ислам діні, өз атауы айтып тұғанындай, бейбітшілікті, әділеттілікті және адам құқықтарын құрметтеуді басты орынға қояды. Өзге дін өкілдерімен өзара құрмет негізінде қарым-қатынаста болу – Исламның жұлынды құндылықтарының бірі.
Қасиетті Құранда Алла Тағала Өзінің шексіз даналығымен адам баласын сан түрлі жолға салып, сынақтан өткізетіні анық айтылаған: «…Сендерден әрбір үммет үшін шариғат және жол белгіледік. Егер Алла қаласа еді, барлығыңды бір-ақ үммет қылар еді. Бірақ Ол сендерді Өзінің берген нәрселерінде (жол-жобаларында) сынамақшы. Ендеше қайырлы істерде, жақсылыққа жарысыңдар! Барлығың Аллаға қайтасыңдар. Ол сендердің қайшылыққа түскен нәрселеріңнің хабарын береді» («Мәида» сүресі, 48-аят). Бұл аятта әр қауым өз отанында, өз жолымен жүргені абзал екендігі, ең бастысы – Аиқатқа ұмтылып, ізгілік жолында ілгерілеу, жақсылық жолында жарысу екендігі ишараланған.
Атадініміз діни еркіндік және сенім бостандығына кепілдік береді. Өзге сенімдегі және өзге дін ұстанатын адамдарға қатысты, оларға әділ әрі құрметті қарым-қатынас жасау туралы бірнеше аяттар бар. Мысалы: «Сендерің діндерің – өздеріңе, менің дінім – өзіме» («Кафирун» сүресі, 6-аят) деген аят: әр адамның өзі дұрыс деп тапқан дінін ұстану, өз сеніміне сүйену құқығын мойындайды. Бұл аят адамдардың басқа діндерге құрметпен қарауын үгіттейді.
Иә, Исламда сенім бостандығы – өте маңызды. Құранның «Ла икрахә фид-дин» деген аятында: «Дінде мәжбүрлік жоқ. Шындықтың жолы қателіктен айқын бөлінген» («Бақара» сүресі, 256-аят) деп айтылғанындай, асыл дініміз дінде зорлық, мәжбүрлік жоқ екенін бекітіп, адамның сенім мәселесінде өз қалауынша таңдау жасауына толық ерік береді.
Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) хадистерінде өзге дін өкілдеріне тек жақсылық жасауды, оларға түсіністік танытуды өсиет еткен. Алла елшісінің өмірінде бұған қатысты көптеген мысалдар бар. Ең әйгілі мысалдардың бірі – Пайғамбарымыздың Мединеге көшіп келгеннен кейін жасаған «Мәдина келісімі». Бұл құжатта Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) өзге дін өкілдерімен бейбітшілік пен әділет негізінде өмір сүруді ұсынып, заңдастырды. Хартия бойынша: мұсылмандар мен христиандар, яһудилер мен басқа да дін өкілдері өзара бірлік пен тыныштықта өмір сүретін болып келісілді.
Енді, осы арада, «зиммилер, яғни мұсылман мемлекетінде тұратын, қорғауға алынғанхристиан немесе яһуди секілді мұсылмандықты қабылдамаған адамдардың жайын бір шолып өтейік. Сенімді хадисте былай делінеді: «Мұсылмандармен бейбіт келісім жасасқан (Исламға) сенбеушіні өлтірген адам, ол иіс 40 жылдық арақашықтықтан сезілетініне қарамастан, Жұмақтың иісін де иіскей алмайды!» (Бұхари риуаяты). Шариғат заңы бойынша, олар мұсылмандарға байлықтарының зекетін бермейді, бірақ салық ретінде жизия төлейді. Ал жизия көлемі мұсылмандар төлейтін салықтан төмен болған… Олардың мал-мүлкіне, ар-намысына, өміріне қол сұғылмайды. Ибн Абидин деген ғалым: «Бізге міндетті болған нәрсе – зыммиге де міндетті; егер мұсылманды ғайбаттау тыйым салынса, зыммиді де ғайбаттау тыйым салынады, тіпті, зыммиге зұлымдық жасау – одан да ауыр», – деген.
Сүйікті Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) өзге дін өкілдеріне қатысты мәмілесіне қатысты бір мәліметтерде: Алла Елшісі қайтыс болған кезде, оның жанында христиандық дін өкілдері де болғандығы туралы айтылады. Олар Пайғамбарымыздың (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) жерлеу рәсіміне қатысып, оған құрмет көрсеткен. Бұл әрекет өзге дін өкілдерінің мұсылмандарға деген құрметі мен түсіністігінің бір көрінісі болып табылады.
Ислам өзге дін өкілдеріне деген әділ қарым-қатынасты қатаң талап етеді. Құран Кәрімде және хадистерде басқа діндерге сенетін адамдарға әділетсіздік көрсету немесе оларды қысым жасауға тыйым салынған; мейірімді, кеңпейіл болу бұйырылған. Мына хадистер: «Нағыз мұсылман – өзгелерге тілімен де, қолымен де зиян келтірмеген адам» (Бұхари, Муслим), «Алла үшін адамдардың ең сүйіктісі – адамдарға пайдалы болғаны…» (Табарани, Ибн Әбу Дуния). Осы секілді үкімдерден Исламның басты принциптерінің бірі – әділдік пен мейірімділік екенін, сондықтан мұсылмандар өзге дін өкілдеріне де әділ әрі мейірімді болуға тиіс екенін көреміз.
Қасиетті Құранда өзге дін өкілдеріне деген дұрыс қарым-қатынас жасау туралы көптеген аяттар бар. Мұсылмандардың өзге дін өкілдеріне қатысты ізгі және толерантты болуы керектігі жайлы аяттар олардың адами құқықтарына құрмет көрсетуге, әділетті болуға және зорлық-зомбылықтан аулақ болуға шақырады. Мысалы: «Алла дін тұрғысында сендермен соғыспағандарға және жұрттарыңнан қуып шығармағандарға жақсылық жасауларыңа және оларға әділдік етулеріңе тыйым салмайды. Шын мәнінде, Алла әділдік етушілерді жақсы көреді» («Мумтахина» сүресі, 8-аят).
Қорыта айтқанда, Ислам бойынша: дін мен сенім мәселесінде әр адамға жеке таңдау құқығы беріледі, сондықтан өзге дін өкілдеріне қатысты әділ және құрметке негізделген қарым-қатынас жасау – негізгі талаптардың бірі болып табылады. Ислам діні өзге дін өкілдерімен өзара түсіністік пен татулықта өмір сүруге шақырады. Сол себепті біз: «Ислам – бұл барлық адамзат үшін жіберілген бейбітшілік, әділет және мейірім діні», – деп мақтанышпен, сеніммен айтамыз.
Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ