«Жана жыл құтты болсын!», деді дап-дардай танысым «ң»-сыз тілек айтып. Оның сөзіндегі «ң» дыбысын баяу есіп тұрған жел жұтқан жоқ. Табиғатынан солай сөйлей ме, әлде аралас тілдің құрбаны ма, ол жағы беймәлім. Осылай әркімнің аузынан «ң» дыбысын іздеп сабылсаңыз, бірталай жерге барып, аялдарымыз да шындық. Сөйтсек, қазір мектептегі оқушыларымыздың көбі «ң»-сыз өмір сүріп келе жатыр екен. Оларға «ң»-ың қайда дейтін мұғалімдер бар ма, жоқ па, ол да белгісіз. Ал бар болса, бір әріп үшін күрес жүріп жатқаны сөзсіз.
«Ң»-ды ойласам, мына бір оқиға есіме орала береді. Қытайдан елімізге келе жатқан ауылдас ағамызды «Қорғас» кеденіндегі бір қызметкер тоқтатып, «сөмкеңді аш» депті. Ашыпты. Туыстарына сыйлыққа ала келе жатқан жейделерді көріп: «Мынау жана ма?», деген сұрақ қойыпты. «Жанбайды», деп жауап айтыпты ағамыз. Кеден қызметкері екінші рет «мынау жана ма?» деп сұрапты. Түк түсінбей тұрған ол «Әй, жейде жанғанын кімнен көрдің? Жанбайды ол», деп тоңқ етіпті. Сонда анадайда тұрған тағы бір кеден қызметкері келіп: «Сіз түсінбей қалдыңыз, ол жейде жаңа ма деп сұрады» дегенді айтады. Міне, осындай кішкене ғана оқиғаға «ң» дыбысы себеп болып отыр. «Қызыл тілде буын жоқ» деп түсінетін халқымыз қашаннан бері таза сөйлеп, тартыстарда, жиын-тойларда сөз сайысына шығып, «ана тілін – арым» деп білгені мәлім.
«Ң» дыбысын айта алмаудың бірнеше себебі бар: физиологиялық жағынан дұрыс қалыптаспаған адамның ң дыбысын дұрыс айта алмауы, яғни баланың ауыз қуысындағы, артикуляциясындағы кемістіктердің болуы (тістің қисық шығуы, таңдайдың, тілдің жырық болып туылуы, тіл ершігінің қысқа болуы т.б.). Жаңадан тілі шығып келе жатқан баланың дыбыстарды айтқанда, ата-ананың ерекше мән бермеуі. Осы орайда академик Р.Сыздықтың пікірінше, ең алдымен, баланың тілі үй ішінде, отбасында шығады. Демек, баланы ана тілінде баулуда, оның ішінде сөздерді дұрыс дыбыстай білуге үйрететін тұңғыш ұстазы – ата-анасы және үй ішіндегі өзге де үлкендер екені мәлім. Сондықтан тілі шыққан балаға қазақ дыбыстарын дұрыс айтқызып үйретуге ата-ана жауапты. Баланың ана тілі дұрыс қалыптаспай тұрып, екінші тілді қатар қолдануы. Себебі тілі толық шыққанымен, өз ана тілінің дыбыстарын дұрыс айта алмайтын балаға орыс тілінің әрі ағылшын тілінің әсері бар. Гаджеттен мультфильмдерді, бейнероликтерді орысша не ағылшынша көріп өскен бала міндетті түрде «н» мен «ң» дыбыстарын шатастырып, олардың өзара ерекшелігін ажырата алмайды. Олар үшін екеуі бір дыбыс болып қабылданады», дейді А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты фонетика бөлімінің меңгерушісі Жанар Жұмабай.
Осы мәселе туралы Абай атындағы № 87 мектеп-гимназияның «Қазақ тілі» пәнінің оқытушысы Әйгерім Біржанқызын сөзге тарттық: «ң» дыбысын айта алмайтындар көбейіп кетті, неліктен? Ата-аналар тілі шыққан балаға санамақ, қуырмаш секілді ойындарды ойнатпайды. Отбасында балаға жаңылтпаш жаттатқызғанның орнына қолына смартфон ұстатып қояды. Сәбилердің көретін контенттерінің бәрі орысша, ата-анасы да орысша араластырып сөйлеп жатады. Бала төл дыбыстарды айтпақ тұрмақ, күнделікті тұрмыста естімегендіктен айта да алмайды деп ойлаймын. Қалалы жерде қазақ тілін күнделікті қарым-қатынас тілі ретінде аз қолданғандықтан, кейбір оқушылар қазақ тіліндегі төл дыбыстарды дұрыс айта алмайды. Әсіресе орыс тілді ортада өскен балалар мен жастарда «ң» дыбысын айтуға қажетті бұлшықеттер мен сөйлеу әдеттері дамымауы мүмкін. Балабақша мен басауыш сыныпта дыбыстарды өткенде әр дыбыстың дыбысталу техникасына көп көңіл бөлмеуі де мүмкін. Қазақ тілінің артикуляциялық базасында «ң» дыбысы ерекше орын алады. Ол тілдің артқы жағының жұмсақ таңдайға көтерілуі арқылы жасалады. Бұлшықеттер дұрыс жаттықтырылмаса, бұл дыбысты айту қиынға соғады. Бала кезден «ң»дыбысын дұрыс айтуды үйренбесе, есейген кезде оны түзету қиын болуы мүмкін. Арнайы артикуляциялық жаттығулар арқылы «ң» дыбысын дұрыс айтуға үйретуге болады. Жаңылтпаш жаттатқызудың көмегі зор. Ауыз әдебиетімен сусындаған бала «ң» дыбысын айтудан қиналмайды деп ойлаймын. Сабақта, үзілісте «ң» дыбысы кездесетін жаңылтпаш айтқызу арқылы күресуге болады. Мысалы, мыңғырған мал мың-мың, Маң ың-дың. Немесе: «Жер асты үңгірлері…» деп досым міңгірледі, Ол міңгірлегенде Үңгірлер де күңгірледі. Қазақ тілі пәнінен 5-сыныпта фонетика тарауын өткеміз. Буындармен жұмыс жасау барысында «Аң-аң-аң», «Ең-ең-ең», «Оң-оң-оң», «Ұң-ұң-ұң» сияқты буындарды қайталап айтқызамыз. Әр дыбысты созып айтқызса, тіл мен таңдай бұлшықеттерін жаттықтырады. Жазылым барысында да оқушылар «н» мен «ң» дыбыстарын ажырата алмай жатады. Бұндай жағдайда тілді таза әрі дұрыс меңгеру үшін «ң» дыбысы кездесетін жалғаулар мен қосымшаларды дұрыс қолдануға ерекше мән беру керек. «Ң» дыбысы кездесетін тәуелдік, септік (ілік септігі), жіктік жалғауларды сапалы меңгерту арқылы нәтижеге жетуге болады». Біз мектепте де осындай мәселе сақталып жатқанын оқытушылардан күнделікті естіп жүрміз.
«Ң» дыбысы тек қазақ тілінде ғана емес, түркі тілдерінде де кеңінен кездеседі әрі ұлттық мәдениеттің, тілдің байырғы болмысын көрсетеді. Латын графикасында бұл дыбыс «N» немесе арнайы диакритикалық белгі арқылы беріледі. Жаңа әліпби реформалары кезінде ң әрпін дұрыс таңбалау мәселесі жиі талқыланды, себебі бұл дыбыс қазақ тілінің табиғи болмысын сақтауда маңызды рөл атқаратынын біздің ғалымдарымыз анық білетін еді. «Ң» дыбысы қазақ тілімен қатар, якут, өзбек, қырғыз, татар, башқұрт сияқты түркі тілдерінде де қолданылады. Ал ағылшын тілінде де «ң» дыбысы бар. Мысалы, ағылшын тілінде «sing» сөзіндегі соңғы дыбыс қазақтың «ң»-ына өте жақын, шамалас келеді.
«Ң» дыбысы – қазақ тілінің ерекшелігін танытатын төл дыбыс. Оның дұрыс айтылуы мен жазылуын сақтау – ұлттық тілді қорғаудың және дамытудың маңызды бөлігі. Ал логопед маман Ақерке Ордабайқызының айтуынша, бала қай дыбысты айта алмаса, алдымен тілді жоғарғы тіске тигізіп және ұстауды үйреген дұрыс екен. «Яғни дыбысы айтылғанда тіл жоғары таңдайға тиіп, діріл арқылы шығады. Сол сияқты қай дыбыс болмасын, сол дабыстың айтылуына қарай тілді икемдеген жөн», дейді ол сала маманы ретінде. Ал қазірге біз «ң»-ды білмес дымды білмес деуден әрі аса алмай тұрмыз. Негізі бұл үлкен мәселе, оған тек сала мамандары ғана емес, әр адам көңіл бөлуге тиіс.