Күнәдан сақтанудың 5 жолы

    449

    Бірде ислам әлемінің белгілі тұлғасы Ибраһим Адһамға бір кісі келіп:

    -Уа, Әбу Исхақ! Мен күнә батпағына батқан бір бейбақпын. Күнә атаулыдан арылып, жүрегімді тазалайтын жол көрсетуіңізді сұрап алдыңызға келіп тұрмын,-деп мұңын шақты. Ғұлама:

    -Көнсең, бес қасиет бар, соны істеуге шамаң келсе, күнәдан толықтай арыласың. Жүрегің де рақат табады,-деді.

    -Уа, Әбу Исхақ! Көндім, айтыңыз.

    -Егер Аллаға күнә жасасаң, жаса. Бірақ Оның берген ризық-несібесінен бір түйірін де аузыңа салушы болма!

    -Жер бетіндегі барлық ризық Онікі. Қайдан қоректен демекшісіз?

    -Ендеше, Оның берген ризығымен қоректене отырып, Оған күнә жасау қалай болмақ?

    -Дұрыс, бұған көндім. Екіншісін айтыңыз.

    -Жасайтын күнәңді Оның иелігінен тыс аймақта жаса.

    -Бұл – әуелгісінен де ауыр талап. Шығыс пен батыс арасы – түгелдей Оның меншігі. Жеті қабат аспан мен жер – тұтастай Алланікі. Қайда барып пана табам?

    -Олай болса, Оның жаратқан жерінде өмір сүріп, Оның ризығын жеп әрі Оған күнә жасау ақылға сыя ма?

    -Рас, бұған да көндім. Үшіншісін айтыңыз.

    -Оның берген ризығын жеп, Оның иелігі болған жерде өмір сүріп күнә жасамақ болсаң, Оның назарына түспейтін орын тап та, сол жерде жасайтыныңды жаса.

    -Уа, Ибраһим! Жеті қабат аспан пен жер астындағы әрбір қыбырлаған тіршілік Оның назарынан тыс қалмайды. Ол – ішімізде бүккен сырдан да Хабардар.

    -Ей, пенде! Оның жерінде, берген ризығын жеп отырып, Оның көріп тұрғанын біле тұра, күнә жасауың жөн бе?

    -Дұрыс. Төртіншісі не болмақ?

    -Өлім періштесі келіп, жаныңды алмақ болса: «Шынайы тәубе етіп, ізгі амал жасауға мұрсат бер» — деп жалбарын!

    -Уа, Ибраһим! Өлім періштесі қас-қағым сәт те уақыт бермес. Мен қанша жалбарынсам да, аяушылық танытпайтыны – ақиқат.

    -Иә, өлімге қарсы тұруға ешбір қауқарың жоқ. Ажал келсе, уақытын кешеуілдетуге ешбір шара жоқ екенін білесің. Ендеше, құтылудың жолы қалай болмақ?

    -Түсіндім. Бесінші ақылыңызды айтыңыз.

    -Қиямет күні тозақ періштелері Заббанилер келіп алып кетпек болса, олармен барушы болма!

    -Олар мені бостан-босқа жібермейді. Олардың уысына түскен пендені тек Жаратқан ғана құтқарады.

    -Ендеше, қалай құтыларыңды біліп тұрсың ғой?!

    -Уа, Ибраһим! Болды, жетер, түсіндім. Құдіреті күшті Раббыма тәубе еттім. Уа, Раббым! Күнәһар пендеңді кешіре гөр! — деген екен.

    Руслан ҚАМБАР

    Пікір жазу