Сұрақ: Зікір етудің мөлшері бар ма?

Жауап: Дінде кейбір амалдардың белгілі бір мөлшері, яғни орындалатын уақыттары бар. Сіз сол құлшылықты дінде белгіленген немесе көрсетілген уақыттарында ғана орындай аласыз.

Мысалы, намаз, ораза, қажылық сияқты т.б. амалдар. Намазды тек уақыты кіргенде оқисыз, қажылық амалын тек қажылық маусымында жасайсыз, оразаны белгілі уақыт аралағында ұстайсыз.

Ал енді зікір жасаудың шектеулі мезімі немесе мөлшері жоқ. Керісінше, дін зікірді көптеп жасағанды мақұлдайды. Өйткені, Алланы, ақыретті, есеп-қисапты көптеп есіне алған адамның жүрегі жұмсақ, кішіпейіл, жылы сөзді, басқаларға жақсылық жасағанды жақсы көретін, мінезі көркем бола түсері сөзсіз.

Бұған қатысты пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мынадай хадісын еске алсақ болады. Әбу Һурайра Алланы көп зікір ету хақында төмендегі хадисті жеткізген:

«Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

– Муфарридундер озды, – деп айтты.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Садақаның қанша түрі бар?

Сонда сахабалар:

– Уа, Алланың елшісі! Муфарридун деген кімдер? – деп сұрайды. Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

– Алланы көп зікір қылушы ерлер мен әйелдер, – деп жауап берді» (Мүслім).

Тіпті, исламда Алланы зікір етудің маңыздылығы сонша, Алланың жақын құлдары мен достары (пайғамбарлар, әулиелер, тақуа адамдар) Алланы зікір ететін кісілер мен Оны мүлдем зікір қылмайтын адамдарды тірі мен өлі адамның мысалы ретінде салыстырған. Себебі, тірі адам ойланып, атырабына ой жүгіртеді, яғни жаратылысқа қарап, Алланы есіне алады, ал мәйітте мұндай қасиет жоқ.

Әбу Мұса әл-Ашғари (Алла оған разы болсын): «Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Раббысын зікір қылған адам мен Алланы зікір қылмаған адамның мысалы – тірі мен мәйіттің мысалы сияқты», – деді» деген риуаятты келтіреді (Бұхари).

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Пікір жазу