Кеше «Нұр-Мүбарак» университетінде Батыс Қазақстан облысынан келген бір топ әйел жамағатына арналған «Зайырлы қоғамдағы мұсылман әйелдің тұлғасы» тақырыбындағы оқыту курсы басталды.
Университет жанындағы Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығының бұл арнайы жобасы «Жусан» гуманитарлық операциясы аясында елге оралған азаматшалар мен деструктивті діни ағымға қатысты әйел жамағатына арналған.
Әуелі университеттің тыныс-тіршілігімен танысқан топқа ректор, профессор Мұхаммад аш-Шаххат арнайы алғысөз айтып, дәріс өткізді. Ислам дініндегі әйел адамның мәртебесін, орнын айта келе әйел қауымына қатысты артықшылықтарға да тоқталды.
ЭҚІҚО директоры Тимур Нүсіпханұлы үш күндік курс барысында «Исламдағы әйелдің психологиялық тыныштығы», «Қазіргі кездегі пікірталас тудырған діни мәселелер», «Исламдағы иман ұғымын түсінудің себептері», «Әлемдік дін контекстеріндегі әйел статусы», «Əйелдің көркі – көркем мінез», «Әйелдің психологиялық құндылығы, шекарасы», т.б. өзекті тақырыптар қамтылғанын атап өтті.
Дәрістерді PhD, профессор Ш. Әділбаева, PhD, психолог Ә. Төлегенова, аға оқытушы А. Калкаева, докторант С. Кағазбекова, психолог, докторант Ш. Дуанаева, теолог А. Темурбаевтар өткізуде.
Ал топқа куратор әрі ұстаз Нәзгүл Медерқызы ұйымдастырушылар НМУ жанындағы ЭҚІҚО мен «Аманат-Жайық» қоғамдық қорына алғысын айта келе, келген қыз-келіншектерге бүгінгі курстың ұнап жатқанын, 3 күн уақыттың аз екенін де жасырмады.
Орталық директоры Тимур Нүсіпханұлы былтырдан бері қолға алынған бұл жоба аясында Алматы қаласы мен облысы, Атырау қаласы, Ақтөбе, Қарағанды облыстарынан келген 200-ге жуық адам қамтылғанын жеткізіп, болашақта курстың жаңа жобалары барын жеткізді.
«Нұр-Мүбарак» университетінің баспасөз қызметі