Сұрақ: “Жеті жарғыда” ар жазасы жайында жазылыпты. Ол қандай жазалар?
Жауап: Жалпы, «Жеті жарғыдағы» жазаның ең ауыр түрі ар жазасы саналды. Ар жазасы ауыр қылмыстар мен өрескел теріс қылықтар үшін тағайындалды. Бұл жаза – үш түрге бөлінеді:
Біріншісі, масқаралау жазасы. Бұл жаза көбінесе ата-анасына немесе ел ақсақалдарына қол жұмсап, тіл тигізген көргенсіз ұл мен қызға тағайындалатын. Масқаралау үкімі кесілген адамның мойнына құрым киіз кигізіліп, бетіне қара күйе жағылып, есекке немесе өгізге теріс отырғызып, көргенсіз іс істегені бүкіл ауылға таныстырылады. Оны бала-шаға, қатын-қалаш мазақ қылады. Мазаққа ұшыраған адам мұқым елдің алдында енді теріс қылық жасамайтынын айтып ант су ішеді.
Екіншісі, елден қуу. Бұл жаза негізінен христиан дініне өткен қандастың мал-мүлкі тәркіленіп, талауға алынып, оны елден кетірумен жүзеге асқан. Әсілі, елден қуу дегеніміз ру мүшелігінен айырылу болып табылады. Ал, ру мүшелігінен айырылу ер-азамат үшін ең ауыр жаза саналған. Себебі, қазақ халқының қоғамдық құрылысы патриархалды-рулық жүйеден тұратын. Жер дауы, жесір дауы және өзгеде көшпелі ғұмырға тән күрделі мәселелерде индивидтер рулық жауапкершілік арқылы өз мүддесін қорғайтын. Яғни, ру мүшелігінен айырылу – «опасыздарға» кесілетін үкім еді. Қазақ қоғамы дінін сатқан опасыздарға осындай ауыр жаза берумен діни тұтастығын нығайтуды көздеді.
Сонымен бірге, «Жеті жарғы» бойынша өз-өзіне қол салған адамдардың мұсылманша жаназасы шығарылмайтын. Ондай адамдар мұсылман қорымынан бөлек жерленетін. Бір қарағанда бұл жазаның санкциялық сипаты айқын көрінбегенмен, қазақтың сенім-нанымында бөлек жерлеу – жұрт алдында арыла алмайтын ауыр күнә болып есептелді. Өзіне өзі қол салушылық – ағайындары үшін сүйекке түскен ауыр таңба болып саналды.
Үшіншісі, тасборан жасап өлтіру. Құдайға тіл тигізгені жеті адамның куә болуымен расталса, ол адам тас боранмен өлім жазасына кесілді. Қазақтың әдет заңын зерттеушілердің бір тобы «Жеті жарғыдағы» осы санкцияны өлім жаза тағайындалатын қылмыстық істердің санатына жатқызса, келесі бір зерттеушілер тасборан үкімін «ар жазасы» деп санаған. Себебі, тасборан үкімі орындалғанда мәйіттің сау-тамтығы қалмайды. Сондай-ақ, бұл үкім сол әулеттің бетіне түскен шіркеу болатын.