Ұлттық академиялық кітапханада жазушы-публицист, “Меценат.кз” әдеби байқауының тұңғыш лауреаты Шархан Қазығұлдың жаңа кітабының тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
“Күлпат” атауымен жарыққа шыққан жаңа кітап автордың роман жанры бойынша алғашқы кітабы. Публицистика жанрында қалам тербейтін жазушы бұл шығарманы жазуға бір жыл уақыт жұмсағанын айтады.
Менің бұл романым көркем әдебиеттегі дебюттік шығармам. Өзім өмірбойы публицистикамен айналыстым. Сол жанрда 9 кітап жазып жарыққа шығардым. Жасымыз ұлғайғаннан кейін, өмірден көрген-түйгеніміз бар, соның барлығын кесек көркем шығарма арқылы жазғанды жөн көрдім. Оның үстіне пандемия кезінде істейтін жұмыс болмады. Үйде бос отырғанды қаламайтын адам едім. Сол кезде осы романды жаздым. Шығарманы 6 айда жазып аяқтадым. Ал 4 ай иін қандырдым. Жалпы бір жыл көлемінде бітті. Романды қазақ қоғамы дұрыс қабылдап жатыр деп ойлаймын. Себебі роман қазіргі оқырманның талғамына сәйкес қысқа халықаралық форматта жазылған деп айтуға болады,-дейді автор.