дейді 13-қабаттан секірген полиция майоры

Алматы қаласы Полиция департаменті Түрксіб аудандық полиция басқармасының жедел уәкілі, полиция майоры Бақытжан Бәкіровтың қылмыскердің артынан 13-ші қабаттан секіріп кетіп, аман қалуы бүгінгі күннің ең қауіпті оқиғасы.

11 шілде күні белгісіз адамның Алматының Түрксіб ауданына қарасты аумақта үй тонап, үй иесінің 17 000 АҚШ долларын қолды еткені аздай, сол үйдің 15 жастағы қыз баласын зорлап кеткені туралы хабардың ізіне түскен Алматы қаласының жедел уәкілдері күдіктінің Әл-Фараби даңғылындағы көпқабатты үйден пәтер жалдап, тығылып жатқанын анықтайды.

13-ші қабаттағы пәтерге сантехник кейпінде кірулеріне алдымен пәтердің иесі көмектескен. Ол өзіндегі артық кілтпен есікті ашып, күдіктіге «трубадан су ағып жатқанын, сол үшін сантехник келгенін» айтып, ішке енген.

Күдікті Бақытжан Бәкіров пен Мейір Несіпбайды көріп, өзінің қолға түсу қаупін сезінген сәтте келесі бір бөлменің терезесінен секіріп кеткен. Санасында тек қылмыскерді қайткенде де ұстау керек деген ой атой салған Бақытжан да оның артынан секірген. Бірақ «қырық жыл қырғын болса да ажалды ғана өледі» дегендей, қашқан ер адам да, жедел уәкіл Бақытжан да астыңғы 11-ші қабаттың террасасына түскен.

«Бәрі қас-қағым сәтте болды. Енді қолға түсейін деп тұрған қылмыскер терезеден секіріп кеткенде, менде тек «құтқармау керек» деген ой болды. Сол оймен оның артынан қалай секіріп кеткенімді білмеймін. Тағы екі қабат төмен пәтердің террасасына екеуміз қабаттаса құладық. Ол келесі террассаға секірмек болғанда, мен жерге ұрып құлаттым да, артымнан көмек жеткенше ұстап отырдым».

 

Бақытжанның әңгімесі кейіпкерлері бірін-бірі қуып, шатырдан-шатырға секіретін боевик киноны елестетеді көз алдыңызға. Әсіресе, 13-ші қабаттың терезесінен секіруге батылдық таныту ажалдың аузына секірумен бірдей екенін ойлағанда ет пен терінің арасынан құмырсқа жүріп өткендей тітіркенесіз.

13-ші қабаттан жерге емес, төменгі қабаттың террасасына түсуге болатынын қылмыскер білгенмен, Бақытжан білмеген. Терраса болмағанда терезенің ар жағында тек жан ғана өмір сүретін мүлде басқа әлем, басқа дүние еді ғой…

 

«Тек қашқынды қолға түсіріп, ұстап отырғанда ғана көз алдыма әлі буындары қатпаған алты балам елестеді. Құдай сақтады… егер мен мерт болсам, олардың болашағы не болар еді? Екі ай бұрын ғана дүние есігін ашқан егіз балам не болар еді?» деген ойлар басымды жаулап алды.

 

Ал секірер кезде бар мақсатым – қылмыскерден айырылып қалмау болды. Өйткені, оның бүлдіршін қызға жасаған зорлығын естігенде, жауызды жазасыз қалдырмауға серт бергем».

Көзсіз ерлікке барған Бақытжан өкше сүйектерінің сынғанын да ет қызуымен елемеген. Қазір оның аяғына үш рет ауыр ота жасалды.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ  Бас мүфтидің Орталық Азия елдеріне Үндеуі

Жедел уәкілдердің өмірі қауіп пен қатердің өтінде. Алып қала Алматыдағы небір қылмыстық оқиғалардың ортасында жүретін жедел уәкілдер сәт сайын ажалмен бетпе-бет келеді. Қарулы қылмыскерді ұстау, қашқынның соңынан қуу, күдіктінің жасырынған жерін дөп басу – олардың күнделікті ісі.

Бұл оқиға Бақытжанның бүгінге дейінгі өміріндегі ең қауіпті жағдай шығар. Осының бәрін ой елегінен өткізіп тұрып, оның осы бір қауіпті қызметке қалай келгенін қайта-қайта сұрағыштап әрең білдік. Сөзге келгенде су жорғадай тайпала алмайтыны Бақытжанның бар болмысынан білініп тұр. Сонда да болса біраз сырды суыртпақтадық.

Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай қаласында туып-өскен Бақытжан бір үйдің тұңғышы екен. Әкесі Әнуар ұзақ жылдар Шымкенттегі мақта зауытында істеген.

«Біздің тәрбиемізбен негізінен анамыз айналысты. Оңтүстікте білесіз ғой, ес білген бала қарап жүрмейді. Мақта терімі, бау-бақша күтіміне бала кезден араласамыз. Сондықтан да шығар, еңбектің қадірін біліп өстік.

 

Абай атындағы Ұлттық университеттің заң факультетін бітірген соң, мамандығым бойынша жұмысқа орналаса алмай біраз жүрдім. Бірақ, қарап жүргенім жоқ. Қолымнан қандай жұмыс келеді, бәрін істедім. Құрылыста да істедім.

 

2006 жылы Алматы қаласы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі қызметіне ішкі істер органдарына қабылдау тәртібінің барлық талаптарын орындап, конкурстан өтіп барып орналастым. Содан бері осы қызметтің жалын ұстап жүрмін.

Қызмет барысында небір күрделі операцияларды орындауға тура келеді. Осы жолғы әрекетімді мен ерлік деп бағаламаймын, қылмыскерді ұстау – менің міндетім», – дейді Бақытжан Әнуарбекұлы.

Осы міндетін орындауда батылдық танытып, ауыр қылмыс жасап қашып жүрген күдіктіні ұстағаны үшін полиция майоры Бақытжан Бәкіров пен полиция аға лейтенанты Мейір Несіпбай Ішкі істер министрі Е. Тұрғымбаевтың бұйрығымен «Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталған болатын.

Жуырда қызметтік міндетін атқару кезінде батылдық танытқаны үшін полиция майоры Бақытжан Әнуарбекұлы Бәкіров Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен екінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА,

Алматы қаласы

Сурет автордікі

Пікір жазу